«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – мұғалімдікі» деген екен Мағжан Жұмабаев. Әрине, бұл өткен ғасырдың басында, қазақ даласында ұстаз атаулының мүлдем аз кезінде айтылған шығар. Әйтсе де, арада қаншама заман өтсе де мұғалімнің мәртебесі сол биігінен төмендеген жоқ. Өйткені, бүгінгі заман – білімдінің заманы. Білікті, білімді, озық ойлы ұстаздың қашанда орны бөлек. Біздің елде барлық жол мектепке апарады. Осы бір киелі шаңыраққа бас сұқпаған, білім алмаған, қоңырауының сыңғырын естімеген адам кемде-кем. Бәлкім жоқ та болар... Осыдан кейін кеше өзіңді оқытқан, ал бүгін балаңыздың, немерелеріңіздің бойына білім нәрін құйып жүрген ұстаздардың төзімділігіне, сабырлығы мен шыдамдылығына қайран қалмай көріңіз.
Әрине, білім беру жүйесінің табысты жұмыс істеуі сапалы заманауи инфрақұрылымға байланысты. Жақында ғана облыс орталығында өткен Тамыз кеңесінде көптеген мәселелер айтылып, біраз нәрсеге қанықтық. Елімізде жаңа білім нысандарын соғу бойынша қыруар жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысының кезекті Жолдауына сәйкес 2016 жылдың 1 қаңтарынан білім қызметкерлерінің жалақысы 29 пайызға, шәкіртақының орташа алғанда 30 пайызға өсуі де – осы салаға деген үлкен әлеуметтік қолдау болды. Олай болса, ел игілігі үшін аянбай еңбек ету – баршамыздың негізгі міндетіміз.
Елімізде тәуелсіздік туы желбірегелі бері Жамбыл облысында 92 жаңа білім нысандары іске қосылыпты. Оның ішінде 71 мектеп, 20 балабақша, 1 колледж пайдалануға беріліпті. Осының арқасында 46 тозығы жеткен, 8 үш ауысымды, 10 орын тапшылығы бар, 7 ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан мектептер мәселесі шешілген.
Білім мекемелерінің материалдық-техникалық базасын арттыруға, жөндеу жұмыстарына, оқулықтармен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Осы жасалған жағдайлардың бәрі – Елбасының білім саласына, ел болашағына жасап отырған үлкен қолдауы, қамқорлығы.
Ендігі міндет – өзімізге жүктелген жауапкершілігі мол жұмысты абыроймен орындау! Облыс ұстаздары жаңа оқу жылында білімді ұрпақ, тәрбиелі шәкірт, саналы азамат тәрбиелеп шығаруға бар күш-жігерін жұмсайды деп сенемін.
Гүлшат АСАНОВА,
№26 Жаңаталап орта мектебінің мұғалімі
Жамбыл облысы,
Жуалы ауданы