Салық Зиманов – 90
Академик Зиманов – Сәтбаевтың көзі тірісінде ұлт ардақтысы ретінде бір қатарға ілінген сирек жандардың бірі. Еңбегімен, дарынымен Қазақстанның ары мен даңқын асқақтатты. Ел тағдырының елеулі мәселелерін шешудегі қызметінің маңыздылығы жөнінде онымен тайталасқа түсер ғалым табылмас. Бұл – тек Зиманов атты құбылысқа тән қасиет пен дәреже. Міне, енді осы ойшыл-ғалымның туғанына 90 жыл толып отырған шағында шығармашылығына деген қызығушылық жылдан-жылға толастамай, арта түсуінің куәсі болудамыз. Мәдениет өрісі үнемі жеке сана мен жалпыға ортақ сана ортасында құбылуға мәжбүр. Кез келген тоталитарлық жүйенің мақсаты – фабрика мен зауыттарға ғана иелік етіп қоймай, әр адамның санасын билеуге тырысады, осыған орай жас күнінен адамдардың ақыл-ойын тұмшалап, сұрауларға дайын жауаптарды жаттатқызады. Біздің қоғамымызда тәуелсіздік алған сәтімізден бастап сананың ерекше жекешелену үрдісі белең ала бастады. Салық Зиманов кеңестік ағарту саласында білім алғанымен бала күнінен санасында «неліктені» көп өсіруіне сай «жабулы қазан» күйіндегі жалпы ағымға сыймады. Керісінше, «жалпыға ортақ» санаға қарсы шықты. Сол кезеңнің өзінде тоталитарлық жүйенің қойылған сұрақтарға дайын тұратын, жаттанды жауаптарынан бойын алшақ ұстады. Жастайынан таңдаған кәсібінің шыңын игеруге ұмтылған ол Достоевский қағидасына сай әрекетімен әріптестерінің арасында шебер тұлғалығымен ерекшеленді. Салық Зимановтың тұлға ретіндегі ерекшелігі – ғылымдағы өрлеу жолы. Ол әскери қызметін Отан соғысында қатардағы жауынгер болып бастап, полк командирі ретінде аяқтайды. 2 жыл одақтық заң институтында сырттай оқып бітіріп, кандидаттық диссертациясын табысты қорғап, 31 жасында Қазақстан Ғылым Академиясының Заң институтының директоры болып тағайындалып, Қазақстан тарихында заң ғылымдарының алғашқы академигі болып сайланады. Ғылыми атақтар мен дәрежелердің жаппай таратылысы заманында академик Зиманов өзінің ақыл-ойының деңгейімен, рухани дүниесінің тереңдігімен ат төбеліндей аз топқа жатады. Ешкімнің жолын қиғаш кеспей, қалың топқа қосылмай, табыс жолында көп нәрсені құрбандыққа шалып, өкпесі өшіп озам деушілерге бөгет болмай, өзі қалаған қалпында өмір сүреді. Өзі үшін де, өзге үшін де ештеңені дәлелдеуге тырыспайды, еңбегі үшін күнделікті қолпаштауды қажет етпейді. Егер «зиялы» ұғымына білімнен басқа адамның бойындағы адамгершілік бастауы – ар-ұят деңгейін енгізумен тарамға салсақ, сиреп қалған қатардан академик Зимановтың табылары сөзсіз. Біздің қоғамымызда «мәселенің құны» туралы сөз жиі айтылатын болды, яғни, «әр адамның өз құны бар және әркіммен дүние-байлық деңгейінде келісім жасап, сауда нарығын белгілеуге болады» деген ой үстемдік етеді. Өкінішке қарай, бүгінгі өміріміз адамгершілік өлшемдерімен өлшенуден қашықтап бара жатқандай. Қоғамымыздың басты мәселелерін салмақтауда мемлекет те пайда жағына қарай жығылады. Адамгершілік сипатты сақтау көлеңкеде қала беретін сияқты. Мәселе осылай өрбіген жағдайда жалаң пайда мен істің қалтаға түсер нәтижесін ғана көздеу, құлқынның құлы болу секілді қылықтар алға шығуы таңырқарлық болмас. Мемлекеттік шенеуніктер арасында белең алған жемқорлықтың түп-тамыры да қоғамдағы осындай көңіл-күйдің салдары шығар. Сондықтан мұндай бағытта ой пішетін жанды «зиялы» деп қалай атармыз? Зиманов сияқты шынайы зиялы жандар үшін өмірде рухани байлық тек жоғары деңгейден көрінері хақ. Бүгінде қоғамда білімге ұмтылу емес, дипломның соңына түсу сияқты кері құбылыс белең алған. Қоғамдық халыққа қызмет көрсету мен денсаулық сақтау салалары «дәйекшілік» бейнесіне әбден бейімделіп алып, ақша тікелей үстемдік етіп, қалың қалтаға мойынұсынған заманға қарай бет алған сияқты. Ақыл-ой еңбегінің меселі мықты болуы үшін диплом мен аттестаттарды оң мен солға үлестіруден алшақ кеткен жөн, өз-өзімізді сыйлауға үйренетін уақыт жеткендей. Ал ғылымды, биік мәдениет пен жоғары технологияларды таңдағандар маңдай терін төкпей таңдаулылар санатына қосыла алмайды. Академик Зимановты күрделі адам атайтындар баршылық, себебі бөгде адам үшін жан дүниесінің есігі жабық көрінеді. Бірақ, Зиманов аса құнды ғылыми еңбектерінің беттерінде өз әлемінің есігін айқара ашады. Еркіндік – Зиманов өмірі мен кәсібінің өзегі, ғылыми қызметінің «қызыл сызығы». Академик Зиманов – 90-шы жылдарда өз алдына өріс құрып, мемлекетке сүйенуді өткен уақыт еншісіне қалдырып, еркін самғауға бел буған алғашқы отандық ғалымдарымыздың бірі. Өз әлемінде «өзі – қожа, өзі – би», шынайы шығармашылық еркіндікті қалайтын құбылыс. Өзі таңдаған ерікті өмірінде уақыт талабына сай тұрды, отандық көрнекті ғалым есіміне лайық еңбегі жалғасын тапты. Зиманов әлемімен, оның айналасымен ұзаққа созылған таныс- тығымның біртіндеп жақындыққа ұласып, жан дүниемді жаулап алуы – өмірімде орын алған тамаша құбылыстардың бірі. Осы жанның келбетін көрген сайын көңілім шат болады: мығым келген, тарамыс, ұзын бойлы, көреген көзді. Жаратылысы ерекше, қоғам үшін шоқтығы асқақ тұрған тұлға болғанымен, тұрпаты – көптің біріндей, қарапайым. Академик Зимановпен алғаш жүздескен сәтім – оның ерен есімі елге танылып, айналасы аңызға толған шағы болатын. Түрлі басқосу, салтанаттарда жұбымыз бір, қатарымыз ортақ жүрсек те, оның үлкен ізді, оюлы орны – әрдайым ілгері. Әрине, табиғатынан сом кесектей, тума дарын иесінің ұсақ жан болуы мүмкін емес. Қайда жүрсек те: ірі мәжілістер мен алуан конференциялар, кіші-гірім жиындар болсын – тұлғасы назарымнан қалған емес. Адам баласын алаламай, кімге болса да кішіпейіл, тең көзқарас көрсетіп, биіктігінен салқын самал емес, жылы нұр еседі. «Заң әлемінің патшасы» атанған, академиктің дара дарынының алдында мемлекеттік дәрежедегі қайраткерлердің бәрі бас иіп, ізет көрсетеді, оның ғылымдағы озық орны мен ұзақ та белсенді ғұмыры кімді болсын таңғалдырып, қызығушылық сезімін де тудырмай қоймайтындығы айқын. Ұста-уақыттың көрігінен басылып шыққандай сара сөзі жалпы ауқымға сия бермейтін жүрдек ой-түйсігін жария етіп, шыңдала түсуде. Оның ел мен елдің өткеніне, қоғамның қазіргі жағдайына қатысты азаматтық көзқарасынан істі ақылмен шешетін ғалымдығын тануға болады. Ал биік мінбеге шығып сөйлеген сөзімен қаніпезерді де ұйытпай қоймайды, бұл кездейсоқ қасиет емес. Салық Зиманов – еліміздің маңдайына біткен біртуар тұлға, тәуелсіздік туы желбірегеннен бастап қоғамымыздың ұстайтын бағыты мен жүретін жолын айқындап беруде. 1997-98 жылдары жарық көрген «Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Парламенті», «КСРО дербестенуінің теориясы мен практикасы» монографиялары – тәуелсіз Қазақстанның дамып, өркендеу жолдарының теңдессіз тарихының бейнесі. Осыдан он жыл бұрын өмірлік серігі Шәрбану Батталқызынан айрылған сәтінде ол барлық жақындары мен туғандарына Шәрбану Батталовнаның бата ретінде ақша ұсыну рәсіміне қарсы аманатын жариялады. Бүгінгі күннің тұрғысынан қарағанда киім киісі ескі сәнге сай көрінеді: костюм, пальто, кеңес заманының құлақшыны. Үй жабдығы – түстенетін және жазу үстелдерінің, орындықтардың да сәні бұрынғыша. Қос академиктің жалақысына тұрғызылған, еш ерекшеліксіз үй жапсары шағын ғана жерде орналасқан. Ұзақ уақыт бойы мінген кеңес заманының көнекөз «Волгасын» таяуда ғана шетелдік, ортанқол көлікке айырбастады. Достарының қонаққа, жиналыстарға апарып салу жайлы лебізін қабыл алғанын көрмеппін. Академик тұрмысынан алынған осы жайттар біраз сауалдарға негіз болатындығы анық, құрметі зор, дәрежесі биік ғалым күнделікті өмірде қарапайым заттарды місе тұтып ғұмыр кешеді. Ал адами, негіздік құндылықтар деңгейінен алғанда ол ең жоғары сатыға көтерілген жан. Әрине, күнделікті күнкөріс қамын қамтып, «таңдаған асы – алдында» болғалы біршама уақыт болды, өзінің ешкімнен және ештеңеден тәуелсіз, ырықты жағдайында қауіпсіздік пен тұрақтылықты дүние байлығы мол адамнан гөрі тереңірек сезінетін секілді. Жақындарына бай адамдардың қолы жете бермейтін қамқорлық көрсетеді, қоршаған ортасында құрмет иесі, қызметінде озықтардан озық шығып, теңдессіз табыстарға қол жеткізген, кәсіби мүмкіндіктерін жаңа бағытта шыңдауға кіріскен жан. Соңғы жылдары Салық Зимановты негіздік құндылықтар сатысының ең жоғары сатысы – руханилық деңгей толғандыруда, өзін-өзі тану мәселесі арқылы бағындырмақ жаңа белестері – өмірдің мәнін ашу, әлемнің айқын бейнесін жасау. Зимановтың қоғамдағы алатын айрықша орнына еш жанның таласы жоқ, себебі, ол атқарып, басқарған әділеттің әділ ісінің сара жолы басқаға тек үлгі болып қала бермек. Бүгінде қызық құбылысты бақылауға болады. Кез келген адам негіздік қажеттіліктер сатысы тұрғысынан алғанда, қамтамасыз етілу деңгейіне қарамастан өзін кедей сезінуі мүмкін. Кейбір мемлекеттік қызметтегі немесе іскерлікті меңгерген табысты жандардың өмірге деген сенім-сезімдерінің ұдайы еместігін байқадым. Себебі, олардың бүгінгі ырысының негізі – тым осал. Олар өздерінің бай ахуалына билік басындағы құрығы ұзын, керекті адамдарды пайдаланып жеткен. Арадағы байланыс үзілсе болды, айналысқан істері күйреп, қызмет орнынан айрылады. Керекті байланыстардың арқасында мұндай жандардың ауызы салымды, ескегі есіп, қайығы жүзеді, бірақ ілгерілеу мен даму дегеніміз – жоқтың қасы болып қала бермек. Бұл жағдайда адам өзін қалайша бай сезінбек? Әлбетте, сезіне алмайды, себебі, дүние-байлыққа бай болғанмен олардың жаны – жұтаң, олар кедейлік пен жоқшылықтың жаңа түріне – даму мен ілгерілеу мүмкіншіліктерінің шектелуіне шалдыққан. Олардың кедейлігі – көзге көрінбейтін, бірақ елді індеттей жайлаған, қажет қауіпті көрініс. Академик Зиманов – білімнің құлашы зор, қайнар көзі бола отырып, тұтас қоғам өміріне даму бағытын көрсетіп, айқын жол сілтей алатын саусақпен санарлық, ерен тұлғалардың бірі. Таңғалдырудан танбайтын дарынының жан-жақтылығы тарихи, саяси үрдістердің терең қабаттарына бойлап, ой-қызмет өрісін кеңейтуіне мүмкіндік береді. Тарих тұңғиығына бойлай отырып әлемдік заң саласында кездеспейтін ерекше деректерді жарыққа шығарады, көшпенді халықтың сот жүйесін сараптап, заманауи заң саласының үлесіне ұсынады. Академик Зиманов тек соңғы уақыттың өзінде құндылығы теңдессіз кітаптар топтамасын жариялап, уақыт көшінің алдыңғы қатарынан табылған жан. Жас ұрпаққа берер тағылымы қоғамның қозғаушы және қолдаушы күші ретінде әлі де ұзақ уақыт бойы таптырмайтын қазына іспеттес болып қалатындығы хақ. Қоғам өміріндегі түрлі жайттар мен оқиғаларға қатысты пікірінде шынайы азаматтық жауапкершілік, біліктілік пен негізділік аңғарылады, қоғамдық сананың жылдар бойы қалыптасқан танымдарына күмән тудырып қана қоймай, дәлелді түрде теріске шығарған кездері де баршылық. Салық Зиманов – тек академиялық дәрежедегі ғалым ғана емес, өмірге құштарлығы зор, жаны жайсаң, көңілі ширақ адам, академиялық ғалымдарға таңылатын «тақуа» мінез оған тән емес. Ашық та айқын, астарлы да мәнді, қарапайым және жалпыға жетімді сөзі, ықшамды да нақты ойы әрдайым белгісіз дүниенің есігін ашып, белгілі нәрсені жаңа қырынан көрсетеді. Зимановтың алуан кездесулер мен мәжілістерге, республикалық немесе халықаралық конференцияларға қатысуы жоғарғы сапа белгісін білдіреді. Заңгер-ғалым ретінде заң ғылымының төрін иемденуіне сай саналы ғұмырында адамзатқа әділдік әлемін орнатуды арман еткен жан. Ғалымдығы мен азаматтық көзқарасы – өзара тең, биік дәрежеде. Үнсіз қалуды ұнатпайтын Зиманов сөзінің салмағы ұлттық деңгейде өлшенеді. Зимановтың өткір тілі – әділет майданында әрдайым жеңіс әкелген қарымды қаруы. Академик Зиманов – қатаң тәртіп пен ұстанымның адамы. Бір табысты іскер азаматтың соңына шенеуніктер шырақ алып түскен кезде қоғамда беделі жоғары адамға мұндай мәселеге салғырттық жасау дұрыс еместігі жөнінде тайсалмай ескерткен болатын. Әрдайым әділ шешім түйетін әзіз мінезі осындай. Академик Зиманов үнемі асқар азаматтық көзқарасын ту етіп, дарынға – демеу, адамгершілікке – сүйеу болған қалпынан танбайды. Қазіргі өмір сүріп отырған қоғамымызға сіңіп, етіміз үйренген аса жат қылықтың бірі – адамның ар-ұятын, ұстанымдарын судыраған, сұм ақшамен есептеп, бағалау. Бұрынырақ дүние-байлық, ақша-атақ, билеп-төстеу жолында алдау-арбау, ұрлық-қарлыққа барып, әлімжеттік жасайтын жандар адами қарым-қатынас құндылықтары жүйесінен аластатылып, «шектен шығушылар» аталып, «жүгенсіздер» қатарына жатқызылатын. Ал қазір болса, мұндай жүгенсіздікке батыл қарсы шығып, ар соғысын жариялап, әділет күресін ашатын, қайыспайтын қайсар жандар тағы да «шектен шығушылар» болып отыр, шегіміздің шені қалай өзгергенін байқайсыз ба ? Қоршаған ортамызды жайлаған әділетсіздік індетіне, заң күшінің әлсіздігіне қарай отырып осындай жаңа заманғы «шектен шығушы» жан – академик Зиманов жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тағдыры үшін, ал аса ауыртпалықты шақтарда ұлт мүддесін қорғау жолында арпалысады. Әлемге аты әйгілі, 1986 жылдың қақаған желтоқсанында өткен Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы Колбинмен кездесуде республика қайраткерлерінің ішінде жалғыз болып Республика алаңына жиналып, билік алдында тайсалмай ерік-тілегін білдірген жастарға «ұлтшыл» деген айып тағылып, соттың қудалауына қарсы шыққан осы академик Зиманов болатын. «Өліспей – беріспейтін» шынайы күрескер, көрнекті ғалым осылайша өр жаратылысын өмірлік азаматтық бағдарламасына айналдырып, тынымсыз тіршілік етеді. Парламент мәжілістері, халықаралық форумдар, Ұлттық ғылым академиясының сессиялары мінберлерінде үні жарқын шығуда, өтпелі кезеңнің ғылыми кеңестерін өткізіп, бірінші дәрежелі заңгерлерді баулып шығарып, ғылыми бағдарламаларға жетекшілік етіп, сайыстарды басқарып, жас ғалымдарды қолдайды, жарық көрген монографиялары мен мақалалар легі толастаған емес. Болаттай берік ұстанымды, сәйгүліктей асау ырықты жан Салық Зиманов өмірін шығармашылық еңбегімен өрнектеп, ғасырға жуық ғұмыр кешуде. Төрегелді ШАРМАНОВ, академик.
•
09 Ақпан, 2011
Заң заңғары
567 рет
көрсетілді