Медғат Құлжановтың құлшынысы
Осыдан алты жыл бұрын Ұлыбританияның астанасы Лондон шаһарындағы ең танымал Royal Festival Hall концерт залында Карл Дженкинстің жетекшілігімен Корольдік симфониялық оркестрдің ауқымы кең концерті зор мәртебемен өтті. Сахна төрінде «Шәкәрім» сюитасы ерекше екпінмен орындалды. Ол қазақтың ұлы ақын-композиторының шығармалары желісімен жазылған туынды еді. Содан соң сюита әлемнің басқа да өнер ордаларында және Шәкәрімнің туған жері – Қазақстанда да асқақ шырқалды. Бұдан кейін іле-шала «Абай» симфониялық туындысы дүниеге келді. Міне, осылайша меценат Медғат Құлжановтың есімі алғаш рет көпшілікке кеңінен танылды. Алайда, ол туралы ақпарат интернетте көп жазылған емес. Бұл кісімен жақынырақ танысу үшін оның жүріп өткен жолына тереңірек үңіліп, өзімізше зерттеу жүргіздік. Ақыры Медғатпен танысудың сәті Алматыда түсті. Атымтай жомарт жан жылдың тек бірнеше айын ару қала Алматыда ғана өткізіп, тиісті шаруасын тындыруды әдетке айналдырған. Сонымен Медғат Құлжанов деген кім өзі?
Бастапқыда бизнесмен-мұнайшы құрылыс саласында шыңдалып-шынығып өскен екен. Жас кезінде политехникалық институттың инженерлік-құрылыс факультетін бітіріп, Алматы, Екібастұз, Қапшағай қалаларындағы құрылысқа қатысып, талай ғимаратта өзіндік қолтаңбасын қалдырыпты. Жұмыс істеп жүріп аспирантураны да тәмамдап тастапты. Дәм-тұз бұйыртып Екібастұзға жол тартыпты. «Екібастұзэнергоқұрылыс» басқармасының бастығы қызметіне тағайындалып, қыруар істің басы-қасында жүргені әлі күнге ұмытылған жоқ. Ал Алматыға қайтып оралғаннан кейін «Казорттехстрой» жобалау институтының бөлім меңгерушілігіне бекіп жүктелген жұмыстың тиянақты тындырылуына үлес қосты.
Ол кезде оның жасы отыз сегізде еді. «Қажетті уақытта қажетті жерде болғаныма әлі күнге қуанамын, – деп еске алады өзі туралы Медғат Кәрімұлы. – Біз сол тұста тұрғын үй құрылысындағы жаңа бағыт – біртұтас құйма үй құрылысын қолға алып бастаған едік. Мұндай технология тұрғын үй құрылысында алғаш рет қолданылды. Іргетасты шегендеу технологиясының авторы белгілі құрылысшы Михаил Загороднев деген тамаша азамат болатын. Ал біз тұрғын үй құрылысын салу кезінде оның әдістемесін енгізуге құлшына кірістік. Жаңаның аты жаңа емес пе, таңсық дүниені іске асыруға асық болып, уақытымыздың көбін құрылыста өткіздік».
Шын мәнісінде бұл іс болашақ кәсіпкер үшін маңызды оқиғаға айналды. Жаңалық жерде жатсын ба. Жұмысы дөңгеленіп, тасы тауға домалады. Аталған жобаға жоғары қызметтегілер де қызығушылық танытты. «Әлі есімде, әлгі құрылыс басталғаннан соң бізге КСРО Мемлекеттік құрылыс комитетінің төрағасы Юрий Баталин бастаған беделді делегация келді. Оның құрамында сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев пен республика Құрылыс министрі Николай Макиевский де бар еді. Келген адамдар жаңа технологияны қызу талқылап жатты. Біз болсақ, Нұрсұлтан Әбішұлымен еліміздегі жалпы ахуал туралы пікірлесіп, ой бөлістік, сөйтіп қалыптасқан жайтқа әбден қанықтық», деп өткен күндер туралы сыр шертті Медғат Құлжанов. 1988 жылы М.Горбачев нарықтық экономиканың жаңа бағыты – кооператив қозғалысын ұйымдастыру туралы жарлыққа қол қойды. Осыдан кейін Медғаттың өмірінде ең қызықты әрі маңызды кезең басталып, алдағы тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберді. Медғат Кәрімұлы кооператив туралы естісімен тәуекелге бел байлап, алғырлық пен табандылыққа сүйеніп өз ісін ашуға өтініш жазды. «Басында маған күле қарағандар көп болды. Кез келгеннің қолы жете бермейтін басқарма бастығы қызметінен бас тартып, қайдағы бір күмәнді іске ден қойғаны несі, деп аяғымнан шалғандар кездесті. Мен оларға қарсы қасқайып тұруды мұрат тұттым. Сөйтіп қолға алған істі алға қарай сүйреуге құлшына кірістім, «сабыр түбі – сары алтын» демекші, кейінірек рахатын көрдім», деп еске алады өткен шақты Медғат Кәрімұлы.
Медғат Құлжанов Орталық Комитеттің мақұлдауы бойынша министрліктен 100 мың рубль ақшаны қарызға алуға қол жеткізді. Содан Рудный қаласында қалып сатып алып, құрылысшылар бригадасын құрды. Жыл ішінде кооператив алғашқы біртұтас құймадан жатақхана ғимаратын тұрғызып шықты. Оның салтанантты ашылу рәсіміне Нұрсұлтан Назарбаев пен Николай Макиевский келіп қатысты. Баспасөз және телевизия өкілдері де ғимараттың ашылу сәтін жарыса жариялап, көрсетті. Құрылыс кооперативі қарқынды жұмыс істеуді күнделікті дағдыға айналдырып биіктен көрінді. Жұмысшылардың қалтасы қалыңдап, көңіл күйлері марқайды. «Сол жылы 7 қарашада дәстүрлі шеру өтіп жатқан еді. Біз мерекеге барудың орнына құрылыс алаңында құйматас құюмен айналысып жаттық. Бізге партком хатшысы келіп, жұмысымызды дереу тоқтатуды талап етті. Құрылысшылар хатшының әміріне құлақ аспай қойды. Келесі күні сөгіс алып, әзер құтылдық. Ол уақытта біз тек мерекеде ғана емес, сондай-ақ демалыс күндері де тізе бүкпей еңбек ететінбіз», деп өткенді есіне түсірді Медғат Кәрімұлы. Болашақ ірі кәсіпкердің нарықтағы алғашқы тәжірибесі осылайша жемісті болып жалғаса берді. Кооператив несиеге алған 100 мың рубльді бір жылдан кейін қайтарып, қарыздан құтылды. Жұмыс жалғасып жатты, тәжірибе молайып, тапсырыс көлемі артты. Қапшағайда біртұтас құймадан коттедждер тұрғызуға бел шешпей кірісті. Құрылысшылар мемлекеттік басқару органдарында қызмет істейтіндерден он еседен артық жалақы алып, айды аспанға шығарды. Медғат Құлжановтың кооперативінде жұмыс істеуге қызығушылар қатары көбейді.
Кәсіпкер қашанда ізденіс үстінде жүретіндігімен ерекшеленеді. Ізденген іздегенін табатыны рас. Өткен ғасырдың 1991 жылы Медғат Құлжанов үшін табысты басталды. Жекешелендіру науқаны енді ғана жүргізіліп жатқан шақ еді. Медғат Заречный кентіндегі Ішкі істер министрлігіне қарасты ірі панельді тұрғын үй құрылысы зауытын сатып алды. Бұл Қазақстан бойынша жекешелендірілген алғашқы нысан болатын. Сол жылдары М.Құлжанов құрылыспен құлшынып айналысты. Оның «Монолит» кооперативі Алматыда Жұлдыз шағын ауданын, Қапшағайда тұрғын үйлерді тұрғызды. Бизнес өрісін кеңейтіп Ресейдегі Ульяновск автозауытында шатыр жабындысы құрылысына қатысып, Өзбекстан мен Түрікменстанда тұрғын үй нысандарының бой көтеруіне атсалысты. Сібірдегі Новокузнецк қаласында да қызу еңбекке араласып іскерлігімен көзге түсті. Төрт жыл ішінде құрылыс саласында ауыз толтырып айталықтай тірліктер атқарып, өзгелерге өнеге-үлгі көрсетті.
Бизнестің қыры мен сырына әбден қаныққан Медғат Құлжанов мұнай саласымен айналысуға да бет бұрды. 1992 жылы «Қуат» холдингін ұйымдастырып өзіне етене таныс емес тосын істі бастады. 90-жылдары Кеңес Одағы құлағаннан кейін құрылыста да құлдыраудың қалыптасатындығын бағамдаған Медғат Кәрімұлы мұнай бизнесі туралы көп ойланып толғанды. Ол мектепте оқып жүргенде әлемнің барлық елдерінің экономикасын барынша білуге әуестенді. Шетелдіктердің түсіретін табыс мөлшерін шұқшия қарап танысты. Оның мұндай тосындау қылығына туысқандары да таңғалатын. Әсіресе, әпкесі «мұндай шым-шытырық санмен уақыт өткізудің не керегі бар», деп отыратын. Жастайынан бәрін білуге құштар болған Медғат айтқанынан қайтпай, экономиканың қатпарлы құпиясына бойлай берді. Әрине, пайдасын кейін көрді. Кәсіпкерлік тізгінін қолына алғанда баяғы бала кезіндегі құмарлығына риза болып қалатын. Жаңалыққа жаны құмар жан бағын отын-энергетика кешенінде бекер сынап көрмепті. Асығы алшысынан түсіп, ісі өрге өрледі.
Көптен бері оның көкейін кен орнын қалай сатып аламын деген түйткіл әбден мазалайтын. Ойын іске асыруға бел буып Германиядағы Дрезден қаласында өтіп жатқан энергетика саласының көрмесіне қатысуға сапар шекті. Ондағы мақсаты әлеуетті инвесторлар іздеп табу еді. Әлбетте, ол оп-оңай шешілетін шаруа емес екені де ақиқат. Дегенмен, алға қойған шаруасын ойдағыдай тындырды. Табысқа жетудің сыры мынада еді. Жолға шығар алдында Қызылорда облыстық әкімшілігінен ұсынымхат алып, соны көрме барысында инвесторларға ұсына қойғаны қандай жақсы болды. Себебі, әлгі хатта қала билігі М.Құлжановтың бастамасына толық қолдау көрсетеді деп жазылған еді. Ұсынымхаттың арқасында көрмеге қатысқан Медғат елге көкірегіне көп ой түйіп қайтты.
Алдына қойған мақсатын орындауға бар күш-жігерін жұмсаған оның бизнесте бағы жанып, жұлдызы жарқырай түсті. Жемісті жетістікке сенімділік пен табандылықтың, алғырлық пен көрегендіктің нәтижесінде қол жеткізгені даусыз. Бұған қоса атқарылатын шаруаға зеректік те көп жағдайда көмектеседі. Кейде барлық бастаманың оңды шешілмейтін сәттері де кезігеді. Мәселен, Медғат Германияда бір іскер адаммен жүздескенде әңгіме ауаны Алматыда құрамында қонақүй және бизнес орталығы бар кешен құрылысын салу мәселесіне ауады. Әлгі кәсіпкер құрылысты 100 %-ға қаржыландыруды мойнына алады. Бірақ, өкінішке қарай, шарт бойынша құрылысқа арналған жер телімін Үкімет үйінен 500 метр радиуста бөлуді талап етеді. Ал М.Құлжанов тек Тимирязев-Марков көшелері ауданынан жер бөлінуіне рұқсат алады. Алайда, мұндай ұсыныс германиялық кәсіпкердің көңілінен шықпайды. Сонымен аталған жоба жүзеге аспай сәтсіздікке ұшырайды. Дегенмен, өткенге өкініш білдірмей, ойындағы екінші жобаны жүзеге асыруға кіріседі. Берлин қаласында пластикалық қалдықтарды өңдейтін жалғыз зауыт жұмыс істейтін. Қос бірдей Германия қайта қосылған заманда зауыт қала ортасында қалып, кәсіпорынды жабу мәселесі туындады. Медғат Кәрімұлы осындай мүмкіндікті пайдаланып Берлиндегі қалдықтарды Қазақстанға жеткізіп өңдеуді жоспарлады. Қажетті жабдық сатып алып, пластикалық бұйымдар қалдықтарын өңдеуді ұйғарды. Жабдық құны арзанға түспеді. Бағасы 150 мың долларды құрады. М.Құлжанов несие алу үшін банкке өтініш бергенде, тағы да тығырыққа тірелді. «Сатып алып-сат» науқаны нағыз қызып тұрған кезде банктер мұндай сауда-саттық операцияларын қаржыландырудан қашқақтады.
Медғат Құлжановтың тауы шағылмады. Қайта жігерленіп серіктес, әріптес іздеуге тастүйін бекінді. Күндердің күнінде жомарт инвестор, британдық бизнесмен Роберт Кисин мырзамен кездесе қалмасы бар ма еді. Іскер адаммен пікірлесу қандай ғанибет. Шыны керек, ол кезде Медғат мұнай саласына әлі төселмеген кезі-тұғын. Сөйтсе де, қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, Заречный кентінде өз иелігінде ірі панельді тұрғын үй құрылысы зауыты бар екендігін алға тартқанда, шетелдік іскер Медғаттың уәжіне тоқталып, жүргізілген келіссөз ойдағыдай аяқталып, ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Осы құжат негізінде кен орындарын игеруге мойын бұрды. Геология министрлігінен кен орнын сатып алу мәселесінің мән-жайына қанықты. Содан жұмыс жүргізуге қолайлы Қоныс – Бектас кенішіне назары ауды. Сөйтіп кеніш Медғат Құлжановтың жетекшілігіндегі «Қуат» холдингтік компаниясының қарамағына берілді.
Мұнай бизнесі қомақты қаржы әкелді. Адал тапқан ақшаның арқасында кәсіпкер мәдениет саласына көңіл бөліп қаржыландыруды қолға алды. 2005 жылы Медғат Кәрімұлы халқымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 160 жылдығын Астана қаласында мерекелеуге ұйытқы танытты. Содан соң меценаттың қаржысымен 2008 жылы Шәкәрімнің 150 жылдығы мерекеленді. Астанада Шәкәрімнің екі томдық шығармаларын бастырып, ұлы композитордың музыкасын орындаушылардың кешін ұйымдастырды. Кейіннен Карл Дженкинске «Шәкәрім» және «Абай» музыкалық шығармаларын жазуға қыруар қаржы бөлді.
Кәсіпкер 2009 жылы өзінің бүкіл мұнай активтерін сатып Лондонға қоныс аударды. Тұманды Альбион астанасында кіші қызын ілім-білім негіздерін терең оқытуға ұйғарды. Қым-қуыт жұмыста жүріп қалжырағанын да сезінді. Өзге елге, жатжұртқа көшкен жылы оның жасы 60-тан асып жығылған еді. Бүкіл саналы ғұмырын бизнеске бағыштаған ол енді көбінесе қайырымдылық пен мейірімділік ісіне араласуды жөн санады. Жауапкершілігі мен тәуекелі қатар жүретін бизнес саласында толайым табысқа жетіп, талай істі тындырғаны дүйім жұртқа мәлім. Туған жерінде бизнестің жілігін шағып, майын ішкен Медғат меценаттық істі тоқтатпауды ұйғарды. Лондонда тұрақтап қалуыңыздың сыры неде деген сұраққа Медғат Кәрімұлы «Мұнда әлемнің барлық мәдени жетістіктері мен жауһарлары шоғырланған, әсемдік пен әдемілік үйлесіп, өзіндік қайталанбас келбетімен ерекшеленеді. Сондықтан да тұрып жатқан жайым бар» деді.
Биыл біздің кейіпкеріміз жетпіс жылдық мерейтойын мерекелемек. «Құдайға шүкір, Медғат Құлжанов қайырымдылық жасауда Атымтай жомарттығымен аты шыққан белгілі бизнесмен. Мен көпті көрген адаммын. Елімізде Медғаттай меценатты әлі күнге кездестірген жоқпын. Ол нағыз елжанды азамат ретінде игі істердің атқарылуына мұрындық болып, жүзеге асырылуына қажыр-қайратын да, қаржысын да аяған емес. Мәдениетіміз бен әдебиетімізді, бірегей өнерімізді әлемге танытуға жұмсаған еңбегі ерен. Әсіресе, хакім Абай мұраларын жаһандық кеңістікте дәріптеуге жол ашып, еліміздегі айтулы мәдени оқиғалар ортасында жүрді. Медғат пен оның ұлы Шыңғыс сауапты іс атқаруда өзгелерге өнеге болары хақ. Негізінен Шыңғыс қазір әкесінің ісін алға қарай жалғастырып, шоқтығы биік жетістіктерге де жетті. Арал теңізі туралы қазақстандық режиссер Катя Суворованың картинасына демеушілік жасап, үлкен экранға шығуына жол ашты. Ал бұдан бірнеше жыл бұрын Валерий Михайловтың «Ұлы жұт» кітабын Германияда бастыруға қолдау көрсетті. Әкелі-балалы Құлжановтардың атқарып отырған азаматтық істері қалай болғанда да мақтауға тұрарлық. Қашанда қайырымдылық жасауға құштарлық танытып жүрген олардың алар белестері әлі алда», дейді ақжарылқап тілекпен «Кино» компаниясының директоры, продюсер Сайын Ғұбдулин. Иә, расында да Сайын Ғұсманұлының айтқан сөзіне иланбасқа болмайды. Өйткені, Медғат Құлжановтың адамдық, азаматтық келбеті асқақ. Ол қашанда қайырымдылық жасауға құлшыныс танытады.
Марат АҚҚҰЛ,
«Егемен Қазақстан»