Прокуратура органдары тегін жоғары білім алуға артықшылықтары бар балаларға қатысты мемлекеттік білім гранттарын берудің заңдылығына тексеру жүргізді. Сөйтсе, уәкілетті органдар білім алғысы келетін балалар құқықтарының теңдік қағидатын әрдайым қамтамасыз ете бермейді екен. Ал заңға сәйкес, республикалық және халықаралық спорт жарыстарының жеңімпаздары білім гранттарын алуға арналған артықшылық құқықтарына ие болады. Бұл ретте, заңның аталған нормасы мектеп түлектеріне де, колледж түлектеріне де бірдей.
Алайда, заңның аталған талаптары бұзылғандықтан колледждердің 2010 жылғы түлектері түрлі спорт жарыстарының жеңімпаздары бола тұра білім алуға арналған басымдық құқығынан айырылып қалған. Атап айтқанда, тізім «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бастамасы бойынша тек мектеп түлектері арасынан ғана әзірленген. Ал колледж бітірген балалар болса, одан тыс қалған. Осылайша, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы заңда көзделген артықшылық құқықтарына ие адамдарды негізсіз шектей отырып, балалардың конституциялық құқықтарына нұқсан келтірген. Сондықтан аталған министрлік пен ғылыми-практикалық орталықтың кінәлі лауазым иелері тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлады Бас прокуратураның ресми өкілі Жандос Өмірәлиев.
«Егемен-ақпарат».