• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2011

Көзбен көрмесең, күнәға батасың

411 рет
көрсетілді

Газетте 2010 жылғы 7 желтоқсан күні «Та­лайды тақырға отырғызған «тақуа»» атты ма­қала жарияланды. Авторы – Нәзира Жә­рім­бетова. ...Енді әңгіменің әлқиссасына келейік. Пара алып күн көруге тәрбием жібермеген соң, ал істеп жүрген жерлерім көгертіп жалақы бермеген соң, ең адал жол осы болар деп бизнеске келгенім рас. Кәрімжан Хасенов мен Алматыда жүр­генде шілде айында келіпті, сол жақта бас-көз болып жүрген механигіміз Ж.Ахметовке өз бетімен жолығып жұмысқа тұрғысы келген, мен ол кісіге телефонмен өз рұқ­сатымды бердім, өйткені дәл сол уақытта біз «субмердігері» болып табылатын «Көп­салалы фирма Самал» ЖШС түнгі ауы­сым­ға мәшине шы­ға­руды талап еткен болатын. Бірақ К.Хасенов бір аптадан соң еліме барамын деп сұранып кетеді. Мен тамыз айының басында барғанда ол кісімен та­ныса алмадым, тек 17 тамыздан бастап қана жұмысқа шыққан, К.Хасеновпен танысу­дың мен үшін тамыздың соңғы жа­ғында ғана сәті түсті. Барлық жүргізушілер жұмысқа тұрған сәтте мына екі жағдай ескертіледі: бі­рін­ші­ден, спирттік ішімдік ішіп рөлге отыр­ған жағдайда, екіншіден, жанармай сатқан жағ­дайда жүргізуші бірден жұмыстан бір­жақты босатылады. Және әр жұмыскердің жатын орны мен тамағы үшін «Самал» ЖШС әр күн үшін 600 теңге біздің есебімізден ұс­тайды, бірақ біз оны жұмыскерден ұстамай­мыз. Тамыз айының соңында «Самал» ЖШС-нен барлық жұмысқа қатысты құжат­тарды алған соң К.Хасенов жүргізген КамАЗ-дан 763 литр жанармай артық алынғаны мәлім болды. Ол айда сол мәши­не үшін 2465 литр жанармай алынған. КамАЗ әрбір жүз шаршыметрге 39 литр жанармай тұтынады, біз өз кезегімізде 50 литрден есептейміз, өйткені мәши­не­ні қыз­ды­руға, әрі-бері жү­руіне қалсын дейміз. Оған қоса мәшиненің бару-келу қашық­тығынан басқа ешкімнің ақысы кетіп қал­масын деп 100 км. қосып береміз. Соның өзін­де 763 литр жанармай артық алынған бола­тын. К.Хасеновтің қолы қойылған ведомостер менде сақтаулы. «Кәрімжанның айтуынша, Алмас Жұма­ғали оған да, басқа жігіттерге де қақпайлап, құжат толтыртпаған, оның біреуіне де өзі қол қоймаған. «Біздің бас кеңсеміз Алматы­да, оған жіберіп, әкеліп жатамыз ба, көп уақыт кетеді, маған сеніңдер, өзім еңбек­ақы­ла­рың­ды төлеп тұрамын» деген», – деп жазыпты. К.Хасенов сынақ мерзімінен бір емес, екі рет өте алмай қалғандығын өзінен көрсін. Үшін­ші қыркүйек күні К.Хасенов жанармай сатқан жерінен бұлтартпастай ұсталды, оны өзі мойындады. Көп ұзамай қыркүйектің 5-і күні рөлде мас күйінде ұсталады да жол поли­циясы қызметкерлері айыппұл салады. Біздің заманымызда айып­пұлдың «ресми», «бейресми» түрлері бола­тындықтан, құжаттарын көрдім деп айта алмаймын. К.Хасеновтің өз сөзіне қараған­да 80 000 теңге айыппұл сал­ған. Ал осы 80 000 теңге бала-шағаның несібесі емес пе еді және осы ақшаны кеше ғана үйі­не барып келген ол қайдан алды? Әуел бастан қалыптасқан тәртібімізге орай ың-шыңсыз Кәрімжанды жұмыстан шығарып тастадық. Оның үш себебі бар: бізден К.Хасеновтің қолы қойылған 763 литр жанармай ұрлан­ған; өзгелердің өміріне қауіп төн­діріп, мас күйінде рөлге отырған; осы кезде К.Хасе­новтің «СевҚазАвтодор» ЖШС-нен жа­нар­май са­тып, жұмыстан босағандығы анық­талды. Жұмыстан шыққан соң мен телефонмен ол кісіге басқа жұмыс іздеуін, жанармай­дың ақшасы ұсталатындығын, керек десе сол жердегі жігіттер жол қаражатын беретіндігін айттым. Бірақ К.Хасенов келіспеді, менің келуімді күтемін деді. 15 қыр­күйекте «Самал» ЖШС Қызылорда облы­сындағы жұмысын тоқтатты. Осы уақыт ішінде 5-інен бастап біздің есебімізден К.Хасенов тұра берді. 16 кыркүйекте «Самал» ЖШС Жамбыл облы­сына көшетін болды. Оның мердігері болып табыл­ған­дықтан біз де оны­мен бірге көштік. Ол кез­­де мен басқа қалада болатынмын, К.­Ха­сенов қазақша айтқанда «жұртта» қалатын болғандықтан, тек аяушылық сезімінің жетегінде ғана оның бізбен бірге Жамбыл облы­сына келуіне телефон арқылы келісім бердім. «Кәрімжан Хасеновке... Алмас Жұмаға­ли жол құрылысында істеген бес айда 420 мың теңге қарыз болған», дейді мақалада. Кәке, сіздің айтып тұрғаныңыз, қайдағы бес ай және 420 мың теңгені қандай бал ашып таптыңыз? Есі­ңізде болса, «Маған тех­куә­лік жасату мәселе емес, жоғалған тех­куәлікті қалпына келтуіруге көп болса бес мың теңге кетеді, Керек болса, соны өзі­ңізге қалдырыңыз. Тек мен сіздің ақыңызды жеген адам құсап қалып тұрмын. Одан да адам сияқты келіңіз, сөй­лесейік», – демеп пе едім. Ал сіз: «Үйде көмір жоқ, көмірді түсірем де барамын, ақша жіберсең», – дедіңіз. Мен дәл сол уақытта қо­лымда бар елу мыңды жібердім. Қадірлі Мұхаң айтыпты ғой: «Бір Тобық­тының жайын бүкіл әлемге паш еттім, бірақ дәл сондай жағдай қазақ жерінің әр түк­пі­рінде болып жатты ғой», – деп. Сол сияқты бір Хасенов екеуміздің жағда­йымызды жария­лаған екен, дәл осындай жағдай барлық «Батыс Қытай – Батыс Еуропада» болып жа­тыр ғой. Алла ақырын қайырлы етсін. Алмас ЖҰМАҒАЛИ, заң ғылымдарының кандидаты, жеке кәсіпкер. _____________ Редакциядан. Мақала біршама қысқартылып жарияланып отыр. Өйткені, мәселеге тікелей қатысы жоқ деген тұстарын алып тастауға тура келді.