• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
29 Шілде, 2016

«Екібастұз – Шүлбі ГЭС – Өскемен»

479 рет
көрсетілді

жоғары кернеулі желісі жобасы мерзімінен бұрын аяқталады Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан іргелі жобалардың бірі – 500 кВ «Солтүстік – Шығыс – Оңтүс­тік» жоғары кернеулі желілерінің құрылысы. Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «KEGOC» АҚ аталған транзиттік дәліздің бірінші кезеңін, яғни, 500 кВ «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» жоғары кернеулі желілері жобасын мерзімінен бұрын аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл жөнінде аталған жоғары кернеулі желілері жобасы аясында Шығыс өңірінде салынып жатқан нысандармен танысқан «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев мәлімдеді. «Самұрық-Қазына» жетекшісі құрылыс-монтаждау жұмыстарына жоғары баға беріп, «KEGOC» АҚ пен мердігер компанияларға жобаны сапалы орындағаны үшін алғысын білдірді. Аталған жоба екі кезеңнен тұрады. Яғни, бірінші кезеңдегі 500 кВ «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» желісінің жос­парлы іске асырылу мерзімі 2017 жылға белгіленсе, екінші кезеңдегі «Шүлбі ГЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма» желісін 2018 жылы аяқтау көзделген. «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақыт­жан Қажиев барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары ағымдағы жылы күзде аяқта­латынын, жабдықтарға кешенді сынақ жүргізгеннен кейін «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» жоғары кернеулі желісін ағымдағы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. – Бұл қазақстандық энергетиктердің ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаған салмақты тартуы болмақ, – деп атап өтті «KEGOC» АҚ басшысы. Компания өкілдерінің айтуынша, жо­баның бірінші кезеңін іске асыру шеңберінде жоспарланған 500 және 220 киловольттік ұзындығы 700 шақырым құрайтын электр жеткізу желілерінің қазірдің өзінде 673 шақырымнан астамы салынды. Сондай-ақ, 500 кВ «Семей» мен «Өскемен» қосалқы стансаларында және 1150 кВ «Екібастұз» қосалқы стансасында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қосалқы стансалардың құрылысын салуға тек отандық өнімдер қолданылып келеді. – Шығыс транзиті құрылысының бірінші кезеңі толығымен «KEGOC» АҚ жеке қаражаты есебінен салынып жатқанын ерекше атап өткеніміз абзал, – деді Бақытжан Қажиев. Жалпы, 500 кВ «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен» желісінің пайда­лануға берілуі – «Солтүстік-Шығыс» бағы­тындағы желілердің өткізу қабілетін ар­т­тырады. Сонымен бірге, Шығыс Қазақ­стан облысындағы электр энергиясы тапшылығын өңірдегі Ресейдің бір­тұтас электр желілері арқылы өтетін энер­гия жүйесімен қосатын қолданыстағы желілердің жай-күйіне қара­мастан жабуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ келешекте Ертіс ГЭС-і каскадынан толық қуат беруді қамтамасыз етеді. Бақытжан Қажиевтің мәліметі бойынша, Шығыс транзитінің екінші кезеңі – «500 кВ «Шүлбі ГЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма» жоғары кернеулі желісінің құрылысы ағымдағы жылы бас­талды. Бұл кезеңді аяқтау мерзімі – 2018 жыл. Екінші кезеңнің жұмыстарын шегіне жеткізу – Қазақстанның «Солтүстік-Оңтүс­тік» бағытындағы ұлттық электр торабының транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, теміржолдардың элек­трлендірілетін учаскелерінің электр қуа­тына деген қажеттілігі мен тау-кен өнеркәсібі нысандарының энергиялық сыйым­дылығын қамтамасыз етуге және шекаралас аймақтар мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін қолайлы жағдай жасайды. Бұл – қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасындағы өзекті мәсе­лелердің бірі. Сондай-ақ, Шығыс өңірінің Қазақстанның біртұтас электр жүйесімен байланысын күшейте түседі. Жобаның әлеуметтік маңызы зор. Айта­лық, құрылыс жұмыстары кезеңінде 1861 жаңа жұмыс орны құрылды. Жалпы, компанияның энергетика саласындағы ауқымды жобаларды жүзеге асырудағы тәжірибесі мол. Ұлттық электр желісін дамытудың ұзақ мерзімді стратегиясын жоспарлы түрде және ойдағыдай іске асыруы соның айғағы. Мәселен, 2009 жылы компания екі ірі көлемдегі инфрақұрылымдық жобаны, атап айтқанда, «Солтүстік – Оңтүстік» транзитінің 500 кВ екінші желісі мен «Жітіқара – Өлке» желісі жобаларын аяқтаған болатын. «Солтүстік – Оңтүстік» транзитінің екінші желісін салу еліміздің оңтүстігіне электр энергиясын 600 МВт-тан 1259 МВт-ге дейін екі есеге арттыруға мүмкіндік берді. Сонымен бірге, сол кезеңде орын алған Қазақстанның оңтүстігіндегі электр энергиясы тапшылығын шешті. Ал Ақтөбе мен Қостанай облыстарын байланыс­тыратын «Жітіқара – Өлке» желісі Ақтөбе энергия торабында қазақстандық электр энергиясының жетіспеушілігі мәселесін шешіп, өңірдегі тұтынушылардың Ресейден жеткізілетін электр қуатына тәуелсіздігін қамтамасыз етті. 2014 жылы тағы бір ауқымды жоба – «Қазақстанның 500-220 кВ кернеулі ұлттық электр торабына жалғанатын 500 кВ «Алма» қосалқы стансасы» ойдағыдай аяқталды. «Алма» қосалқы стансасының тәуелсіздік жылдарында салынған  500 кВ кернеулі алғашқы қосалқы станса екендігін атап өткен жөн. Бұл жобаның пайдалануға берілуі – Алматы қаласы мен Алматы облысының тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың сенімділігін едәуір арттырып, өңірдің дамуын қамтамасыз етті. Тағы бір атап өтерлік жайт, «KEGOC» АҚ ұлттық электр торабының (ҰЭТ) жаб­­дықтарын жаңғырту жұмыстарын аяқтамақ. Осы орайдағы міндеттер «Ұлттық электр торабын жаңғырту» және «ҰЭТ-ты жаңғыртудың II-кезеңі» іспетті ауқымды жобаларды жүзеге асыру арқылы шешілді. Осы арқылы қуатты трансформаторлар, реакторлар, коммутациялық аппараттар, ток пен кернеуді өлшеу трансформаторлары және басқа да бастапқы жабдықтар ауыстырылды. Нәтижесінде, энергия жүйелері жұмысының тиімділігі мен тұрақ­ты жұмысы қамтамасыз етілді, қосалқы стансалар жабдықтарындағы техно­логия­лық бұзылулар 4 есеге қысқарды, тұты­нушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасы артты. Жалпы, компанияның барлық жоба­сының іске асырылғанын атап өткен жөн. Заманауи құрал-жабдықтар мен өзекті технологияларды қолдану – Қазақстанның интеллектуалдық энергия жүйесінің өзегі болатын белсенді-бейімделгіш ұлттық электр торабын (Smart Grid технологиясы базасында) құру сынды компанияны инновациялық-технологиялық дамыту жөніндегі стратегиялық мақсатқа жетуге бағыттады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы