• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2011

Ұл

472 рет
көрсетілді

Ер балалардың өмірдегі орны туралы ой

Осы күзде жоғары оқу орын­дарына түскен талапкерлер тізімін қарап отырып, биылғы жылы да бағы жанғандардың ішінде қыз ба­лалардың басым екендігін байқадым. Бұл жәйт көңілімде көптен орнығып алған әлдебір алаңдаушылық сезімге тағы да қозғау салды... Дұрысында, «ел болам десең – бесігіңді түзе» деген ұлағатты сөзді басшылыққа алған, әрі соңғы жыл­дары гендерлік теңдік мәселесіне мән беріп, ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен бірдей мүмкіндіктері үшін жағдай жасалуы мақсатында арнайы заң қабылдап отырған ел үшін бұл жайды мақтан етерлік фактілердің бірі деуге болар еді. Алайда, «ай­дың да ақ жүзінде дақ болады» демекші, өмір­дегі кейбір жетіс­тік­тер­дің арғы жағында кейіннен «әттеген-ай» де­гізетін, ал таза қаза­қы тұрғыдан алғанда, пай­­дасына зияны жаға­ласа жүріп, сол жетістіктерімізді кемшілікке ай­нал­дыратын жайлар болатын сияқты. Біздің бұлай деп ой түюімізге әсер еткен бірер жайды назарларыңызға ұсынайық. Сосын бірге ойласайық. Гендерлік даму мәселесіне арналған бір жиында мінберге көтерілген шешен: «Біздің елімізде әйелдердің 52 пайызының жоғары білімі бар. Ал бүгінде жоғары оқу орындарында оқитын студенттер санын жыныстық белгісіне қарай салыстыратын болсақ, қоғамымыздағы әйелдер ерлерге қарағанда әлдеқайда білімді деген тұжырымның шындығына көз жеткізе түсеміз» – деді көтеріңкі леппен. Бір қарағанда мақтанарлық-ақ жағдай. Кеңес дәуірі кезінде қол жеткіземіз деп ұмтылған межеміздің бірі осы білім алудағы, мамандық игерудегі теңдік емес пе еді? Әрі аксиомаға айналған «әрбір қоғамды оның да­муында әйелдердің алар орны арқылы бағалауға болады» деген түсінік те бар. Дей тұрғанмен де... Осы бір шын­дығында да мақтан етерлік жетістіктің арғы жағында көңілге қаяу түсірер бір мәселелер бар екені ескерілмей жүрген сияқты. Солардың бірі – жұрттың бәрі айта-айта жауыр болған «отырып қалатын қыздар» мәселесі. Менің бір жақсы апайым бар – үлпершектей үш бала тәрбиелеп өсір­ген ана бүгінде бір ұл, бір қы­зынан бес-алты немере сүйіп, ұрпағының қызығын көріп отыр. Бір ғана уайымы бар, ол – қазір жасы отыз бестен асып кеткен кіші қызының тұрмыс құрма­ғаны. Қызының ақылды, тәрбиелі екен­дігін білетін жандар оның оң жақта отырып қалғанына таңыр­қай­тыны рас. Олардың ойынша, өз нанын өзі тауып жеп жүрген әрі көрікті, әрі білімді қызға деген қызығушылық та көп болуы керек, яғни олар кеңес кезеңіндегі «тапшы тауарлардай» тез өтіп кетуі керек сияқты көрінеді ғой, сірә. Бірақ ол тауарларға ғана қатысты жайдың адам өмірінде басқаша екендігін осы апайдың әңгімесінен де түсінуге болады. «Күш-қуатым барда балаларыма қолдан келген көмегімді берейін деп ара-тұра базарға баратыным бар, – деп бастады апай әңгімесін. – Әдетте керек-жарағымды алған соң балама қоңырау шала қоямын, ол келіп алып кетеді. Бір жолы базарға барғанымда балам іссапарда жүрген. Басында керек заттың бәрін көтеріп әкете ал­май­ты­нымды ойлап, көкөністің қажет түр­лері­нен, май, шұжықты шақтап қана аламын деп келсем де, базар ішіне кірген соң «қой, қайта-қайта келіп жүремін бе, такси ұстармын» деп, күнделікті қажетті нәрсенің бәрін алдым. Базардан шығып, жеңіл мәшине тоқтатайын деп қол көтеріп тұр едім, қасыма жап-жас жігіт келіп: «Апай, такси алмай-ақ қойыңыз. Сол ақ­шаңызды маған төлесеңіз, мен жүгі­ңізді үйіңізге дейін маршруттық авто­буспен-ақ жеткізіп, тура есігіңізден кіргізіп беремін» деді. «Лыпылдап тұр­ған қандай адам?» деп сәл сезіктенсем де, ауыл баласының қара­пайым түрі, жұпыны ғана киімі ол ойымнан тез-ақ арылтты. Такси есіктің алдына апарғанымен әрі қарай төртінші қабатқа көтерілудің де оңай еместігін ойлап, келістім. Дорбаларымды өзі айтқандай, үйі­ме кіргізіп берген жас жігітті есіктің алдынан қайтарып жіберуге ыңғай­сыз­данып, «үйге кіріп, шай іш, балам» деп едім, маңдайының терін сүр­тіп, ентігіп тұрған ол ауыл адамына тән ешқандай қулығы жоқ, аңқылдақ мінезбен: «Жақсы болды ғой, таңер­тең оразамды да ашпап едім» деп қуана келісті. Ол бір үйдегі бес баланың үлкені екен. Әскерден келгеннен кейін ауылында екі жыл бойы бос жүріпті. «Ауылда жұмыс жоқ екенін білесіз ғой, – деді ол шәй үстінде ашыла сөйлеп, – күн көру өте қиындап кетті. Бірте-бірте өзімнен кіші бауырларымның нанына ортақтасып жүргендей сезініп, кетуге бел байладым. Оның үстіне өзімнен кейінгі қарындасым ақылы институтта оқиды. Оның ақшасын төлеу де әке-шешеме оңай емес. Қолда малдары бар, әйтеуір. Биыл тағы бір қарындасым мектеп бітірді, оның да оқуы керек». «Сен неге оқымадың?» – деп сұрадым сөйлеген сөзі ор­нықты, өмір­лік түсінігі бар жігітті «оқы­ғанда бір ма­ман­дықтың иесі болып шығар еді-ау» – деген оймен. «Түсе алмадым, ал ақылы оқуға мүмкіндік жоқ, – деді ол мұңайып. – Бала кезімде әке-шешемнің «ұлдар қара жұмыс істесе де күнін көрер, қыз­да­рымды оқытамын» дейтіні есімде қа­лыпты. Содан да болар, ақы төлеп оқытыңдар деуге бата алмадым». «Сонда өмір бойы осылай жұрттың жүгін тасып жүре ме?» – деген ой келді маған. Менің ішкі ойымды оқып қойғандай ол: «Оқымағаныма, бір кә­сіп­ті игермегеніме қатты өкінемін. Кейде бала керек болып туған соң неге оқытпады деп әке-шешеме де өкпе­леймін. Сүйген қызымнан да сол үшін айырылдым...» – деді. Соңғы сөздерді айтқанда байғұс баланың дауысы дірілдеп кетті деп бейтаныс жігітті аяп отырған апай сөзін әрі жалғастырды. – Бұл бала сүйген қызынан неліктен айырылуы мүмкін? Сірә, ол оқыған қыз болып, әке-шешесі жігітті оқымады деп қомсынған-ау?.. Өзіне сұраулы жүзбен қараған маған апай кібіртіктей жауап берді. – Қанша жерден аяғанмен қызым­ның арба сүйретіп күнелтіп жүрген адамға тұрмысқа шығуына мен де риза болмас едім. Ілуде біреуі болмаса, қай ата-ана да сөйтері анық... Апайға қарсы дау айта алмадық, себебі, соның алдында ғана бір оқиға тап осылай аяқталған еді. Министрлікте қызмет істейтін құрбым институтты үз­дік бітіріп келген бір қыздың қызметке алынып, өзінің қарамағына бөлінгенін, оның білімділігін, алғырлығын мақтан етіп айтып отыратын. Өзі жалғызілікті болған соң ба, әйтеуір, сол қызға бар ықылас-ниетімен құлап, бауырына тартты. Бір кездескенімізде құрбым қуа­на тұрып «жақында той болып қалуы мүмкін» деп астарлады. Тіпті «мен енді екінші анасындаймын ғой, құдаларды шақырып жібергенім жөн болар» деп күні бұрын алашапқын болып дайын­далып та жүрді. Бірақ, бәрі басқаша болып шықты. Қыздың ата-анасы жігіттің ешқандай білімі, мамандығы жоқ екендігін, қалалық коммуналдық шаруашылыққа қарасты бір мекемеде қарапайым жұмысшы болып істейтінін естігенде қыздарының таңдауына бірден қарсы шыққан... Қыз жылаған-сықтаған, бірақ, әке-шешеден асып қайда барады? Мұндай оқиғалар өмірде сирек те болса кездесіп тұрады. Мені ойлан­дыр­ған жәйт, осы оқиғаға өзі тұрмыс құр­маған («отырып қалған қыз») құрбым­ның қалай қиналғаны еді. «Кезінде менің де әке-шешем «сенің жоғары білімің бар, ол май-май шопыр екен» деп қалаған жігітіме қосылуыма қарсы болған, – деді ол күйіне әңгімелеп. – Одан кейін ешкімді дәл солай ұната алмадым. Уақыт болса зырылдап өте берді. Қазір менің қатарымның алды немере сүйе бастады, мен болсам өмірден жападан жалғыз өтетін болдым. Ал өмірде жалғыздықтан өткен қасірет жоқ екенін басынан өтпегендер қайдан білсін?» деп еді ол көз жасын сыға отырып. Бұл әңгімесін ол қыздың әке-шеше­сіне де барып айтыпты. Бірақ оларды райынан қайтара алмаған. «Ата-аналар­ды түсінбеймін, – деді ол осы сәтсіз әңгімеден кейін, – уақыт деген демде өте шығады. Кәрі қыз деген аспаннан түспейтінін, міне, осындай жайлар­дың салдарынан пайда болатынын неге ұқпайды екен? Біздің министрлікке келіп көрсе ғой, отыздан асқан қыздардың үйір-үйір болып отыр­ғанын!» Құрбымның сөзінің жаны бар-ды. Бір ғана нақтылайтын жері – мұндай көріністің тек ол істейтін министрлікте ғана емес, барлық министрліктерде орын алғандығы-тын. Сенбесеңіздер, сондай мекемелерге шетінен кіріп көріңіздерші – өңкей білімді, ақылды, дәрежелі, келбетті, сымбатты қыз­дар­дан көз тұнады. Ал жақынырақ таны­сып, жөн сұрасаңыз, олардың ішінде «отырып қалған» қыздардың үлес салмағы әжептәуір екендігіне көз жеткізесіз. Олар неліктен отырып қалған? Бұл жерде осы мәселе сөз бола қалса, баршаға белгілі «ерлердің саны әйелдерге қарағанда аз» екендігінен басқа да факторлар бар екені ескеріле бермейді. Солардың бірі – оқыған, білімді қыздардың теңін таппай қалуы. Әдет­те, екі жастың ша­ңырақ көтеру туралы шешімі тек көзсіз сезімге ғана емес, көзқарастарының ұқсастығына, ақыл-па­расатының деңгей­лес­ті­гіне, қабілет-білі­мі­нің шамаластығына да негізделеді емес пе? Атам қазақ «Тең – теңімен, тезек – қабымен» деп сон­дықтан айтқан болар. Ал оқыған, білімді, дәрежелі адам мен не айналысқан кәсібі жоқ, не игерген мамандығы жоқ екі адам бір-бірін қан­ша жақсы көріп тұр­ғанымен, сыртқа шыға­рып айтпаса да іштей өзара теңсіздіктерін сезіп, бір-бірі­нің алдында қолайсызданып тұрары анық. Мұндай қолайсыздық екеуара сезімге түсер жегі құрттай ішінен кеулеп жеп, түбі бір жерді жарып шығатыны тағы анық. Иә, табиғатта бәрі де тепе-теңдікке құрылған. Малға шабады деп қас­қырларды құртып жіберсек, «дала са­ни­тары» атанған аңның атқарар қыз­меті ақсап қалады. Жетпісінші жыл­дар­дың басында қытайлық­тар­дың егін­­ді жейді деп торғайларды қырып таста­ғаны қаншалық табиғи, экономикалық зардаптарға әкеп соқ­қаны да талай айтылды. Бәлкім, бұл жерде мұндай параллель жүргізу онша сәтті де емес шығар, бірақ маған қыздар мен жігіттердің өзара қаты­насында да осындай бір тепе-теңдік сақталуы керек сияқты көрінеді де тұрады. Ата-ананың ұл баладан гөрі қыз балаларын оқытуға тырысатынын басқа да себептермен қоса «Бөтен үйге барғанда еңсесі тік болсын, күні басқаға түсіп, жалтақтамасын» деген қамқор көңілінен туындаған деп түсінуге болады. Жоғары оқу орын­дарында оқитын қыздарымыздың саны басым болуының бір себебі сол болса керек. Солай бола тұрғанмен де... «Қыздарымызбен бірге, тіпті олардан да бұрын ұлдарымызды ойлайық, оқытайық, жақсы тәрбие берейік деген бастама көтерілуі керек» деген ой келеді. Бұл жерде сөз институт бітіргенде берілетін бір жапырақ қатырма қағаз туралы болып отырған жоқ. Мәселе – оқыған адамның ой-өресі де өсетіндігінде, дүниетанымы кеңейе­тін­дігінде, рухани тұрғыдан байып, жауапкершілік сезімінің артатын­ды­ғын­да. Сөйтіп, ұлдарымыздың білімді, байсалды, мәдениетті, өзін ғана емес, отбасын да асырай алатын ма­мандық иесі, аяғына нық тұрған азамат болып шығатынында. Үлпілдетіп қыз тәрбиелеп отырған қай ата-ана болашақ күйеу баласының осындай болуын армандамайды? «Мал таппайтын еркек жоқ – құрарын айт» дейді халық даналығы. Қай заманда мал табу үшін білім керек, кәсіп керек, іскерлік керек. Бұл қасиет­терді арба сүйретіп, вокзал басына келіп-кеткен мәшинелердің орнын көр­сетіп немесе біреудің жүгін тасып жү­ріп бойға сіңіру мүмкін емес екені түсі­нікті. Ендеше, ұлдарымызды оқытайық және оларды рухани байы­тып, бойында отбасының бақытты да бақуатты өмірі үшін жауапкершілік сезімін тәрбие­ле­йік. Ер адам әйелінің, балаларының ал­дында беделді болса, ол – отбасы ба­қытты. Ал бедел адамға білім ар­қылы, сол білім қалыптас­тырар бай жан-дү­ниесі, терең таны­мы, өз бала-шаға­сын асырап-баға алар кәсібі мен отбасына жасар қамқор­лығы арқылы келеді. Біз «әйел ерге қарайтын» елміз ғой. Ерлеріміз жерге қарамайтын болуы үшін, ең алдымен, ұлдарымыздың тәрбиесіне көңіл бөлейік, оларды оқытайық, кәсіп­ке баулиық, қымбатты ата-аналар. Камал ӘЛПЕЙІСОВА, Парламент Сенаты  Редакциялық-баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары.