Әрине, маған Әбдірашид Ширханов сияқты ғажайып кәсіп иесімен жолығудың сәті түспеді. Адал еңбегімен бақытты, бақуатты ғұмыр кешкен ақсақалдың бақилық болғанына да оншақты жылдың жүзі болып қалыпты. Ұялы көзіне зиялылық тұнған, үлкен бір әулеттің иесі болған ұйғыр қариясы қарапайым кәсіппен адамдардың өлшеусіз құрметіне бөленіп өтуге болатынын дәлелдеген, дәріптеуге лайық ғажайып жан екен. Дінмұхамед Қонаевтың сағат жөндеушісі атанған ақсақалдың тағдырынан тағылым аларлық тұстар жеткілікті.
Жүзбе-жүз отырып, осындай сирек адаммен сырласа алмасақ та, Әбдірашид Ширхановтың өсіп-өнген ұрпағы, Алматыдағы Жібек Жолы көшесі бойындағы жарты ғасырға жуық тапжылмай тұрған сағат жөндейтін дүңгіршегі оның орнын еш жоқтатпайды. Қысқасы, жоқ адамды іздеткен нендей жәйт еді?
Осы арада міндетті түрде Әбдірашид ақсақалдың Гиннестің рекордтар кітабына есімі енгенін айта кеткен ләзім. Ол кісі 65 жылдың ішінде 500 мыңнан астам сағат жөндеп және сағат жөндеушілердің 41 адамнан тұратын әулетін құрушы деген атаққа ресми түрде ие болған. Яғни, оның өзінен тікелей тараған ұлдары, немерелері мен күйеу балалары осы кәсіпті әлі күнге дейін нәсіп етіп отырған жайы бар. Және Әбдірашид Ширхановтың сағат жөндейтін дүңгіршегі де сол баяғы күйінде, сол баяғы орнында сан мыңдаған сағаттардың тоқтап қалған «жүрегіне» жан бітірумен келеді.
Тықылдаған тілімен уақыттың үнін шығарып тұрған сағаттар – қазіргі ең күрделі механизмдердің, тіпті компьютердің де атасы екені айтылып қалады. Ақиқатында солай. Қарапайым қол сағаттардан бастап, ғұмыры ғасырлардан да асып жығылатын сирек кездесетін сағаттарға дейін кілтипанын тауып жөндей білетін жан қай кезден, қай уақыттан бастап Дінмұхамед Қонаевтың жеке сағат жөндеушісі болғаны өзіне ғана мәлім. Бізге белгілісі, байлыққа қызықпаған Димаш ағадай тұлғаның жеке сағаттарының коллекциясы болғаны және оларды тексеріп, жөндеп, уақытын дұрыстап отыру тек Әбдірашид Ширхановқа ғана бұйырған.
Адам тани білетін, қолынан іс келетін жандарды қашанда қастер тұтқан Димаш ағамыз сағат жөндеушісін өте сыйлаған деседі.
Өз ісінің хас шеберіне Қонаевтың ғана емес, Эйзенштейннің, Брежневтің, Лященконың де сағатын жөндетуге алып келіп отырған. Оның 65 жыл бойы «тірілткен» жарты миллионнан астам сағаттарын тізбектесек, мүмкін басқа да танымал тұлғалар шыға келер, бәлкім?! Бірақ, мәселе Ширхановтың кімдердің сағатын жөндегенінде емес, қалай жөндегенінде, ғаламат білгірлігінде! Анығырағы, сағат шебері мұндай әйгілі жандардың сағатын жөндеді дегеннен гөрі, реставрациялап отырған десек дұрыс болатын секілді.
– Біздің әкеміз ғана емес, бабамыз да сағат жөндей білген екен. Бірақ, әкемізді бұл кәсіпке шындап баулыған адам Ю Аньлай деген қытай шебері көрінеді. Ал бабамыздың 1900 жылы Германиядан алдыртқан кішігірім станогы болған. 1898 жылы жасалған осы қол станогымен сағаттың ең майда, ең күрделі бөлшектерін жасап шығаруға болатын. Қазір ол станок біздің әулеттің ең қадірлі жәдігері. Ата-бабамыздың көзіндей болып тұр, – дейді Әбдірашид ақсақалдың ұлы Әбдімәжит Ширханов.
– Әкеміз Қонаевпен де осылай табысқан. Димаш ағаның коллекциясында сирек кездесетін көне сағаттар да болған. Солардың тілін білген адам біздің әкеміз. Брежневтің де «Вымпел» деген қалыңдығы бар болғаны 2 мм. сағаты болыпты. Бұл дүниежүзіндегі ең сирек, ең жұқа сағат. Жұқалығы Швейцарияның сағаттарынан да асып түскен. Брежневтің сол сағаты Алматыға келгенде бұзылып қалады. Соны Бас хатшының көмекшілері бізге алып келген екен. Әкеміз неміс станогының көмегімен осы сағатты жөндеп берген. Ленинградтағы Эрмитаж сағаттарын, Германиядан әкелінген кейбір сағаттарға да жан бітірген, – дейді мақтанышпен ұлы Әбдімәжит.
– Адамның жасағанын – адам жасайды. Тек ерінбесеңдер болғаны. Бірақ, зейнеткерден ақша алмаңдар. Иманды болыңдар, иман бар адамда – ынсап та болады. Тек сынып қалған, салып берген бөлшегіңнің ғана ақысын ал. Қарт адамдарды риза етіп жіберіңдер! Батасын беріп, рахмет айтып кетсе – істерің алға жүреді деп отыратын әкеміз, – дейді ұлы Әбдімәжит бізге.
Ұлдары әкелерінің мұқтаж адамдарға үнемі қарайласып, отыны жоққа отын, күйі жоққа қолғабыс етіп жүретінін да ыстық ықыласпен еске алады.
«Батамен – ер көгереді, жаңбырмен – жер көгереді» деген сөздің рас екендігіне осы әңгімеден кейін тағы да көзіңіз жете түседі. Қазақстанда тату-тәтті, бақуатты күн кешіп келе жатқан әйгілі де қадірлі ұйғыр әулеті осы Ширхановтар.
Әбдірашид ақсақал 82 жасында өз ұрпағының ортасында, соңғы сәттеріне дейін сағаттарын тықылдатып жөндеп отырып, ауырмай-сырқамай көз жұмған.
Ал мына бір естелікте, яғни 81-ге келген туған күніне 10 баласынан туған 40 немересі мен 14 шөбересі, ағайын-туғандары қатысып, төбелеріне көтергені туралы айтылады. Содан бері де тоғыз жыл өтіп, талай таң атып, кеш батып, Ширхановтардың басына бас, жасына жас қосылып жатқан жайы бар. Бұл отбасының әрбір мүшесі айналасына адал еңбегімен сыйлы.
Қазір Әбдірашид атаның дүңгіршегінде екінші ұлы Абдулатиф сағат жөндеп отыр. Мына сағатты мен жөндей алмаймын деп айтпайды. Есін біліп, етегін жапқалы бері әкесі қандай сағат жөндемеген, қандай сағатқа жан бітірмеген. Әкенің жанында тапжылмай отырып, кәсібін бақылаған балалары кіп-кішкентай «жүрегі» бар сағаттың әрбір бөлшегін бес саусағындай жаттап өседі.
– Сағаттардың ішінде күрделілігі жағынан, бөлшектерінің есепсіз көптігі жағынан «Репетитор» алда еді. Бұл сағат қазір тек музейлерде ғана бар. Әкеміз оны айтпағанның өзінде сырбаз «Сейко», «Ориент», сенімді «Победаны» суда жүзген балықтай тілін табатын. Жапон сағаттарын жапондардың өзі сияқты дәл жүреді әрі тап-тұйнақтай деп жақсы көретін, – дейді шебердің ұлдары.
Сирек мамандық иесі болмаса да, Ширхановтың қарапайым сағат жөндеушісі болса да аса танымалдылығының сыры неде? Алдымен шеберлігінде, сосын адалдығында болса керек. Оның үстіне ол кісі 39 жыл бойы бір жерде, бір дүңгіршекте табан аудармай жұмыс істеген. Мына қызықты қараңыз, ұлдарының айтуынша, ол кісі туралы түрлі басылымдарда 39 мақала жарық көрген және 2 деректі фильм түсірілген.
Уақыт әрине алға жылжуда, дүңгіршегі де аздап орнынан жылжыған, ең бастысы кәсібі өзі кеткен соң да жалғасын тапқанына қуанасың. Алты ұлы да, тіпті төрт қызының да сағат жөндеуге икемі бар. Әулеттерінен басқа да ісмерлер, зергерлер шыққан. Ширхановтың зергерлік өнер қонған ұлы – Әбдухамит. Қазір өзге ұлдары Абдулазиз мен Шухрат, кенжесі Абдуғани да тырсылы тоқтаған сағат көрсе тосырқап тұрмайды.
Бақытты ғұмыр кешіп, тал егіп, ұл-қыз өсіріп, адал кәсіппен айналысқан ғажайып ғұмыр иесі дүниеден озғанда Алматы басылымдары: «Уақыт әміршісінің жүрегі тоқтады» деп өкінішпен жазыпты. Қарапайым кәсіпті керемет өнерге, өмірінің өзегіне айналдырып, тамаша тағылыммен өмір сүрген жан өз ісін де өз биігіне көтеріп кеткенін қалай тәнті болмассың. Жұмыстың жаманы, мамандықтың қоры болмайтынын осындай қасиетті жандар ғана ұлықтай алмақ!
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.
Суретте: Әбдірашид ШИРХАНОВ. 90-шы жылдар.