Кеше Орталық сайлау комиссиясында «Желтоқсан» халықтық-патриоттық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінен президенттікке кандидаттыққа ұсынылған Құрманғазы Рахметов Лингвистикалық комиссияның мүшелеріне сынақ тапсырды.
– Президенттіктен үміткерлердің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау мақсатында Лингвистикалық комиссияның құрылғандығын дұрыс деп есептеймін, – деді Құрманғазы Рахметов сынақ тапсырар алдында журналистерге берген сұхбатында. – Өйткені, мемлекеттік тілді барлығымыз жетік білуіміз керек. Қазақ тілін жөнді меңгермеген азаматтардың билік басына ұмтылмағандары жөн.
Сұхбат барысында кандидат өзінің өмір жолынан да хабардар етті. Оның айтуынша, ол 1986 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетіне оқуға түскен екен. Көптеген қазақ жастары секілді ол да Желтоқсан көтерілісіне қатысып, 7 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Кейін Желтоқсан көтерілісіне байланысты құрылған комиссияның ықпал етуімен оқуға қайта қабылданған. Бірақ, оны әрі қарай жалғастырмаған. 2003 жылы Гуманитарлық университеттің заң факультетін бітіріпті.
Арада екі сағаттай уақыт өткенде Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков БАҚ өкілдеріне сынақ қорытындысын жария етті. Оның хабардар етуінше, президенттікке кандидат Құрманғазы Рахметов алдымен «Тәуелсіздік тағылымы» тақырыбына шығарма жазған. Еміледен – үш, тыныс белгілерінен – төрт, стильдік екі қате жіберген. Барлығы – тоғыз.
– Кандидат тақырыпты ашуы керек, ауа жайылып сөйлемеуі керек, – деді комиссия төрағасы осыған байланысты. – Әркім өзінің білгенін айта беретін болса, Лингвистикалық комиссияның үміткерге қоятын шарты бұзылады. Екінші тапсырма Ахмет Байтұрсынұлының шығармасы болды. Оны кандидат өте жақсы оқыды. Еркін түрде ырғағына келтіріп орындап шықты. Ал үшіншісі – сөз сөйлеу өнерінде кандидат жалпылама кетті. Әр нәрсені айтты, өмірбаянын да қосып жіберді. Үміткер сөйлеуді меңгерген. Бірақ, көпшілік алдында сөз сөйлеп дағдыланбаған, үйренбеген. Ел басқаратын адам сөз сөйлеп машықтануы керек.
Лингвистикалық комиссия басшысының осы сөздерін тыңдап отырған біздер, журналистер Құрманғазы Рахметов сынақтан «құлаған» шығар деп ойлағанбыз. Олай болмай шықты. Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, комиссия мүшелері үміткер жөнінде көп ойланған. Нәтижесінде кандидат Құрманғазы Рахметов мемлекеттік тілді меңгерген деген шешімге келген.
Оның себебін Лингвистикалық комиссияның төрағасы былай түсіндірді: «Желтоқсан – кезінде біздің қасіретіміз болды. Қазір Желтоқсан – халықтың бағы. Желтоқсанда талай азамат халқының, елінің болашағы үшін құрбан болды. Олар нағыз күрескер еді. Солардың бірі сен екенсің, – деді Мырзатай Жолдасбеков үміткерге қаратып. – Сол біздің сай-сүйегімізді сырқыратып отыр. Біз осыны да ескердік».
* * *
Кеше, сондай-ақ президенттіктен үміткер Жақсыбай Бәзілбаев та Лингвистикалық комиссияның отырысында сынақтан өтті. Комиссия мүшелері оны мемлекеттік тілді меңгерген деп шешті.
Лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбековтің айтуынша, Ж.Бәзілбаев сынақтың бірінші кезеңінде «Абай қазақ халқының рухани көсемі» атты тақырыпта екі бет шығарма жазды. Жазба жұмысы орташа жазылған. Орфографиялық 3 қате, тыныс белгісінен – 4, стильдік 3 қате жіберген. Бәрін қосқанда – 10 қате.
– Екінші талап бойынша үміткер Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларынан үзінді оқыды. Кейбір нормалар бойынша ауытқулар болды. Бірақ, орташа оқыды деп бағалауға болады. Үшінші кезеңде «Абыройлы іс» атты тақырыпта сөйледі. Үміткер тақырыпты ашты, өз ойын жеткізе білді. Осылардың барлығын ескере келгенде, біз Ж.Бәзілбаев қазақ тілін меңгерген деген қорытынды шығардық, – деді М.Жолдасбеков.
Осы жерде айта кетейік, Жақсыбай Бәзілбаев бұған дейін екі президенттік сайлауға қатысқан болатын.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.