Әлем және Қазақстан
Жаһанмен үндес жарқын ел
Тұңғиық тарих. Сол тұңғиықтың ең тереңінен бастау алып, бетіне дейін үзілмей келе жатқан бірде тұма, бірде тұзды қарт Еуропа тарихы. Аумағы Азиядай болмаса да, абыройы тез биіктеген, халқының тығыздығы да тым жоғары, өркениет бастауында тұрған құрлық. Осыдан екі-үш ғасыр бұрынғы заманда-ақ еуропалық дамуға деген қызығушылық, ондағы ғылымға, өнерге деген құштарлық, Еуропамен достық қарым-қатынаста болуға ұмтылыс Еуразияны мекендеген мемлекеттердің тарапынан да анық сезіле бастады. Жартылай Еуропа құрлығында орын тепкен Ресей патшалығы да өз даму жолында Еуропадан сабақ, оның озып кеткен өркениетінен өнеге алып отырды. Ресейдің ұлы патшасы Петр І өзімен өзі болып келген Ресей «үйінен» Еуропаға «терезе» ашты. Ал өркениет ғасырында Тәуелсіз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Еуропаға жол» атаулы ауқымды мемлекеттік бағдарламасына сай елімізде игілікті істер атқарылуда. Тарихы тереңнен басталатын Еуропа ескірмесе де көнере бастағаны, әлемдік қаржы дағдарысының зардабын кейбір елдерінің қыр арқасымен сезініп отыруы күрмеуі оңай тарқатыла қоймайтын кейбір қайшылықтар мен күрделіліктерге әкелгені жасырын емес. Әлемдік ауқымда беделді халықаралық ұйымдардың бірегейі ЕҚЫҰ-ның қызметінің уақыт туындатып отырған күрделі мәселелерді мейлінше оң шешу бағытындағы жүйелілігі мен ырғақтылығын, жітілігін қалыптастыру келешектік маңызға ие болды. Одан елдер арасындағы, континенттер, конфессиялар, діндер арасындағы бейбіт өмір, саяси сауаттылық, еуразиялық экономикалық интеграция, т.б. халықаралық мүдделердің тәуелділігі анық сезілді. Осыдан төрт жыл бұрын ЕҚЫҰ-ға төрағалық таңдауының, айтып отырғанымыздай, күрделі кезеңде Қазақстан мемлекетіне тоқтауының өзі тектен-тек емес еді. ЕҚЫҰ-ға қазақша айтқанда, мүйізі қарағайдай мемлекеттер мүше. Бірақ таңдау, салыстырмалы түрде айтар болсақ, мүше болғанына көп уақыт өтпеген, ЕҚЫҰ өмірінде аса «танымал» емес Қазақстан мемлекетіне неге түсті? Бұл сұраққа әлемнің көптеген мемлекеттерінің көрнекті өкілдері үш-төрт жыл бойы жауап беріп келеді. Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жылының әрбір сағаты сол жауаптардың дәлдігін, дұрыстығын дәлелдей түсті. Қазақстан мемлекеті осынау беделді, бейбітшілік пен ынтымақ, мүдделестік, ортақ мақсаттылықты орнықтыра түсуді міндет санаған, мойнына алған ЕҚЫҰ-ға төрағалық жылын тиянақты нәтижелерімен көрнекілей тәмамдап, Қазақстанның беделді Ұйым басындағы төрағалық қызметі төрткүл дүние тараптары талқылап, дұрыстығына шүбә келтірмеген таңдаудың талабы деңгейінен көрініп, көптеген елдер мен мемлекеттерді толғандырған тақырыптарды шешуге Еуропа елдерін ұтымды ұйымдастыра білді. Көпті көрген көнекөз, талғампаз, қандай қиын мәселені шешерде де балама, қосалқы нұсқаларсыз болмайтын өркениетті мемлекеттер ұйымдастығына жетекшілік ету жұмысында Қазақстан өз қолтаңбасын қалдыра алды. ЕҚЫҰ-ның басты міндеті, мақсаты адамзаттың бейбіт өмірін, беймарал, қамсыз болашақты бекіте түсу болса, оны жүзеге асырмақшы, оған мұрындық болмақшы мемлекеттің өзі бейбітшіліктің қазанын алдымен өз төрінде, өз ішінде қайната алған, бірлігі баянды, тірлігі тұғырлы, ісі оңынан оңғарылған мемлекет болмағы төрағалық етпекші ел сипатының ең басты көрсеткіші еді. Өзге түгілі өз тірлігін ұйымдастыра алмай, береке-бірлікке, ел іші ынтымақтастығына, экономикалық дамуға төрелік етуге дәрмені жетпей, сүттей ұйып, суреттей көріне алуға қолы қысқалық етіп отырған елдерге мұндай биік жауапкершілік сеніп тапсырылмасы айтпаса да түсінікті болатын. Халықаралық деңгейде, құрлықаралық өлшемде абыройға ие болып, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету талаптарына сай болу өзінен-өзі келген жоқ. Ол орасан еңбектің нәтижесінде мүмкін болды. Әлем мемлекеттерінің басым бөлігінің мүддесін өз елінің, өз халқының мүддесіндей сезіне алатын, 55 елдің қажетін өз қажетіндей, ортақ қажеттіліктей түсінетін, соның арқасында бейбітшілікті, әлемдік бір-біріне сенім мен сыйлаушылықты мемлекетаралық, халықаралық бейбітшілік ережесіне, нормасы мен стандартына айналдыра алу қабілеті бар елге көрсетілген сенім ЕҚЫҰ төрағалығы арқылы айшықталған еді. Жоғарыда айтқанымыздай, терең тарихы бар, өркениетті, еуропалық елдердің ұжымдастығын басқарып, олардың ортасында төрелік айту оңай шаруа емес. Ондай ортада сөз алып, жетекшілік жасау дегеніміз майданның жеңісі тылдың беріктігіне байланыстылығы сияқты (бейнелеп айтар болсақ), артыңдағы өз еліңнің қаншалықты берекелі, мәдениетті, экономикалық жағдайы жақсылығы, болашағының сенімділігі сияқты көрсеткіштердің, факторлардың жоғары да берік екендігіне байланысты. Іс жүзінде өзінде жоқ нәрсені – қоғамдық келісімді, ұлтаралық татулықты, дінаралық түсіністікті уағыздау ешкіммен де қабылдана қоймасы хақ. Сондықтан біздің Қазақ елінің бүгінгі жағдайы өзгелер мүддесіне мүмкіндік жасалар мінберден сөйлеуге мүмкіндік берді. Біздің Қазақстан мемлекетінің әлемдік қаржы дағдарысының әлі де болса айылын толық жия қоймаған, қиыншылығы жоқ емес кезеңде ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі, әрине, бұл жұмыстағы жауапкершілікті еселей түсті. Сонымен қатар, соңғы жылдары жеткілікті деңгейде мән берілмеген кейбір мәселелерді жаңғырту, жолға қою, ЕҚЫҰ-ның құзыретіндегі мәселелерге қайта оралу сияқты тұстар да қозғауын күтіп келген. Солардың бірі бірнеше жыл бойы өткізілмеген Саммит еді. Міне, бұл Саммит те сәтімен өтті. Осынау, Еуразия мемлекеттерінің сан түрлі мәселелерге сараптама жасалып, болашағы болжанар, бейбітшілігі мен ынтымақтастығы беки түсіп, дәстүрлі достығы дами түсуіне алғышарттар тізімі толықтырылған халықаралық алқалы жиын біздің елдің ЕҚЫҰ-ға төрағалық жылының жемісі, жалпы ЕҚЫҰ-ның бірнеше жылдың қорытындысын негізге ала отырып, алдағы бейбіт те берекелі жылдар жоспарына жобалар жасау, оларды бас қоса, ақыл тоғыстыра отырып бекіту шарасы болып табылды. Астана Саммиті Еуропа, Азия, Еуроатлантика елдерінің бейбітшілік, ынтымақтастық негізіндегі даму даңғылының, оның тарихының Қазақстан мемлекеті жазған тозбас, тамаша парағы болып, жаһанмен үндестік тапты. Қажымұқан ЕСҚАЛИЕВ, ақын. Атырау