• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Қыркүйек, 2016

Жақсылық жоралғысы

345 рет
көрсетілді

Конституция күніне орай Ақ­төбе қаласында бірнеше әлеу­мет­тік нысан пайдалануға берілді. Солардың бірі – қалаға қарай­тын Кірпішті ауылындағы 370 орын­дық орта мектеп. 2015 жылы бас­талған мектептің құрылысын «Элитстройсервис» ЖШС бір жылдан сәл астам уақытта салып бітірді. Мектеп құрылысына 526,9 миллион теңге қаржы бөлінген. Үш қабатты мектепте 58 ұстаз еңбек етеді. Мектептің салтанатты ашылуында сөз алған облыс әкімі Бер­дібек Сапарбаев жиналғандарды Конституция күнімен құттықтады. – Елбасы жергілікті билікке балаларды сапалы білім алуы үшін барлық жағдайды туғызуға тапсырма берді. Біз үш ауысыммен оқитын және апатты жағдайдағы мектептердің мәселесін шешуге бағыт ұстап отырмыз. Осы мақсатта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Міне, №18 орта мектепке жаңа ғимарат салынуы соның айқын айғағы. Енді бұл мектеп екі ауысымда оқытатын болады. Күні кеше «НұрАқтөбе» шағын ауданында жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алда да жалғасын табады, – деді ол. Ата-аналар атынан сөз алған Марат Бабанаев осы мектепке немересін әкеліп отырғанын тілге тиек ете келіп, Елбасына және облыс әкімдігіне түйінді мәселені дер кезінде шешкендері үшін алғысын білдірді. Сол күні қала маңындағы Қар­ғалы ауылында «Жарқын бала» мектепке дейінгі мекемесі өз есігін айқара ашты. Балабақша аумағы 1,3 гектар, қазіргі заманға сай, тех­­нологиялық және ойын құрал-жаб­дықтарымен жарақтанған. Жиһаздары мектепке дейінгі жас­тағы балаларға сай, барлық са­нитарлық-эпидемиологиялық талаптар сақталған. Мекемеде қазақ тілінде білім беретін 16 топ бар, оның 2-еуі тілінде мүкісі бар бала­ларға арналған. Облыс әкімі «КазПром­Строй­Групп» ЖШС салған балабақша ғимаратын қарап шықты. Жаңа мектепке дейінгі мекеменің құры­лысына республикалық бюджеттен 560 млн теңге бөлінді, 75 жаңа жұмыс орны ашылды. – Елбасы өскелең ұрпақтың тәрбиесіне баса назар аударады. Тәуелсіздік алғаннан бері өңірде мектепке дейінгі мекемелер саны 8 есе өсіп, 558-ге жетті. 46 мың сәби балабақшаға барады. Осы жылы ашылған 32 балабақшаның 23-і мемлекет және жекеменшік аясында жұмыс жасап келеді. Жыл соңына дейін, тағы 20-сын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. 25 жыл ішінде 35 596 орынға арналған 109 орта мектеп салынды. Тек осы жылы ғана құны 4,7 млрд теңге болатын 9 білім беру нысанының құрылысы басталды, – деген Б.Сапарбаев өңірде тағы 17 білім беру нысанының ашылатынын жеткізді. Олардың қатарында 7 орта мектеп, 1 отбасы үлгісіндегі үй, 9 балабақша бар болса, соның 5-еуі жекеменшік болып табылады. Мереке күні үй кезегінде тұрған 54 ақтөбелік КИК бағдарламасы бойынша пәтерге ие болды. Облыс әкімі «КИК» АҚ желісі бойынша бағдарламаның қатысушыларына пәтер кілтін табыстады. «Нұрлы Жол» бағдарламасы – бұл халықты қолжетімді баспанамен тиімді шарттар бойынша қамтамасыз ететін мемлекеттік тетік­тердің бірі. Жаңа пәтердің ие­лері – жалдамалы тұрғын үйге кезекке тұрған қала тұрғындары. Үш қабатты үй мектебі мен балабақшасы бар, халық көп шо­ғырланған ауданда орналасқан. Жалға беру келісімшарты 20 жылға жасалады. Бұл үйдің 1 шаршы метрінің құны – 879 теңге. Бес жылдан соң жалға алушы тұрғындар пәтердің қалған ақшасын төлеп, мезгілінен бұрын сатып алуына болады. Үйдің құрылысымен айна­лысқан бас мердігер – «Алым Инжиниринг» ЖШС. Тұрғын үйдің жалпы құны 508 млн теңгеден астам қаржы тұрады. – Әлемдік дағдарысқа қара­мастан, мемлекет барлық әлеуметтік міндеттерді орындап, жеке тұрғын үйге қол жеткізу үшін барлық жағ­дайды жасауда. Бүгін 50-ден астам отбасы пәтер кілтіне ие болды. Олардың дені бюджеттік сала мамандары. Біз осылайша Елбасының қазақстандықтардың тұрғын үй мәселесін жақсарту бойынша тапсырмасын жүзеге асырып жатырмыз, – деді өңір басшысы. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы