Иранның PressTV телеарнасы Ливия лидері Муаммар Каддафидің ұлы Саиф әл-Араб оппозиционерлерге қосылды деген ақпарат таратты. Аталған телеарнаның деректеріне қарағанда, әкесі ұлына күш құрылымдарының оппозиция жағына өтуін болдырмау жөнінде тапсырма берген көрінеді.
Бірақ ұлы қарсылық акциясына қатысушылар жағына шығып кеткенге ұқсайды. Сондай-ақ ол әкесі билікте қалуына тікелей қатер төнген жағдайда өзіне өзі қол салу немесе Оңтүстік Америкаға қашу мүмкіндігін қарастыратынын жария еткен. Ал басқа ақпарат көздерінен әл-Арабтың оппозиция жағына өткені туралы мәлімет тараған жоқ.
АЛЖИР ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖІМІН АЛДЫ
Алжирде 19 жыл бойы күшінде болған төтенше жағдай режімі алынып тасталды. Бұл ел қарулы күштерінің ішкі қауіпсіздік мәселелеріне араласуы айтарлықтай шектелетінін білдіреді.
Алжир басшылығы төтенше жағдай алынып тасталғанымен, террорлық ұйымдармен күрес жалғасатынын айтып отыр. Төтенше жағдай режімі Алжирде 1991 жылғы сайлауда исламистер жеңіске жеткенімен, оның нәтижелері есепке алынбай тасталғаннан кейін енгізілген еді. Ол исламистер мен зайырлы мемлекет жақтастары арасында жанжал белең алғандықтан, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектей тұруды қарастырған болатын. Бірақ төтенше жағдайдың 19 жылға созылатынын сол кезде ешкім де болжамаған шығар.
КУБА ДИССИДЕНТІ ҮШІНШІ МӘРТЕ БОСАТЫЛДЫ
Куба полициясы үкіметке қарсы ұран көтерген диссидент Гильермо Фариньясты бір ай ішінде үш рет тұтқындап, сонша рет бостандыққа шығарды. Ол соңғы рет 23 ақпанда қамауға алынған болатын.
Фариньястың жалғызілікті акциясы кубалық саяси тұтқын Орландо Сапатаның қаза болғанының бір жылдығына арналған-тын. Ол өткен жылдың 23 ақпанында 85 күнге созылған аштықтан соң көз жұмған еді. Кубаның адам құқығы жөніндегі комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, сол күні бүкіл ел бойынша 183 адам ұсталған. Олардың 65-і әлі қамауда отыр екен.
Пәкстан жасағының коалицияға қастандығы
Қарулы жасақтардың Пәкстанның солтүстік-шығысындағы тиеу терминалына шабуылы барысында НАТО-ның 12 жанар май таситын жүк көлігі жойылып жіберілген. Оқиға салдарынан төрт адам көз жұмса, алтауы дене жарақаттарын алған.
Шабуылға 25 қарулы жасақ қатысса, олар 18 автокөліктің 12-сіне уақытпен жарылатын бомба орнатқан екен. Цистерналардағы отын Ауғанстандағы коалициялық әскерлерге арналыпты. Әзірше ешбір террорлық ұйым жарылысқа жауапкершілікті өз мойындарына ала қойған жоқ.
ҚЫРҒЫЗ АЗАМАТЫН ӨЛТІРГЕН КЕШІРІЛДІ
2006 жылы Манас әуежайында орналасқан АҚШ-тың авиабазасында Қырғызстан азаматын атып өлтірген америкалық әскери қызметші Закари Хэтфилд ресми түрде кінәлі емес деп танылды. Бұл жөнінде авиабазаның бастығы Дуайт Соунз хабарлады.
Соунздың сөзіне қарағанда, АҚШ-та тергеу жұмыстары жүргізіліп, сот болып өткен. Оның барысында судьялар Хэтфилдтің кінәсіне айғақтың жеткіліксіздігін көлденең тартып, оны ақтап алып қана қоймай, америкалық солдаттың қаруды орынды қолданғанын атап көрсеткен. Ал қырғыз жағының ұстанымы бұған мүлдем қарама-қайшы.
ЛИТВАНЫҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІН САУДАҒА САЛҒАН
КСРО-ның бұрынғы президенті Михаил Горбачев Швецияның бас консулы Даг Себастьян Аландердің 1990 жылы Кеңес Одағы Литва тәуелсіздігі үшін республикадан Клайпеданы бөліп алып, қосымша 21 миллиард рубль талап еткені туралы құпия мәліметін теріске шығарды.
М.Горбачев сол жылдары Литваның шын мәнінде КСРО құрамынан шыққысы келгенін мойындай отырып, құпия ақпарды тым еркін әсірелеушілік деп бағалады. «Аталған мәселе бойынша ешқандай сауда болған жоқ», деді ол құпия мәліметке орай. Бірақ, жел болмаса, шөптің басы қимылдамайтыны белгілі жәйт емес пе?!
АҚШ-тың БАС ӘСКЕРИІ БАХРЕЙНГЕ КЕЛДІ
АҚШ штабтар бастығы бірлескен комитетінің төрағасы Майк Маллен ақпан айының ортасынан бастап үкіметке қарсы наразылық акциялары өткен Бахрейнге атбасын тіреді. Әуежай басында ол журналистерге Бахрейн АҚШ-тың өңірдегі шешуші одақтастарының бірі болғанын және болып қала беретінін мәлімдеді.
Сапары барысында Маллен Бахрейн королі Хамад бен Иса әл-Халифамен және тақ мұрагері Салманмен кездесті. АҚШ-тың бас әскериінің Бахрейнге сапары оның Таяу Шығыс елдеріне турнесі шеңберінде болып өтті. Бұған дейін Маллен Сауд Арабиясында, Катарда және Оманда аялдаған еді.
Қысқа қайырып айтқанда:
• Швейцария басшылығы Ливия басшысы Муаммар Каддафидің барлық есеп-шоттары мен активтеріне тосқауыл қою туралы бұйрық шығарды. Швейцария Каддафидің наразылық акциясына қатысушыларға күш қолданғанын жазғырып отыр.
• Жаңа Зеландияда болған жер сілкінісінен қаза тапқандар саны соңғы дерек бойынша 110 адамға жеткен. 200 адам жоғалып кеткендер санатында. Бүгінде бұл елде қирандылардың астында тірі қалғандар жоқ деуге болады.
• АҚШ-та кіші Джордж Буштың үйін жарып жіберуді жоспарлаған Сауд Арабиясының азаматы тұтқындалған. 20 жастағы Халид Әлім Әлдавсари Құрама Штаттарға 2008 жылы студенттік виза бойынша келген көрінеді.
• Санкт-Петербургте 92 жасқа қараған шағында Ресейдің стратегиялық атом сүңгуір қайықтарының бас конструкторы Сергей Ковалев өмірден өтті. Оның жобасы бойынша барлығы 92 сүңгуір қайық жасалған екен.
Интернет материалдары негізінде әзірленді.