• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2011

Сиқырлы қалам сөйледі

928 рет
көрсетілді

Сөйлегенде бүй деді: «Исі қазақ Абайды білуі тиіс» Жақында елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «Абайтану әліппесі» кешенінің элек­трон­ды нұс­қасы: «Жақсы бала», «Жақсы ұстаз», «Жақ­сы ата-ана», «Жақсы құрбы-құрдас» деп ата­ла­тын, сиқырлы қаламды жақындатсаң сөйлей жө­не­летін интерактивті қалам-оқулығының және қа­зақ­тың рухы мықты, ұлтының туын көтеріп, сабақ алар тарихын, үлгі тұтар тәлімін, Абай әлемін те­рең зерделеп, құпиясы көп иірімдеріне бүкіл сана­лы ғұмырын арнаған Мекемтас Мырзахметұлының 10 томдық «Абайтану» атты ғы­лыми-зерттеу кі­та­бының тұсаукесері болды. Алғашқы сөзді Мәде­ниет министрлігі Тіл коми­тетінің төрағасы Бауыр­жан Омаров алып, қазақ үшін мәңгілік оқулық са­на­латын данышпан Абайды әр қырынан келіп зерттеген Мекемтас ағамыздың ерен еңбегіне тоқ­тала келіп, ғалым жасы 80-ге келсе де, жаңа технологияны меңгеріп, ұлы ақын­ның бүкіл шығар­ма­сын заманға сай жаңа тәсілмен жас ұрпаққа оқы­ту­дың жолын ұсынып қана қоймай, оны жүзеге асыруы рухының мықтылығы, халқын қадірлеудің әдемі үлгісі, деді. Өз кезегінде атақты ғалым Абайға арналған электронды оқулықтың 5 кітаптан тұратынын, онда Абай шығармалары беріліп, әрқайсысы жан-жақ­ты талданғанын, оның бәрін өзің емес, сый­қырлы қалам оқып беретінін айтып, тәжірибе жүзінде көрсетті. Профессор сонымен бірге, Абай әлеміне тереңдеп барып, тақырып етіп алынған «Исі қазақ Абайды білуі тиіс» деген сөз Ахмет Байтұрсынұлынан қал­ған өсиет екенін, осы өсиетке әлі де адалдық таныта алмай жүргенімізді, егер Абайды те­рең білген адам­ның, әсіресе қазақтың жаны да, қа­ны да таза болаты­нын, ар-ұятты серік етіп, қыл­мыс деген қырсыққа жола­майтынын тілге тиек етті. «Су басынан тұнады» деген атам қазақтан қал­ған қағида бар. Біз көбінесе суды басынан тұнды­ру­дың орнына лайланған тұсы­нан тұндыруға ұм­ты­ла­мыз. Қазақ тілінің көкпарға түсіп, көп сөзге ар­қау болып жүргені суды басынан емес, лайлан­ған жерінен тұндыруға талпын­ғаны­мыз­д­ан болып отыр. Мен судың басы деп мектепті, сонда оқитын оқушыларды меңзеп отырмын. Сол балалар­дың адам болып шығуына Абай рухы ерекше әсер ете­ді. Жасымның біраз жерге жеткеніне қарамай, осын­дай жанкешті тірлікке бардым. Ондағы ойым, Абай айтқан толық адамды қайтсем қалыптас­ты­рам дегендік еді. Абайдың ғұламалығы бүгінгідей ақпа­рат ағыны төрт құбыласын түгендеп тұрмаса да ойлы көзбен Аристотель, Әбу Насыр әл-Фа­ра­би, өзге де ғұламалармен ұрықтас болуы, парасат пайымдары­ның бір жерден шығып жатуы қандай керемет. Олар­ды бір тылсым күш бір арнада табыстырып тұр­ған­дай көрінеді маған. Біз осының бәрін толық білмей, биікке көтеріле алмаймыз. Абай 43 жасында Абай сарайының есігін ашты. Біз сол сарайдың қазір кілтін қолымызға ұстағанмен, ішіндегі жауһарларды толық танып-білгеміз жоқ. Бұл не деген сөз? Бірінші, Абай шығармаларының сөз­деріне терең бойлай алмай келеміз. Абай жаса­ған заманды толық танып-білдік деп айта алмай­мыз. Абайдың ұлылығын мен жастарға ұғын­дыр­ған­да, ұлы ақын ешнәрседен кем бол­ма­ға­нын, бай­лығының да жетіп-артылатынын мысал­дар­мен дәйектей келіп, соның бәрін қазақ жұрты дегенде ысырып тастап, ақыл-ойға ерік бергенін түсін­діре­мін. Байлық пен бақтың күнімдік екенін, рухани дүниенің мәңгілік болатынын Абай әлемі арқылы саналарына сіңіріп, ол кездегі бай-манаптан кімдерді білесіңдер? Олардан қалған дәулет сол күн­дердің дақпырты болса, Абайдан қалған мұра өмірлік екенін көріп отырсыңдар деймін. Абай үстем күштің қа­зақты ірітіп бара жат­қанын көрген соң, мінін айта оты­рып, ел болып қа­луды нұсқаған. Бір замандары қазақ­тың әскері болмаса да, ұранды естіп ат­қа қонса қарсыла­сын жайпап кететінін айналамыз­дағы­лар жақсы білген, аяқтарын тарта бас­қан. Бірақ сыры­мыз­ды алғызып қо­йып, ішімізге дендеп еніп, болыстық жүйені енгізгенде Абай шен-шекпен үшін бар малын шы­­­ғындаған бо­лыс­­­тарды әжуа етті. Абай­дың халқым дегенде ештеңеге мо­йын бұрмайтын адалдығы осыдан көрінеді. Жұрты­мызға Алла жар болып келе жатыр. Бір замандары, нақтылай түссек, сонау ХV-ХVІ ғасырларда ноғай­лар­ды, қырым татарларын, қазақты жер бетінен жойып, жерін иеленсек деген арам пиғыл болған. Тәңір жарылқап, ниетіміздің дұрыстығынан ба, одан аман қалып, бүгінгі бақытты кезеңге жеттік. Басты айтарым, Абай әлемі туралы осындай кешенді шығару идеясын біз бастадық. Ал осы дайын дүниені басып шығаруға септігін тигізген еліміздегі «Нұриком» компаниясымен әріптес болып келе жатқан жапониялық компания, деген ғалым өзінің осы кезге дейін 80 кітап шығарғанын, оның 15-і өз еңбектері, қалғаны ұлтымыздың рухани құндылықтары екенін жеткізді. Соңғы жылдары ресейліктер атақты қалам­гер­лер­дің дүниелерін бір том, не екі томға сыйғызып, жақсы кітап шығаратын үрдісті қалыптастырып келеді. Мекемтас Мырзахметұлының 10 томдық «Абайтану» атты еңбегі сол үлгі негізінде елімізде алғаш рет көлемді екі томға жинақталып жарық көріп отыр. Әдемі безендірілген, қағазы да жақсы. Мұның өзі Абай рухының асқақтығын, құдірет­тілігін көрсетсе керек. Осы дүниенің шығуына қол­ұшын созған «Нұриком» компаниясының бас­шы­сы Нұралы Құдайбергенұлы екенін назарға сала кетсек дейміз. Шынында, Нұралының маман­ды­ғы радиотехник болғанымен, ұлт руханиятына ерекше үлес қосып жүрген азаматтарымыздың бірі. Ол қазақ тілінің дамуына, ұлтымыздың құнды дү­ниелерін жаңғыртып шығаруға ерекше үлес қосып жүргенінен хабардармыз. «Абайтану әліп­пе­сін» сыйқырлы қа­ламмен бірге, Жапониядан, ал Ме­кемтас Мырза­хмет­ұлының 2 томдық «Абай­тануын» Түркия елінен шы­ғаруға септігін тигізуі со­ған дәлел. Оның ұлт үшін алдағы атқарар жұ­мысы туралы оқырманды кейін хабардар ететін боламыз. Сүлеймен МӘМЕТ.