Әкім есеп берді. Ел не деді?
Әр түрлі деңгейдегі әкімдердің есебі қызған шақ. Бұл жұртшылық пен әкімдердің арасын жақындататын үлгілі үрдіс. Дегенмен, жыл бойы жасаған жұмысың туралы есеп берудің өзіндік міндеті де, жауапкершілігі де жоғары. «Сырт көз – сыншы» дегендей, қай әкімнің қандай шаруа тындырғаны да осындайда көрінеді. Сонымен...
«Арай» мәдениет үйінде өткен Ырғыз ауданының әкімі Мирхан Дуанбековтің есебіне халық көп жиналды және лезде өз арнасын тауып жүре берді. Аудан басшысының мәлімдеуінше, жыл еншісінде ауыз толтырып айтарлықтай жүзеге асқан іс-шаралар аз емес. Өткен жылы ауданда «Жол картасы» бағдарламасына сәйкес, Ырғыз ауылындағы магистралды су құбыры жүйесі қайта жарақтандырылып, аудандық орталық кітапхана ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ 80 әлеуметтік жұмыс орны, 30 жастар тәжірибесі ұйымдастырылып, 99,7 млн. теңге қаржы игерілген. Алдындағы жылмен салыстырғанда ауыл шаруашылығында өндірілген жалпы өнім көлемі 9,4 пайызға өскен. Ырғыз ауылдық округінде «Агро Одақ-Ырғыз» ауылдық тұтыну кооперативі қаржылай несие алу арқылы бұрынғы ет комбинатын шағындап, іске қосыпты. Ырғыз – Тельман – Коминтерн су құбыры пайдалануға берілді. Жолаушы тасымалында Ақтөбе – Ырғыз бағытында жолаушылар үшін жайлы «Икарус» автобустары қатынай бастапты. Мемлекеттік «Балапан» бағдарламасы аясында ауданда 3 балабақша, 8 шағын орталық ашылды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің республика бойынша ішкі аймақтық талдау және қалалар мен аудандар рейтингі нәтижесінде 2010 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы көрсеткіш бойынша еліміздегі 160 аудан арасында Ырғыз ауданының бірінші орын иеленуі осы атқарылған істерге нақты дәлел болғандай. Аудан басшысы кейбір түйткілді мәселелерді де айналып өтпеді. Қайсыбір жағдайларда жастар арасында масылдық психологиясы бой көрсетіп қалатынын да жасырмады. Ол ертеректе қолға алынған Ырғыз өзені жағасында бау-бақша егу дәстүрі үзіліп қалғанына, ауданда жоғары білімді мал дәрігері, автокөлік жөндейтін сервистік қызмет мамандары жетіспейтіндігіне қынжылыс білдірді.
Жиналыста сөз алған «Алтын – Әсел» ЖШС директоры Х.Өтеуұлы, Б.Алманов атындағы орта мектептің мұғалімі Б.Өтеубаева және басқалары аудан әкімі Мейірхан Дуанбековтің жыл ішінде атқарған қызметіне оң баға бере келіп, Ырғыздың басты көшелеріне қатты жамылғы төселсе, шұбат өндіру жолға қойылса деген ұсыныстарын жеткізді.
***
Өндірісі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған Мұғалжар ауданының әкімі Серік Шаңғұтовтың халық алдындағы кезекті есебі Жұрын ауылында өтті. Бұған дейін бірнеше ауылдық округте болып, жұртпен жүздескен аудан басшысы елмен емен-жарқын әңгімелесті. Ауданды біраз жыл басқарып, ысылып қалған Серік Тілеулесұлы өңірдің өмірін бір кісідей білетіндігін сөз ләмінен-ақ сездірді. Халықты да қажытпай, уақытты да көп созбай, жүзеге асқан жұмыстармен жүйелей таныстырып өтті.
Мұнда экономикалық даму қарқыны өзге аудандарға қарағанда көш ілгері. Ауданда маңызды әлеуметтік мәселелердің шешілуінде де ілгерілеушілік бар. Өткен жылы тікелей эфир арқылы халықпен жүздескен облыс әкіміне Мұғалжар өңірінен қойылған бір сауал Жұрын ауылына газ тарту мәселесі болатын. Ауыл тұрғындары Жұрынды газдандыру осы жылы қолға алынатынын аудан әкімі С.Шаңғұтовтың өз аузынан естіп, қуанып қалды.
– 2011 жылдың жұмыс жоспарына Жем қаласын, Бірлік, Мұғалжар, Ақкемер, Жұрын ауылдарын газдандыру енгізілді – деді аудан басшысы елмен болған есепті кездесуінде. – Елдің индустриалды инновациялық даму картасына осы жылы Мұғалжар ауданынан алты серпінді жоба енді. Оның бірі фосфорит ұнын шығару зауыты. Кәсіпорын жылына 1,7 млн. тонна фосфор минералды тыңайтқышын өндіреді.
Ол сондай-ақ, әлеуметтік-мәдени саладағы оң өзгерістерге де тоқталды. Ауданда бірнеше жаңа мектептер мен балабақшалар ашылған, бірқатары күрделі жөндеуден өткен. Денсаулық сақтау саласында да атқарылған игі істер жетерлік.
Дегенмен, жиналыста сөйлеушілер аудан әкімінің бір жылғы атқарған шаруаларына қолдау көрсете отырып, алда жүзеге асса деген ұсыныс-пікірлерін де бүгіп қалмады. Зейнеткер Ш.Абалов ауыл жанындағы мал су ішетін бөгетті жөндеу қажеттігін алға тартты. Мәселе оң шешімін табатын болды. Жұрын ауылында өткен Серік Шаңғұтовтың есебіне қатысушылар бірқатар әлеуметтік мәселелерді де қозғады. Олардың ішінде мал ұрлығына тосқауыл қою, ауыз су мәселесін шешу, жол қатынасы және басқалары сөз болды.
***
Қарғалы ауданының әкімі Айбек Сағиевтің соңғы есебі Бадамша ауылының мәдениет үйінде өтті. Халық алдында бірінші рет есеп беріп тұрғанына қарамастан, ол өз ісіне төселіп қалғанын аңғартты. Әуелі елімізде болып жатқан тарихи оқиғалармен таныстырып өткен Айбек Игілікұлы бір жылдық қызметінің түйінді-түйінді тұстарын тарқата баяндады.
– 2010 жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі аудан бойынша оның алдындағы жылдың деңгейімен салыстырғанда 108,9 пайызды құрады. Ауданда ауыл шаруашылығының қайта өңдеу секторын дамыту жүріп жатыр. Өткен жылы 1866 тонна ұн, 355,3 тонна нан, 146,8 тонна шұжық өнімдері, 140,4 тонна қаймақ өндірілді. 2011 жылдың 1 қаңтарына ауыл шаруашылығы саласында 18 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, 1 акционерлік қоғам және 179 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Малдың тұқымдық сапасын жақсарту қолға алынды. Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жаңартуға 200,3 млн. теңге инвестиция салынды, – деді әкім.
Оның мәлімдеуінше, ауылдарды ауыз сумен қамтамасыз ету де бір ізге түсе бастаған. Ауданда 46 тұрғын үй салынып, пайдалануға беріліпті. Осы кезеңде барлық бизнес субъектілерінің өндірген өнімінің көлемі 2009 жылмен салыстырғанда 101,4 пайызға өсіп, 6317,3 млн. теңгені құраған. Ауданның шағын және орта бизнес субъектілерінен 523,1 млн. теңге салық түскен. Бұл межеленген мөлшерден анағұрлым көп.Бизнес кәсіпорындарында 68 жаңа жұмыс орны құрылды. Баяндама аяқталған соң сөз сөйлеушілер мен сұрақ қоюшыларға кезек тиді.
Тұрғындар аудан әкімінің бір жылғы жұмысын оң бағалады.
Халық пен биліктің бетпе-бет кездесулерінде айтылған салиқалы сөздер, салмақты пікірлерден түйгеніміз, атқарылған ауқымды істерге алғыс айтушылық басым. Мұны айтып отырғанымыз, ана бір жылдары өткір мәселелерді шешудің жолын таппай жер шұқып қалған әкімдерді де көргенбіз. Қазіргі жағдай жер мен көктей. Әлеуметтік мәселелердің шешіліп, бірқатар игіліктерді көріп жатқан ауылдықтар ертеңгі күнге нық сенімді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.