Семейде «Атамекен» деген атпен ән байқауының өткізіліп келе жатқанына, міне, төрт-бес жылдың жүзі болды. Алты мен он жеті жас аралығындағы жеткіншектер қатысқан сол дәстүрлі ән байқауы бұл жолы ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына арналды.
Байқауға қырықтан астам жас талант қатысты. Олардың арасында қалаға қарасты ауыл өнерпаздары да көп болды. Байқау барысында отандық сазгерлердің Отан, туған жер, ел қорғаған қаһармандар мен халық сүйіспеншілігіне бөленген ел ардақтылары туралы патриоттық рухтағы әндері молынан орындалды.
Байқау жеңімпаздары арнайы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Ел Тәуелсіздігінің жиырма жылдығына арналған өнер сайысы белгілі сазгер Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнімен қорытындыланды. Қоғамымыз ұлттық идеологияға сусап отырған шақта Тәуелсіздік мерекесіне орай осындай кештердің көптеп өткізіле бастағаны қуантады.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.