• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2011

Судың да сұрауы бар

599 рет
көрсетілді

Жемқорлық – індет, жою – міндет

Бүгінде судың да сұрауы келген тәрізді. Халық ауыз судың тап­шылығын сезе бастады. Ауру­ын жасырған өледі демекші, бір­қатар елді мекендерде ауыз су мүлде жоқ немесе қасқалдақтың қанына айналды. Еліміздің қай түкпірін алсаңыз да атойлап шыға келетін ауыз су мәселесінің жыр болып айтылып келе жатқанына да біраз уақыт өтті. Бірақ өмір нәрінің тапшылығын, зардабын тар­тып отырғандардың халі әлі күн­ге сол күйінде қалған секілді. Бұл туралы кеше «Нұр Отан» ХДП жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отыры­сында баса айтылды. Онда алдымен 2002-2010 жыл­дарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасын жүзеге асыру ба­рысында мемлекеттік органдар­дың жемқорлыққа қарсы күрес жұмысының жағдайы талқыға са­лынды. Қоғамдық кеңестің атына сай мұнда көтерілген мәселе әб­ден шектен шығып, халықтың наразылығына ұшырағандықтан, оны жоюдың ақырғы амалындай қаралатындығы белгілі. Алайда, отырысқа қатысқан Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің өкілдері келтірген ақпаратта бәрі жақсы, қаражат бөлініп, жұмыс қызу жүріп жатқан көрінеді. Мәселен, АШМ Су ресурстары комитеті «Ауыз су» салалық бағдарламасы 2002 жылы бекітілді дейді. Онда 3955 мың адамы бар 3636 ауыл­дық елді мекеннің сумен қамту жүйесін жақсарту қарастырылған. Осы бағдарламаны іске асыру аясында 195,03 млрд.теңге иегеріліп, 13288 шақырым су құбыры мен ауыз сумен қамту желілері салынған. Сөйтіп, 3449 ауылдық елді мекендерді сумен қамту жақсартылған көрінеді. Бірақ кеңес отырысында сөй­легендер және тексерілген істің дәлелдері Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдерінің айтқаны мен жергілікті жерлердегі нақты жағдайдың арасы жер мен көктей екендігін айғақтап берді. Әсіресе, журналистік зерттеу нәтижелері оңтүстік, солтүстік аймақтардың бірқатар елді мекендерінде сумен қамтамасыз ету мәселесі әлі өткір күйінде қалып отырғандығын паш етті. Мәселен, отырысқа төр­аға­лық етуші жоғарыда аталған қо­ғам­дық кеңес төрағасы О.Әбді­кәрімовтің айтуынша, «Ау­ыз су» бағ­дарламасына бөлінген бюджет қаражатының біраз бөлігі талан-таражға салынып, тісте­ген­нің ау­зында, ұстағанның қолында кеткендігін айғақтайтын деректер бар. Бұл тағы да мемлекет қара­жатының тиімді жұмсалмай от­ыр­ғандығын көрсетеді. Өткен жы­лы «Ауыз су» бағдарламасына жауапты Су ресурстары коми­те­тінің бұрынғы төрағасы Рябцев және оның екі орынбасары жем­қорлыққа жол бергені үшін қыл­мыстық жауапкершілікке тартыл­ды. Бірақ, бәрібір бүгінгі таңда статистика көрсетіп отырғандай, агроөнеркәсіп саласында сыбай­лас жемқорлық деңгейі өте жо­ғары. Дәлірек айтқанда, өткен жы­лы ауыл шаруашылығы сала­сын­да жемқорлық көрсеткіші 13,6 пайызға өсті, дейді баяндамашы. Ел экономикасына қауіп төн­діретін жемқорлық әрекеттерден арылу – уақыт талабы. Әсіресе, ау­ыз су мәселесінде мемлекет қар­жысын жымқырғандармен аяусыз күрес жүргізілуі керек. Өйткені, Елбасы үстіміздегі жылғы Жол­дауында елімізді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету – халық денсаулығының кепілі екендігін ерекше атап өтті. Демек, кеңес отырысында айтылғандай, бірқа­тар елді мекендердегі халықты ауыз судан қағып отырған коррупция, парақорлық, бюрократизм қо­ғамды кері кетіретін кесел бо­лып табылады. Отырыста Ауыл шаруашылығы министрлігі және оның Су ресурстары комитеті тарапынан жіберілген кемшіліктер жан-жақты атап көрсетілді. Соған орай «Ауыз су» бағ­дар­ламасы қызметінің нәтижесі мен тиімділігі тұрғындар көңілінен шы­ғып отырған жоқ, дейді О.Әбдікәрімов. Жалпы, ең алдымен, жоба бағ­дарламасына қаржы бөлу кезінде келеңсіздікке жол берілген. Бұл тұста жобалық-сметалық құжат­тар жерасты су көзін анықтайтын Геология комитетінің келісімінсіз жасалған ба деген сұрақ туын­дай­ды. Су жоқ болса да немесе ауыз су сапасы белгіленген нормаға сай келмесе де мұндай нәтиже бермейтін жобалар Су ресурс­тары комитетінің қолынан өтіп, оларды қаржыландыруға рұқсат берілген көрінеді. Нәтижесінде бюджеттің қыруар қаржысы шы­ғын­далды. Сол сияқты құрылыс­ты бастамас бұрын жер асты суын анықтауда мониторинг жүр­гізіл­ме­гендіктен кейбір жерлерде бө­лінген ақша текке ысы­рап болған. Қарама-қайшы­лық­тар да аз емес. Мәселен, Түр­кіс­танға Кентаудан ұзындығы 40 шақырым болатын су құбыры тар­тылды. Бірақ, ол құбырда су жоқ. Түркістанда жер асты су қоры мол. Ал енді сол мол су көзіне бұрғылау жүргі­зей­ін десе, оған рұқсат берілмейді. Отырыста орталық және жергілікті атқарушы органдардың өз­ара іс-әрекетінде бір жүйенің жоқ­тығы бюджеттің тиімсіз жұм­салуына, су қондырғыларының са­пасыздығына әкеліп соқтыр­ға­ны айтылды. Сөйтіп, талқылаудың нәтижесі бойынша Үкіметке тиісті ұсыныстар қабылданды. Александр ТАСБОЛАТОВ.