• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2016

Шаттық сыйлаған шара

303 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Ақмола облысы және Астана қаласы балалар үйінің тәрбиеленушілеріне және мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мерекелік концерт өткізді. «Назарбаев орталығы» ғима­ратының аумағында «Шеберлер қа­ласы» орналасып, онда бүлдіршіндер халық шығармашылығымен кеңінен танысты және бір уақыт өздерін қыш-құмыра шебері, майда моншақ­пен кесте тігуші, сондай-ақ басқа да көптеген қолөнер маманы болып сезінуге мүмкіндік алды. Мерекелік шараның мейманы болып келген жас қонақтарға астаналық би ұжымдары, әншілер қауымы өз өнерлерін көр­сетіп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, әртүрлі сұрақтар қойылып, қызықты ойындар ойнатылды. «Жылдар жылжып, айлар ауыс­қан сайын адамдардың саны да, санасы да бірге өсіп-жетіледі. Ке­ше ғана тұсауын кескен сәбидің ержетіп, үлкен азамат болып жүр­генін көреміз. Бұл уақыттың бір орында тұрмайтындығын біл­дірсе керек. Дегенмен, адам баласы қанша жасқа келсе де, оның балалық шағы бәрінен ыстық болып тұрады. Қайта оралғысы келеді, бұрынғыдай еш нәрсеге алаңдамай, асыр салып ойнағысы келеді. Бірақ, уақыттың арнасы кері бұрылған емес, бұрылмайды да. Біздің бүгінгі шараны өткізудегі басты мақсатымыз – балалардың балалық шағы осындай қызықты күндермен, сәулелі сәттермен санасында қалғанын қалаймыз. Олардың жанарына жабысқан мұңның орнын қуанышпен толтырсақ дейміз. Сондықтан да бүгінгі шараға жан-жақ­ты дайындалдық»,– дейді Қор­дың атқарушы директоры Сағындық Таупықұлы. Иә, кез келген сәби бақытты болу үшін жаралған дейміз. Ал олардың бақытты болашағын қоғамның өзі тұрғызарын естен шығармауымыз керек. Ел ішіндегі осындай игі шаралар арқылы балаларға бақыт сыйлай алсақ, олар да өздерін қоғамның бір мүшесі екенін сезінеді. Тірегі мен қамқоршысы барын ұғынады. Сондай-ақ, кеш аясында бүл­дір­­шіндерге арналған «Тәттілер фестивалі» өткізілді. Онда балалар мультипликациялық кейіпкерлер кейпіндегі түрлі тәттілердің дәмін татты. Шара соңында ұйым­дас­ты­рушылар қонақ болып келген балаларға Қордың атынан арнайы сый­лықтар табыс етіп, олардың болашақ өмірлерінде қуаныш­ты күндердің көп болуын тіледі. Рауан Қайдар, «Егемен Қазақстан»