Ақпарат және коммуникация министрлігінің Орталық коммуникациялар қызметінде «Казахстанская правда» республикалық газетінің жаңартылған дизайнының таныстырылымы өтті. «Казахстанская правда» РГ» АҚ басқарма төрағасы Александр Тараков газетті безендірудің жаңа форматын қалыптастыруда «Нью-Йорк Таймс», «Вашингтон пост», «Дэйли ньюс» сияқты белгілі басылымдардың тәжірибесі қолданылғанын атап өтті.
«Газеттің бас редакторының орынбасары Сергей Нестеренко жетекшілік еткен топ бар тәжірибені жинақтап, бірқатар басылымдарды зерттеп шығып, жаңа өзгерістер енгізді. Ол өзгерістерді «Казахстанская правданың» ертеңгі нөмірінен көруге болады», – деді А.Тараков.
Бұдан бөлек, ертеңнен бастап «Казахстанская правда» газеті мен Kazpravda.kz сайты бұрынғыдан да тығыз әрекеттесетін болады. Қағаз басылымның бірінші жолағында QR-код орналастырылады, ол арқылы оқырман өз гаджетіндегі сәйкес қосымша арқылы тікелей сайтқа кіре алады.
Интернет редакцияның бас редакторы Дамир Айдаров басылым порталының 2014 жылдан бері бөлек форматта жұмыс істейтінін атап өтті.
«Біз логотипті өзгертіп, жаңа жобаларды ұсынбақпыз. Оны біздің оқырмандар бағалайды деп сенеміз. Сондай-ақ жаңа бағыттарды – бейнематериалдар, бейнежаңалықтарды белсенді түрде игеріп жатырмыз», – деді Д.Айдаров.
Айдар ӨРІСБАЕВ