«...Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді, Тарихтың тереңінен сөз келгенде» деп көрегендіктен айтып кеткен сөздеріне сай, Баукеңнің жүз жылдық мерейтойы өткен жылдың басында Мәскеуде басталғаны мәлім. Тараз қаласындағы «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы әзірлеп, Мәскеудегі «Мұрагер» қоғамының президенті Жәнібек Елекбаевтың, «Қазақ тілі» қоғамының жан-жақты көмектесуімен, Қазақстан елшілігінің басшылық жасап, қолдау көрсетуімен Мәскеудің «Леном» баспасы Бауыржан Момышұлына арналған «Легендарный батыр» жинағын жарыққа шығарып еді. Осы жинақтың Қазақстан елшілігінде өткізілген тұсаукесер-таныстырылымы – Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойының беташары болды. Бұған Ресей Мемлекеттік Думасының, Мәскеу Үкіметінің, Ресейдің Қорғаныс министрлігінің, Өңірлік даму министрлігінің, Мәскеудегі Ұлы Отан соғысы және Қарулы Күштер мұражайлары қызметкерлерінің, көзі тірі панфиловшы ардагерлердің өкілдері, генерал И.В.Панфиловтың қызы Майя Панфилова, Баукеңнің Мәскеуде тұратын перзенті Елена Бауыржанқызы Коркина, Қазақстаннан халық жазушысы Шерхан Мұртаза бастаған азаматтар қатысты. Тұсаукесер рәсімін ашқан Қазақстан елшісі Зауытбек Тұрысбеков «Легендарный батыр» кітабының Бауыржан Момышұлының рухани мұрасына қосылған елеулі қазына екеніне назар аударып, аталған жинақ даңқты батырдың есімін мәңгі есте қалдыруға, халықтар арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға, ұрпақтардың адамгершілік бейнесін қалыптастыруға жол аша түсетінін айтты. Ұрпақ ауысып, заман өзгеріп, қандай қоғам орнықса да, Бауыржан Момышұлының тарих қалыптастырған біртуар тұлғасы мен дәуір бас иген қаһармандығының өзгермейтін өз шындығы бар. Ресейліктер кешегі һәм бүгінгі буынының Кеңес Одағының Батыры, бір өзі бір халықтың намысына айналған даңқты қазақ Бауыржан Момышұлының есімі мен ерлігін құрметтеп, қастерлеуде. Өйткені, Бауыржанның ерлігі – Мәскеудің мәңгілік тақырыбы. Баукеңнің, Александр Бек айтатын «фамилиясы жоқ адамның» атын айдай әлемге жайған, ерлігін танытқан Мәскеу түбіндегі сұрапыл шайқастар. Оның атағы мен даңқы адамзатты азат еткен Ұлы Жеңістің болмысымен біртұтас дейтініміз де сондықтан. Баукеңнің ұлы тойының Мәскеуден бастау алғаны, бұған ең алдымен Мәскеу жұртшылығының ықылас білдіргені – тарихи шындық пен өмір шындығының өзара үндесуі еді деп түйіндейтініміз де сол себепті. Орыс елі Бауыржан Момышұлын өздерінің бас қаласын жауға бермеген жауынгер қолбасшы, генерал Панфиловтың сенімді серігі, Волоколамск тас жолындағы «Арпалыстың» (А.Бек романы) шын иесі, «Москва үшін шайқастың» ең басты кейіпкер-авторы деп біледі. Ұлы Отан соғысы жылдарында, қанды майдан төсінде Панфилов пен Бауыржандар шыңдаған шын мәніндегі достықтың бүгінгі Қазақстан мен Ресей арасындағы өзара ынтымақты байланысты байытуға, әсіресе, екі тараптағы да өткенді біліңкіремей өсіп келе жатқан жас буынға тарихи тағылым бола алатындығын естен шығаруға болмайды. Қазақстан үшін, қазақтар үшін бұл соғыс – кешегі ортақ тарихтың бір бөлшегі. Бабаңның қаны төгілген, атаңның сүйегі жатқан, әкеңнің есімі тасына ойып жазылған топырақ қалай жат болады? «Соғыс көрген әкелерден жаралып, соғыс көрген аналарды емген» ұрпақ мұны жақсы түсінсе керек. Қан майданда қаза тапқан мыңдаған жерлестеріміздің, соның ішінде бірқатар Кеңес Одағы Батырларының сүйегі Ресей жерінде жатыр. Нүркен Әбдіров Ростов облысында, Жүнісбай Қайыпов пен Төлеген Тоқтаров Новгород облысында, Әлікбай Қосаев, Мұсабек Сеңгірбаев, Нарсұтбай Есеболатов Мәскеу облысында, Боран Нысанбаев Орел облысында, Қарсыбай Сыпатаев Қалмақ Республикасында жерленген. Дубосеково бекетіндегі аспанмен астасқан алты солдаттың тас бейнесінен түзілген 28 панфиловшыларға арналған, 1975 жылы тұрғызылған алып мемориалды алыңыз. Бұл – жиырма сегіз панфиловшылар сапында болған алты ұлт өкілдерінің өр тұлғасын өрнектеген тас тұғырлар. Алайда, қазіргідей заман өзгеріп, Ұлы Отан соғысына деген көзқарас өзгешеленіп жатқан кезде панфиловшылар ерлігіне күмәнмен қараушылар кездесетіндігін айтпаса болмас. Оны қолдан жасалған ерлік дейтіндер бар. Бірақ мына бір оқиғаны еске түсіріп көрелікші. 1941 жылдың қаһарлы қарашасының 16 жұлдызында Мәскеуге қарай өршелене ұмтылған жаудың танк дивизияларына қарсы Волоколамск тас жолы тұсында, Дубосековоның ойық-ойық орманды даласында Панфилов дивизиясының қантөгісті қорғаныс ұрыстарын жүргізгенін ешбір тарих жоққа шығара алмайды. Бұл соғыстың дерегін Баукең «Москва үшін шайқас» кітабында тарихи тұрғыда тиянақтап берді. Мұны ерлік емес деп кім айта алады? Нелидово деревнясында бауырластар зираты бар. Деревняда 1967 жылдан бері Батыр-панфиловшылар мұражайы жұмыс істейді. Мұражайда И.Панфиловтың, Б.Момышұлының, В.Клочковтың және басқа да қаһарман жауынгерлердің өмірі мен ерлігіне байланысты мыңдаған экспонаттар жинақталған. Панфиловшылардың ерлігі әлемге танылған 16 қарашаға орайластырып салтанатты түрде ашылған Батыр-панфиловшылар мұражайы 40 жылдан бері жүйелі жұмыс істеп келеді. Мұражайдың жастарға тарихи-патриоттық тәрбие беруде, екі ел халықтарының соғыс жылдарында шыңдалған достығын одан әрі дамытуда ерекше орны бар. 2007 жылы Қазақстан елшілігінің қолдауымен Батыр-панфиловшылар мұражайының құрылғанына 40 жыл толуы лайықты аталып өтті. 2005 жылы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке тапсырмасы бойынша Волоколамск қаласында Кеңес Одағының Батырлары Иван Панфилов пен Бауыржан Момышұлының мүсіндері орнатылған болатын. Еліміздің басшысының Волоколамск қаласында қос батырдың мүсіндерін ашу рәсімінде сөйлеген сөзінде И.Панфилов пен Б.Момышұлының Қазақстанға да, Ресейге де бірдей ортақ, аса қадірлі адамдар болғанына назар аударып, бұл орнатылған ескерткіш-белгілер Мәскеу мен Сталинградтың, Курск мен Берлиннің түбінде қаза тапқан белгілі һәм белгісіз барлық жауынгерлердің де рухын бейнелейтінін атап көрсеткені кейінгі талай жиындарда қайталанып, тілге тиек болып жүр. Қазақстандықтардың Мәскеу түбіндегі ересен ерлігінің осы ескерткіштері бүгінде Қазақстан елшілігі дипломаттарының, Ресей қазақтарының тағзым ететін қастерлі орнына айналды. 16 қараша күні және дәстүрлі Жеңіс мейрамында Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің ерлігін еске алып, 28 панфиловшыларға арналған мемориалға, Нелидово деревнясындағы бауырластар зиратына, Волоколамск қаласындағы Батырлар аллеясында тұрған Иван Панфилов пен Бауыржан Момышұлының ескерткіш мүсіндеріне гүл шоқтарын қою, Батыр-панфиловшылар мұражайында болу – жыл сайынғы борышты іс болып қалыптасты. Ресей астанасының мерекелі жылы Баукең рухына адалдығын айқындаған қасиетті ісінің бірі Мәскеудің № 229 орта мектебіне Бауыржан Момышұлының есімінің берілуі еді. Бұл батырға ең алдымен қазақ халқына көрсетілген зор құрмет деп қабылданды. Бұған дейін Мәскеудегі Әлия Молдағұлова атындағы № 891 орта мектеп ақтөбеліктердің, Псков облысындағы Мәншүк Мәметова атындағы орта мектеп батысқазақстандықтардың қамқорлығында болып келе жатса, Әулиеата жұрты Бауыржан атындағы мектепті бірінші күннен қамқорлық аясына алды. Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев пен оның орынбасары Мейрамбек Төлепбергеннің басшылығымен, жамбылдық іскер азаматтардың қолдау-көмегімен Баукең мектебі түбегейлі жаңарып, жаңадан жабдықталып, жарақтанып, мұражайы ашылып, ауласына мүсіні орнатылды. Бүгінде іші-сыртының әспеттеліп, әсемделуі, жалпы жабдықталуы жағынан Әлия мектебі мен Бауыржан мектебіне теңдесе алатын білім ұясын бүкіл Мәскеуден табу оңай емес. Мұны мәскеуліктердің өздері де мойындап отыр. Ақтөбеліктердің Әлия мектебін, жамбылдықтардың Бауыржан мектебін қазіргі заманғы оқу-техникалық құрал-жабдықтарымен жарақтандыруға жұмсаған қаржылай көмегінің жалпы сомасы бір миллион АҚШ долларына жетті. Мәскеу жұртшылығы жуырда Әдебиетшілердің орталық үйінде Бауыржан Момышұлын еске алуға арналған салтанатты кешке жиналды. Елшіліктің қолдап, көмектесуімен, кештің ұйымдастырылуына Ресей Жазушылар одағы, Әдебиетшілердің орталық үйі, Мәскеудегі «Мұрагер» және «Қазақ тілі» қоғамдары, мәскеулік студент-жастардың «Жас қанат» ұйымы ұйытқы болды. ...Кенет кең залды Левитанның әйгілі дауысы кернеді: «Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар! Мәскеуден сөйлеп тұрмыз!..». Іле-шала «Қасиетті соғыс» әні қалықтады. Ән қанатына ілесіп, кешті жүргізуші – Қазақстанның мәдениет қайраткері, белгілі өнерпаз Абылайхан Оспанов «...Бұдан жетпіс жыл бұрын Мәскеу түбінде қантөгіс шайқастар болып жатты... Сол қан майданның ортасында қазақтың қайсар ұлы Бауыржан жүрді...» деп тебіренте сөз бастады. Бұған академик-жазушы Сәбит Мұқановтың «Батыр інім Бауыржанға» өлеңінің: Я много прошел и тропинок, и трасс, Немало увидел стран, И вместо приветствия слышал не раз: Москва, Казахстан, Баурджан! Тогда, восхищенье читая в глазах Гаванцев, пражан, парижан, Был горд, что герой этот славный – казах, Земляк мой – стальной Баурджан, – деген өршіл жолдары жалғасты. Сахна төрінде – батыр бейнесі. Экраннан «За нами Москва» фильмінің фрагменттері өтуде. Кино көріністері аясында Алматыда құрылған Панфилов дивизиясының тарихы баяндалып, жауынгерлерді жорыққа аттандырған Жамбыл ақынның жыр жолдары тасқындай төгілді. Ол бірте-бірте әйгілі «Жеңіс күні» әнінің әуеніне ұласты. Осы кештің сүйінші һәм сүйінішті жаңалығы – «Ердің ері – Бауыржан» деп аталатын жаңа әннің тұсауы кесілгені. Әннің сөзі мен сазының авторы – халықаралық А.Фадеев атындағы және «Алаш» әдеби сыйлықтарының лауреаты, белгілі ақын әрі сазгер Тұрсынай Оразбаева. Мәтінді орысша аударған – ақын Людмила Щипахина. Жаңа әнді бірінші рет Мәскеудегі студент жастардың «Жас қанат» қоғамдық ұйымының мүшелері орындады. Иә, Бауыржан батырдың былтыр Мәскеуде басталған тойы кең байтақ атамекенімізді аралап келіп, қайтадан Мәскеуде тоғысты. Ол жоғарыдағы кеш еді. Баукең туралы кез келген келелі кеңес, кең толғау әрқашан аңызды емес айғақты, ақиқатты, шындықты алға тартады. Мәскеуліктер Бауыржан Момышұлы жайлы салиқалы сөзге құштар, оның заманнан заманға өткен өр тұлғасын, ескірмеген ерлігін қадірлейді, құрмет тұтады. Міне, Бауыржан Момышұлына арналған бұл кеш қаһарманын қастерлейтін, өз ерлерін ескере білетін қазақы қасиетімізді тағы да танытты. Күні кеше арамыздан кеткен көрнекті қаламгер Әзілхан Нұршайықов жазған атақты «Ақиқат пен аңыз» романында мынадай бір сәт бар: Бауыржан Момышұлы міндетті әскери борышын өтеуге аттанатын кезде әкесі бата береді. Сол батаны Баукең ұмытпай, есінде сақтап жүреді екен. Исі қазақтың мақтанышына айналатын алтын айдар ұлына Момыш баба батасымен сөз аяғын түйелік: Ақ жүрек болып жолдасың, Адалдық сені қолдасын. Жақсылық үшін тірессең, Жаныңды арың қорғасын. Арынды болсын шабысың, Алымды болсын табысың, Найзадай болсын намысың, Ер жігітке бәрі сын. Қиындық көрсең мұқалма, Ауырлық көрсең жұқарма, Қамқоршы болып кішіге, Үлкенді үлгі тұт алға! Серікқали БАЙМЕНШЕ , «Егемен Қазақстан» – Мәскеуден..
Автор туралы анықтама
Серікқали БАЙМЕНШЕ «Егемен Қазақстан» газетінің Мәскеу қаласындағы өкіл тілшісі қызметіне кірісті. Біз бүгін әріптесіміздің алғашқы мақаласын беріп отырмыз. Ол 1956 жылы туған. 1977 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген соң Ақтөбе облыстық «Коммунизм жолы», республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде еңбек етті. Сыртқы істер министрлігінің екінші хатшысы қызметін атқарып, Парламентте жауапты жұмыста болды. Қазір Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің бірінші хатшысы. Филология ғылымдарының докторы.