Халықтың әлеуметтік халі, тұрғындарды еңбекпен қамтамасыз ету, әлеуметтік жәрдемақылар мен зейнетақы беру жұмыстары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзырына қарайды. Міне, өткен жылы осы салада халықтың әлеуметтік жағдайын көтеру мақсатында Үкімет және министрлік тарапынан үлкен жұмыстар атқарылыпты. Халықтың мақсатты топтарына көмек көрсетіп, оларға қамқорлық жасайтын органның алқа мәжілісінде атқарылған жұмыстардың нәтижесінен хабардар болдық. Дәстүрлі алқа отырысына Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысты.
Алқа мәжілісінде министрліктің өткен жылғы жұмысы қандай бағыттарда жүзеге асырылғандығы, сондай-ақ алға қойылып отырған тапсырмалар туралы хабарланды. Министрліктің өткен жылғы жұмысы әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға, халықты жұмыспен қамтамасыз етуге, жұмыссыздық деңгейінің алдын алуға, «Электронды үкімет» базасында мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Гүлшара Әбдіқалықова халықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында әзірленіп жатқан жаңа бағдарламаның бағыттары туралы әңгімеледі.
Министр жаңа бағдарлама жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, халықтың өнімді жұмыспен қамтылуына қолжетімділіктің кеңеюіне, еңбек рыногын күшейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және индустрияландыру бағдарламасына қажет мамандықтармен қамтамасыз етуге бағытталғандығын атап өтті. Сондай-ақ бағдарламада ұлттық еңбек рыногында қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін жоғарылату шаралары нақты көрсетіліп, ал шетелдік жұмыс күшін ел дамуы тұрғысынан оңтайландыруды қарастырады екен. Министр жұмыспен мемлекеттік қамтамасыз ету саясатының дамуы үшін еңбек мотивациясы мен өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ету өнімділігін жоғарылатып, ал икемді еңбек рыногының әлеуметтік қорғалумен үйлесуі тиістігін атап өтті.
Министрліктің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитетінің басшысы Серікқали Бисақаев еліміздегі еңбек қатынастарына тоқталып, комитеттің аумақтық департаменттері берген деректер бойынша тексерілген кәсіпорындарда зиянды және қолайсыз еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер саны өткен жылы 683,1 мың адамды құрағандығын, оның 189 мыңы әйел екендігін алға тартты. Бүгінгі күні 916 кәсіпорын еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігінің халықаралық және ұлттық стандарттарын енгізді. 2010 жылы өндірісте 363 адам зардап шеккен. Өндірісте жарақат алатындар саны 4 пайызға артып отыр, деді ол. Комитет еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғаудың жай-күйіне мониторинг жүргізуде, өндірістік жарақаттануды есепке алуды және оларды жою шараларын жақсарту мақсатында шаралар атқаруда.
Министрліктің баспасөз орталығы таратқан ақпараттарға сүйенсек, 2009-2010 жылдары Өңірлік жұмыспен қамту және мамандарды қайта даярлау стратегиясы («Жол картасы») жүзеге асырылған. Оны қаржыландыруға 342,7 млрд.теңге бөлінген, бұл шамамен 9 мың жобаны іске асыруға, 392 мың жұмыс орнын ашуға, сондай-ақ 150 мың адамды даярлауға және қайта даярлауға, әлеуметтік жұмыс орындарына 109 мың адамды орналастыруға мүмкіндік беріпті.
Алқа отырысында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар туралы мәселе қаралды. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында Үкіметке еңбек рыногының жағдайы мен еңбек ресурстарының сапасына қойылатын талаптарды ескере отырып, халықты жұмыспен қамту бойынша түбегейлі жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырған болатын. Тапсырманы іске асыру үшін министрлікте мемлекеттік жұмыспен қамту саясатын дамыту бойынша ұсыныстар әзірленуде. Оның ішінде өнімді жұмыспен қамтуға қолжетімділікті кеңейту және жұмыссыздық деңгейін төмендету, еңбек рыногының икемділігін күшейту, за-манауи жұмыс орындарын ашу, ұлттық еңбек рыногында қазақстандықтардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, шетелдік жұмыс күшін тартуды оңтайландыру және оны даму үшін пайдалану, икемді еңбек рыногын әлеуметтік қорғаумен үйлестіру ұсыныстары бар. Өткен жылдың соңына қарай өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың саны 2,7 млн. болды, оның ішінде 1,3 миллионы өзінің жеке шаруашылығында жұмыспен айналысады, деді Г.Әбдіқалықова. Мұндай отбасылардың табысы тұрақсыз әрі көп емес, олар әдетте әлеуметтік қорғаумен және әлеуметтік қызметтермен қамтылмаған, осының барлығы олардың кедейліктің уысынан өздігінен шығуларына мүмкіндік бермей отыр.
Әлеуметтік саладағы есепті кезеңде Елбасының әлеуметтік қамсыздандыру деңгейін арттыру жөніндегі тапсырмалары іске асырылды. 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап базалық зейнетақы төлемдері арттырылып, ынтымақты зейнетақының мөлшері 25 %-ға көбейді, сондай-ақ зейнетақы төлемдерін есептеу үшін ескерілетін табысқа қойылатын шектеу 28 еселенген АЕК-тен 32 еселенген АЕК-ке арттырылды. Нәтижесінде өткен жылғы ең төмен зейнетақының мөлшері 18 325 теңге, орташа мөлшері 27 481 теңге, ал ең жоғарғы мөлшері 39 893 теңгені көрсетті.
Ана мен баланы жүйелі әлеуметтік қолдау қазірдің өзінде жемісін бере бастауда. Балалар жәрдемақысына тапсырылған өтініштердің артуына қарап, елімізде бала туу санының өскендігін байқауға болады, дейді министр. Өткен жылы мемлекеттік әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсайтын шығыстар 836,3 млрд. теңге болып, әлеуметтік бюджеттің игерілуі 99,9%-ды құраған.
Министрдің баяндамасын мұқият тыңдаған Үкімет басшысы алдымен өзінің жеке блогына келіп түскен зейнетақымен қамтамасыз ету, еңбекпен қамту, жалақы және жәрдемақы төлемеу мәселелеріне қатысты хаттарды ұсынып, оны мұқият тексеріп, бақылауға алуды тапсырды. Кәрім Мәсімов экономикалық әлеуеті төмен аймақтарда орналасқан тұрғындарды экономикалық белсенділігі қарқынды аймақтарға көшіру туралы ойын жеткізді. Елбасы соңғы Жолдауында Үкіметке облыс әкімдерімен біріге отырып, аудандарды дамыту бағдарламасын әзірлеуді тапсырғандығын айта келе, жұмыспен қамтамасыз ету бағдарламасы шеңберіндегі басты мақсат экономикалық белсенді орталықтарға көшуге ниет білдірген азаматтарға жағдай жасау, деді ол. Жаңа бағдарлама алдағы 5 жыл ішінде 1,5 млн. қазақстандықты жұмыспен қамтуы тиіс. Сондай-ақ оның барлық бағыттары өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер мәселесін түегейлі шешуі керек деген Кәрім Мәсімов Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықоваға онда халықтың біліктілігін арттыру және қайта оқыту мәселесі ескерілуін тапсырды. Үкімет басшысының ойынша, бұл тұрғындардың жаңа индустриялық-инновациялық бағдарламаға қатысуына мүмкіндік бермек. Бұл орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жаңа бағдарламаның 3 бағытта, атап айтқанда, жұмыссыздар мен өзін өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер мен аз қамтылған отбасыларды белсенді ету, еңбек ресурстарының жұмылғыштығы ауыл тұрғындарын еңбекпен қамтамасыз ету бағыттары бойынша жүзеге асырылатындығын жеткізді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.