• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2011

Апта айшықтары

337 рет
көрсетілді

ШАРА АЗИЯ ОЙЫНДАРЫНА АРНАЛДЫ Өткен сенбіде Пестрое көлі жағалауына төрт мыңнан астам адам жиналып, спорттың шайбалы хоккей, коньки, шаңғы, арқан тарту, тағы басқа түрлері бойынша өзара бәсекеге түсті. 7-ші Қысқы Азия ойын­дарының ашылу құрметіне арналған шарада облыс әкімінің орын­басары Фархад Қуанғанов, Петропавл қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов сөйлеп, еліміздің тарихында зор оқиға саналатын және әлем көз тігіп отырған Азиада бәсекесінің мән-маңызын атап көрсетті. Атқарушы органдар мен түрлі ведомостволардан, жоғары, ар­наулы, жалпы білім беретін оқу орындарынан қатысқан 40-тан астам команданың өкілдері спорттың бұқаралығын көтеруге белсене атса­лы­сып, нағыз спортшыларға тән іс-әрекеттерімен көзге түсті. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы. * * * МҮДДЕЛЕС ӘРІПТЕСТЕРМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ Өндіріс, ғылым салаларынан және іскер топтар өкілдерінен құ­ралған облыс делегациясы Сингапур, Малайзия мемлекеттерінде болып қайтты. Оны аймақ басшысы Серік Ахметов бастап барды. Қар­а­ған­дылықтар мүдделес әріптестермен кездесулер өткізіп, өнеркәсіптік технологиялар трансферті мен инвестициялар тарту мақсатында алдыңғы қатарлы кәсіпорындар жұмысымен танысты. Сапар барысында облыс әкімі мен «Дарт Энерджи» компаниясының басшылығы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Сингапурда орналасқан бұл компания өнеркәсіптік газ өндіру саласында әлемдік көшбасшы саналады. Ал Малайзияда тұрғындарды сумен қамтамасыз етумен шұ­ғылданатын «Ranһill» компаниясының тә­жіри­бесіне назар аударылды. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. * * * Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру үшін Облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» облыстық конкурсын жариялап, қоғамдық өмірде ана тіліміздің маңызы мен сапасын жақсартуды алға қойды. Байқау «Үздік басылым», «Үздік телеарна», «Үздік сайт» номинациялары бойынша өтіп, қорытындысы мамыр айының аяғында шығарылмақшы. Жыл сайын байқау өз жеңімпаздарын анықтап, онда журналистердің тілдің қазіргі ахуалына байланысты өткір сын, сараптамалық талдауға құрылған мақалалары көптеп жарық көріп келеді. Биыл да бұл үрдіс жалғасатыны конкурс шарттарында анық көрсетілсе, әріптестер оған кірісіп те кетті. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы. * ** ЖАҢА ӘКІМ АҚСАҚАЛДАРМЕН КЕЗДЕСТІ Қаланың жаңа әкімі Айбек Кәрімов биылғы қыстың қысып тұрған қарбалас шағына қарамастан елмен кездесіп, пікірлесуге уақыт таба білуде. Жуырда ол ардагер ақсақалдармен кездесіп, кеңінен пікірлесті. Жылы жүзді жүздесуде жылу мәселесі де, қала болашағы да, жастар тәрбиесі де жан-жақты қозғалды. Қарттар қатты аязда қатып қалған үйлерді тездетіп қатарға қосқан жаңа әкімге өз алғыстарын білдіре отырып, ақ баталарын берді. Енді елдің сол сенімінен шығу жаңа әкім үшін сертпен тең деп білеміз. Өйткені, бұл жақта көктемге дейін әлі ерте. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей. * * * ӨЗЕНДЕРДІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе облыстық филиалы «Батысэкожоба» ҒЗИ» ЖШС-мен бірлесе отырып, «Ақтөбе облысындағы өзендердің экология­лық жағдайы және экологиялық қалыптылығын сақтаудың перспек­ти­ва­ла­ры» деген тақырыпта аймақтық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Қазір облыстағы оннан астам өзеннің бассейні мұнай, қара және түсті металл өндіретін кәсіпорындардан шыққан қалдықтармен лас­тан­ған. Конференцияда баяндама жасағандар мен басқа шығып сөй­леу­шілердің сөздерінде Жем, Елек, Ойыл және Сағыз өзендерінің проб­лемалары тереңірек таратылып, олардың экологиялық жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстар қабылданды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. * * * НАСИХАТТАУ ЖОЛЫНДАҒЫ БЕЛСЕНДІЛІК Бурабай ауданындағы Қарабұлақ негізгі мектебінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауын насихаттау шаралары белсенділікпен жүріп жатыр. Соның бірі ретінде «Ана тілі – жүрек үні» апталығын айтуға болады. Тәлімдік шараның алғашқы күні «Болашақты бірге жасаймыз» атты интеллектуалды үнқатысу алаңымен басталып, Жолдау алға тартқан міндеттер мен оның рухани қуаты ашып көрсетілді. «Сөзмерген» сайысында Айдана Тиыштыбаева өнеге көрсетсе, 5 сынып оқушысы Зарина Рахымованың шығармасы үздік деп танылды. Сондай-ақ, «Білім – теңіз», «Бір әуен аясында». «Қайым айтыс» бәсекесі де болашақтың туын көтеріп тұрғандай әсер қалдырды. Бақберген АМАЛБЕК. Ақмола облысы. * * * ЖЕРГІЛІКТІ СУРЕТШІНІҢ ЖЕКЕ КӨРМЕСІ «Өмір, ойлар, сезім» деп аталатын көрме белгілі қостанайлық суретші Георгий Соковтың 70 жасқа толуына арналды. Оның шығармалары қала орталығындағы көркемсурет галереясының тұтас екі қабатындағы залды алып тұрды. Суретші бұл жеке көрмесіне осы уақытқа дейін жазған ең таңдаулы 93 картинасын қойыпты. Георгий Михайловичтің еңбектері көрерменін ойға жетелейтін терең философиялық мазмұнымен ерекшеленеді. Оның «Ескі Қос­та­най», «Сақ әуендері», «Көкпар» атты шығармалары соның куәсі. Талант иесі тек бір жанрда ғана жұмыс істемейді. Оның графикалық туындылары да кеңінен таныс. Сонымен қатар, суретші кітап безендіруге де белсене қатысқан. Оның еңбектері «Қазақ­стан­ның монументалдық өнері» атты альбомға да кірген. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.