• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2011

Халықаралық талап биігінде

675 рет
көрсетілді

Елімізде жоғары кәсіптік білім жүйесін реформалаудың оң нәтижесі ретінде қалып­тасып келе жатқан көп сатылы аймақтық уни­верситеттердің білім беру қызметінің негізгі міндеттері – жастарға үздіксіз сапалы білім беру; қоғамның, аймақтың әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуына ықпал ету; халықтың білім, ғылым және мәдениетінің деңгейін көтеру. Жиырма жылға тарта тарихы бар осындай жоғары оқу орындарының бірі Түркістан қала­сындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халық­аралық қазақ-түрік университеті. Ол Қазақ­стан егемендігін алған алғашқы жыл­дарда Президент Н.Назарбаевтың 1991 жылғы 6 маусымдағы Жарлығы­мен ашылған Түркістан мемлекеттік университеті базасында құрылды. Бауырлас қос мемлекет – Қазақ­стан Республикасы мен Түрік Рес­пуб­ликасына ор­тақ халықаралық дә­ре­жедегі университет бүгінде түркі дүниесі жастарының басын біріктірген оқу ордасы ретінде күн өткен сайын нық сеніммен алға қарыш­тап келеді. Университет ашылған жыл­да­ры студент­тердің саны мыңға жетпейтін еді, қазіргі таңда 20 мыңнан асады. Оның ішін­де 1 мың­нан аса студент 14 мемлекеттің түркі тілдес 24 елінің жастары. Бұл жастарға университет тарапынан жылына бір мәрте елдеріне барып қайтуға кететін жол шығыны төленіп, 16 мың теңге көлемінде стипендия тағайын­далып, міндетті түрде жатақ­ханамен қамтам­сыз етіледі. Мемлекетімізде мамандарды даяр­лау­дың үш сатылы моделі орнығып келеді. Яғни, бакалавр-магистр- Ph доктор әзір­леуді әлемдік талапқа сай жүргізу жол­дары енгізіліп, қа­лыптасу үстінде. Осы­ған орай шетелдік білім беру жүйесі мен өз ерекшеліктеріне негізделген халықаралық тәжірибелерді пайда­ланудың жаңа үлгісін ұсынатын Болон үде­рі­сі жаңа жоғары білім беру көрсет­кіші бо­лып табылады. 2010 жылдың 17 қыркүйе­гінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы халық­ара­лық қазақ-түрік университеті уни­верситеттердің Ұлы Хартиясына қол қо­йып, еуро­палық білім кеңістігіне енді. Болон үдерісіне қо­сылу қазақстандық жо­ғары оқу орын­­да­ры мен студенттерге, ең алды­мен, отан­дық оқу бағдар­лама­лары мен оқу жос­пар­лары еуропалық стандарт­тарға сәй­кес­тен­діріледі; отан­дық ма­ман­дықтар мен ака­демиялық дәреже бүкіл әлемде танылатын бола­ды; қа­зақ­стандық жоғары оқу орын­дарының студенттері шетелдік университеттерге білім несиелерімен қабыл­данады; қос дип­ломды білім беру бағдарламасын жү­зе­ге асыруға мүм­кіндік береді; қа­зақ­стандық жо­ғары білім диплом­дары еуроаймақтың құ­жат­­тарымен те­ңес­­тіріледі және жоға­ры оқу орындары түлектерінің Болон үдерісіне қаты­сушы кез келген елде еңбекке орнала­суына мүмкіндік береді. Сондықтан да, ХҚТУ-дің еуропа­лық білім кеңістігіне енуі маңызды қадам болып саналады. Біз тәуелсіз ел болған соң әлемнің барша жұр­тымен қарым қатынас жасай бастадық. Сөй­тіп, қазақ баласы үшін шет жұрттардың тілін меңгеру де талапқа айналды. Енді біз тек орыс тілін ғана емес, қытай, араб, түрік, ағылшын және басқа ұлттардың тілін біліп, олармен қаты­нас жасауға тиістіміз. Сондық­тан Халықаралық қазақ-түрік университетінде осы тілдерді үйре­нуге жол ашылуда! ХҚТУ-нің өз түлек­теріне берген бір ар­тықшылығы – ол дайындық фа­культетінің тыңдаушылары, студенттер мен оқытушы-профессорларға шет тілдерін тегін үйрету курстары ұйымдастырылған. Біздің университетімізде шет тілін үйретудің маңызы өте көп, өйткені шет тілін мең­геру­дің арқасын­да, студенттеріміз және оқыту­шы-профес­сор­­лары­мыз шет елдің жоғары оқу орын­дарында оқу­ларын жалғас­тырумен қоса біліктіліктерін арт­тырып келіп жатыр. Ал бұл тұрғыдан олар­ға универ­ситетіміздің шетелдік жоо-мен жа­сас­қан келісім-шарттары өз септігін тигізуде. Қазіргі таңда университетіміз білім және ғылым саласында 28 шет ел университеттерімен ынтымақтастыққа қол жеткізді. Оның ішінде Қытай Халық Республикасының Шандунь педагогика университеті мен ШҰАР мем­лекеттік педагогикалық университеттерімен жасалған қарым-қатынас белсенді орын­далуда. Осы оқу жылында уни­вер­ситетіміздің ШҰАР педагогикалық университетінде филология мамандығы бойын­ша 2 маманымыз магистратурада өз білімдерін жалғастыруда, ал Шандунь университетінде 1 оқытушымыз осы университет­ара­лық келісім-шарт негізінде оқы­ту­шылық қыз­­метін атқарып жатыр. Ал Польша Рес­публи­касының Адам Мицкеевич университеттерінде 1 оқытушымыз осы уни­вер­ситет­аралық келісім-шарт негізінде қызмет ат­қарып жүр. Университетіміз халықаралық қазақ-түрік университеті болғандықтан, Түр­ік Респуб­ликасының алдыңғы қатарлы оқу орын­дары Гази және Хажетеппе университеттерімен қарқынды жұмыс жасауда. Былтырғы оқу жы­лын­да осы университеттер арасында қол қойыл­ған ынтымақтастық негізінде Гази университетінде 5 оқытушымыз докторан­тура­ға, 3-уі магис­тратураға және 9-ы біліктілік арттыруға, ал Хажетеппе университетіне 3 маманымыз медицина саласында біліктілігін арттыруға кетсе, биылғы 2010-2011 оқу жы­лында 10 оқытушымыз докторантурада, 12-і магистратурада және 4-еуі біліктілік арттыруда. Ал бір магис­трантымыз Мәскеудің Ломоносов атындағы мем­лекеттік университетінде дипломдық іс-тәжірибесінен өту үстін­де. Сонымен қатар университетіміз бен Нұр-Мүбәрәк Ислам мәдениет университеті (Египет) арасындағы жасалған ынтымақ­тастық негізінде, қазіргі таңда 11 студентіміз филология мамандығы бойынша оқу­ларын жалғастыру­да. Мемлекетаралық келі­сім-шарт негізінде 1 студентіміз Кувейт университетінде оқуын жал­ғас­тырып жатқан болса, келісім бойынша Түрік Республикасының Иозгат Бозок және Билкент университеттерінде филология фа­куль­тетінің 15 студенті біліктіліктерін жетілдіру үстінде. Сонымен қатар, университетіміз Еуро­Одақ­тың негізгі білім бағдарламалары - «Эрасмус Мундус» және «Темпус» еуропалық деңгейдегі жоғары білім алуға үлкен мүм­кіндік беретін бағдарламаларға қатысады. Айта кетерлік жәйт, университетіміздің ғалым­дары Әл-Фараби атын­дағы ҚазМУ-мен бірге Өзбек­станның 3 жо­ғары оқу орнымен консорциум құрып, Темпус-ІV бағдарламасы бойын­ша Австрия (Вена) уни­вер­ситетінің басшы­лығымен бір жобаның гран­тын иеленіп, қазір қарқынды жұмыс істеуде. Темпус – бұл Еуропа одағының жоғары оқу орындарының ынтымақтастығы арқылы және серіктес-мемлекеттердің (Батыс Балкан елдері, Шығыс Еуропа, Солтүстік Африка, Орталық Азия және Таяу Шығыс) жоғары оқу орын­дарының жобаларын қаржы­ландыру арқылы жоғары білім беру жүйесін модер­низациялауға арналған бағдарлама. Бағдар­лама­ның жалпы мақсаты – Лиссабон конвен­циясы мен Болон про­цесі принциптеріне сәйкес, жоғары оқу орын­дары сала­сындағы орын алған өзгеріс­терге жақындау, Еуропада болып жатқан өз­геріс­терге үндес­тіру, конвергенцияға ерікті түрде қолдау көрсету. Темпус бағдарла­масы­ның жалпы принципі – «төменнен-жоғарыға» тәсілі. Ұлттық басым­дылық пен серіктес-мем­ле­кеттердің жоғары оқу орындарының жалпы ұстаным­дарын ескере отырып, жоғары оқу орнының қажеттіліктерін қанағат­тандыру үшін оқу орындары мақсаттар мен атқара­тын қызмет мазмұнын өздері анықтайды. 2010 жылдың 18 қарашасында университетіміз жеңіп алған жобасы бойынша жұмыстардың қалай жүргізі­ліп жатқандығы туралы мониторинг өтіп, оған Темпус бағдарламасының Қазақ­стандағы үйлес­тірушісі Шайзада Тасболатова жетекшілік етті. Сонымен бірге, жыл соңына қарай уни­верситеттің Темпус бағдарламасы бо­йын­ша семинар өткізіліп, біршама оқыту­шы-про­фес­сорлар мен ғалым­дарға сертификат тапсырылды. Халқымыздың “Білекті – бірді, білімді – мыңды жығады” деген ұлағатты сөзі білімнің қуатына тең келетін басқа идея­лық-рухани күш-қуат көзі жоқ екенін айқын­дайды. Расын­да да, бүгінгі таңда ой-өресі биік, жан-жақты жеке тұлғаны қалыптас­тыру заман талабы десек, ежелгі түркі халықтарының төрі, киелі Түркістанда түркі әлемінің жастарын бір тудың астында білім алуға шақыратын бірден бір оқу орны, ұлы бабамыз Ахмет Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік университеті болып отыр. Оны біз мақтан тұтамыз. Сауранбек ЖАМАЛБЕКОВ, Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-нің халықаралық қатынастар бөлімінің бастығы.