Елбасы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғары Бас қолбасшысының тапсырмасына сәйкес әскерлердің жауынгерлік даярлығына, олардың далалық жағдайдағы жаттығу деңгейін жоғарылатуға, ұрыс қимылдарын жүргізу әдістерін жетілдіруге барынша мән берілуде. Осыған байланысты ағымдағы оқу жылының негізгі іс-шараларымен республика Қарулы Күштерінің Құрлық әскерлерінде жауынгерлік даярлық бойынша кең көлемдегі оқу-жаттығулар жалғасуда. Мәселен, қазіргі таңда қолайсыз қысқы ауа райына қарамастан, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жеке құрамы қолбасшылық басшысы генерал-майор Әлихан Жарболовтың жетекшілігімен «Мәтібұлақ» полигонында ұрыс қимылдарын жүргізуге жаттығуда.
Құрлық әскерлерінің «Мәтібұлақ» полигоны ТМД аумағындағы ең ірі полигон болып табылады. Оның көлемі 160 мың гектарды құрайды. Полигонның үлкен аумағы артиллерия мен авиацияны қатыстыра отырып, кең көлемдегі тактикалық жаттығуларды өткізуге толық мүмкіндік береді.
Аталған полигонда өңірлік қолбасшылыққа қарасты 35748-ші және 82796-шы әскери бөлімдері шоғырланған. 35748 әскери бөлімі жаңадан құрылған құрама екендігін атап өткен жөн. Ол заманауи талаптарға сай жаңа қару-жарақ пен әскери техникамен толықтай жасақталған. Бөлімнің жеке құрамы далалық лагерьге ұзақ жолды жүріп жетті. Олар өздері шоғырланған Шымкент қаласынан «Мәтібұлақ» полигонына дейінгі аралықта жауынгерлік техникамен шеру жасады. Бұл жауынгерлік әзірлік саласындағы оқу-жаттығудың негізгі шарттарының бірі болып табылады.
Дәл қазір полигонда шоғырланған мотоатқыштар мен танкшілер кез келген жауынгерлік тапсырмаларды орындауға сақадай-сай десе болады. Олар жауынгерлік мақсаттағы ауданға келген күннен бастап, жаттығу түріндегі ұрыс қимылдарын жүргізу шараларын өткізіп жатыр.
Сонымен бірге 82796-шы әскери бөлімінің жеке құрамы да полигонда жауынгерлік даярлық бойынша іс-шаралар өткізуде. Қарулы қақтығыстарда қарсыласқа оқ жаудыру тапсырмасының 80 пайызын артиллерия орындайды. Осы артиллерияшылар «Мәтібұлақ» полигонында мотоатқыштар және танк бөлімдерімен бірлесіп, оқ жаудыру мен жауынгерлік іс-әрекеттерде қолдау көрсету бойынша оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындауда.
Оқудың жалпы мақсаты әр буындағы командирлер мен жеке құрамға жауынгерлік қимылдарға дайындық пен оны жүргізу тәжірибесін пысықтау болып табылады. Мұнда тылдық қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Соғыстар мен қарулы қақтығыстар тарихы көрсеткендей, дала жағдайында киім-кешек, азық-түлік, жанармай, медициналық қамтамасыз ету шешуші рөл атқарады.
Оқу-жаттығулар өткізілетін аудандарға тылдық, техникалық және медициналық қамтамасыз ету орындары толықтай жайғастырылды. Осындағы далалық наубайхана, кір жуу орны, монша талапқа сай.
Шеруден соң оқу-жаттығуларға қатысушылар нақты жауынгерлік іс-әрекеттерге даярлықты бастады. Одан кейін сарбаздар жаттығу түріндегі қарсы шабуыл мен жауынгерлік атысты қолдану арқылы қорғану ұрыстары өткізілетін мекенге шығады.
Оқу-жаттығуларды өткізу кезінде жауынгерлік тәртіпке, атыс жүйесіне, аймақты дұрыс қолдану қабілетіне, атыс, соққы мен маневрлерді сауатты үйлестіруге үлкен көңіл бөлінеді.
Ақпан айының ортасында осы «Мәтібұлақ» полигонында бригадалық-тактикалық жаттығулардың шешуші кезеңі өтетін болады. Оған Құрлық әскерлерінің десанттық-шабуылдаушы, механикаландырылған және артиллериялық бригадалары қатысып, нақты жауынгерлік атыстарды пысықтайды.
Мұхарбек МАХАМБЕТ, подполковник Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің өкілі.