• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2016

«Билерге тағзым» велошеруі мәреге жетті

329 рет
көрсетілді

Тәуелсіздіктің тәтті жемісін ешқандай құндылықтар алмастыра алмайды. Өз мемлекеттік рәміздері, өз жері жоқ, халқы босқын болып қаңбақтай көшіп жүрген, ертеңгі күніне алаңдаулы халықтардың ең үлкен арманы өз қотырын өзі қаситын жеке мемлекет болу ғой. Еліміздің тәуелсіздігін ұғыну үшін әлгіндей халықтардың тағ­ды­рына бір үңіліп қойса болады. Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының төрағасы Нұрсерік Шәрі­повтің ұйытқы болуымен өт­кен жылы Ордабасы тауындағы «Бір­лік» монументіне судьялар велосипедпен жүріп өткен еді. Сол дәстүр биыл да қайталанды. Облыс әкімі, облыстық мәслихат және облыстық соттың ұйымдас­тырумен өткен «Билерге тағзым» велошеруі Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына арналды. Шымкент қаласындағы Бәйдібек би ескерткішінің алдында өткен іс-шараға облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Шәріпов бастаған 30 судья, облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков бастаған 25 басқарма басшылары мен облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттардың 20 депутаты және спорттық ұйымдардың 30 өкілі, барлығы 105 велосипедші қатысты. Таңғы сағат жетіде ершікке қонған азаматтар Ордабасы тауына дейінгі 43 шақырымды түске таман басып өтіп, мәреге жет­ті. Оларды тау бөктерінде аудан халқы салтанатпен күтіп алды. Елдің ынтымағы мен бір­лігіне арналған мерекелік шеруде облыс әкімінің орынбасарын Ү.Сәдібеков, облыстық сот­тың төрағасы Ө.Шәріпов және Ор­дабасы ауданының әкімі А.Ма­мытбеков, облыстық мәсли­хаттың депутаты Ә.Исабаев сөз алып, велошерушілердің еңбегінің мәнін таратып, барша ағайынды құттықтады. Тәуелсіздіктің қадірін білу, көздің қарашығындай ардақтау, керек болса, қасық қаны қал­ғанша қорғау үшін әшейін айтыла салған тәтті сөз емес, нақты іс-әрекет керек. Ершікке саяхат үшін емес, тәуелсіздіктің баян­ды­лығын ұқтыру үшін қонған азамат­тарымыздың еңбегін осылай ба­ғалауға болады. Барша қазақ Ордабасыда бас қосып, ата жау жоңғардың белін сындырған қасиетті тауда бабалар рухына құран бағышталып, әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы