Кеше «Нұр Отан» ХДП-ның Орталық аппаратында партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин Еуропа Халықтық партиясы делегациясымен кездесті. Кездесу барысында тараптар партия қызметінің негізгі бағыттарын, соның ішінде партияаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
«Нұр Отан» Азияның, Еуропаның, Американың жетекші партияларымен байланыс орнатып, Қазақстанда аккредиттелген Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы, ЕҚЫҰ сияқты халықаралық ұйымдарымен белсенді әріптестік қарым-қатынас орнатқан.
Еуропа Халықтық партиясы құрамында қазіргі таңда 39 елдің 73 партиясы бар. Сондықтан бұл партия көп жылдардан бері Еуропа парламентінде басымдыққа ие Еуропадағы ірі партиялық институт ретінде көптеген елдердің партиялық қызметін реттеуде зор тәжірибе жинақтаған.
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Еуропалық одақпен әріптестікті нығайтуға айрықша назар аударып отырғанын айта келіп, Нұрлан Нығматулин Еуропа Халықтық партиясымен ұзақ мерзімді байланыс орнатуға деген ниетін білдірді.
Өз кезегінде делегация мүшелері Орталық Азияның саяси тұрақтылығындағы Қазақстанның маңызды орнын атай келіп, билік партиясымен болған өзара тиімді әрі конструктивті үнқатысу үшін ыстық ықыластарын жеткізді.
«Егемен-ақпарат».