Орал қаласына таяу маңдағы орман алқабынан аналы-балалы Ресей азаматтарының қатыгездікпен өлтірілген мүрделері табылды.
Орал қаласының 55 жастағы Л. деген тұрғыны Рязань қаласынан келген туысқандарының іс-түссіз жоғалып кеткендігі жөнінде қалалық ішкі істер басқармасына қарасты Абай полиция бөліміне шағымданған.
Оқиға былай болыпты. Аналы-балалы рязаньдықтар Орал қаласына мұраға қалдырылған пәтерді сату үшін келген екен. Осынау қайғылы оқиға болатын күні олар алдын-ала телефон арқылы сөйлесіп жүрген сатып алушылармен кездесуге асығыпты. Бірақ, олар таңертеңгілік үйден шығып кеткеннен қайтып оралмаған. Күте-күте төзімі таусылған туысы бір жамандықтың болғанын іші сезгендей, ертесіне полицияға хабарласқан.
Келесі күні полиция қызметкерлері аталған факті бойынша ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «а» тармағы бойынша қылмыстық іс қозғап, жедел іздестіру шаралары қолға алынған. Жүргізілген іздестіру шаралары барысында қылмыс жасады деген күдікпен Орал қаласының төрт тұрғыны қолға түсті. Аталған күдіктілердің Ресей азаматтарын пәтерді иелену үшін өлтіргені белгілі болды. Олар пәтер сатылатындығы жөнінде жарнаманы жергілікті газеттен көріп, сатып алушылар кейпінде пәтер иесіне хабарласқан. Яғни, өздерінің жымысқы әрекетін бүге-шігесіне дейін жоспарлаған тәрізді. Уағдаласқан уақытында пәтер иелерімен кездескен бойда қарумен қорқытып, қаладағы нотариустардың біріне алып келген. Көліктің ішінде анасын тапаншамен қорқытып, кепілдікке алған. Ал мұрагерлікке қалдырылған пәтер иесі болып табылатын баласын нотариуске кіргізіп, сатып алу-сату туралы келісім-шартқа қол қойдырған. Одан әрі жәбірленушілерді темір жол маңайындағы адам көп жүрмейтін жерге апарып, қылғындырып өлтірген. Адам қанын мойнына жүктеуден тайынбаған төртеу мүрделерді қалаға жақын орналасқан Щапов ауылының маңындағы орман алқабына апарып, қалың қарға жасырған. Жедел іс-шаралар барысында тәртіп сақшылары күдіктілерді алаяқтық жолмен қол жеткізген пәтер орналасқан тұрғын үйдің қасынан қолға түсірді. Ұйымдасқан топтың барлық мүшесі де Орал қаласындағы кафелердің бірінде жұмыс жасайтын жас жігіттер болып шықты. Олардың үлкені – 1985 жылы, ең жасы 1992 жылы туған.
Қазір қылмыстық іс бойынша соттық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.
Фатихолла МАШТАҚОВ, полиция полковнигі.
Батыс Қазақстан облысы.