• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2011

Венадағы парламентаралық үнқатысу

354 рет
көрсетілді

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым Парламенттік Ассамблеясының оныншы қысқы мәжілісі кеше өз жұмысын аяқтады. Венаның Хофбург сарайында екі күнге жалғасқан отырыс жария түрде қауіпсіздік мәселелерінің кең ауқымын талқылап үлгерді. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған парламенттік делегацияның жұмыс кестесі көптеген іс-шаралар мен кездесулерге толы болды, бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. ЯДРОЛЫҚ ТАРАТПАУ МӘСЕЛЕСІ ҚОЗҒАЛДЫ ЕҚЫҰ Парламенттік Ассам­блея­сының Вице-президенті бо­лып табылатын Қ.Тоқаев Ассам­блея­ның Саяси мәселелер мен қауіпсіздік жөніндегі жалпы ко­митетінің мәжілісінде ядролық қаруды таратпау проблемасына арналған баяндама жасады. Мұндай өзекті тақырыптың Қазақстан тарапынан қозғалғаны кездейсоқ емес. Өлшемі жағынан әлемнің төртінші ядролық арсе­на­лынан бас тартып, осыдан жи­ыр­ма жыл бұрын ауқымы дүние жүзінде екінші болып саналатын Семей сынақ полигонын жапқан еліміз жаһандық ядролық қару­сыз­дану мен таратпау мәселе­сі­мен жақсы таныс. Жалпы, бұл тақырып Парламенттік Ассам­блея­ның бірінші комитеті мен ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласын­дағы ынтымақтастық форумы­ның күн тәртібіне сәйкес келеді. Еске сала кетейік, бұл форумға Қазақстан биылғы жылдың соң­ғы төрт айында төрағалық ететін болады. ЕҚЫҰ Саммитінде қабыл­дан­ған Астана Декларациясы қаты­сушы мемлекеттерді трансұлттық қауіп-қатерлерге, солардың ішінде жаппай қырып-жою қаруының таралуына қарсы тұрудағы мақ­сат­тар мен іс-қимыл бірлігіне қол жеткізуге шақырғанын еске сал­ды қазақстандық делегация бас­шысы. Ал 2010 жылы сәуір ай­ында Вашингтонда Жаһандық ядролық қауіпсіздік саммитінде бірқатар бастамаларды ортаға салып, Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қарудан еркін әлем құру бағытында дүние­жүзілік үдеріске Қазақстанның жетекшілік етуге ұмтылысын көрсетті. Әңгіме Жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын жасап шығаруға, Қазақстанның Ха­лықаралық атом энергиясы агент­тігінің (МАГАТЭ) аясында Ха­лық­аралық ядролық отын банкін өз аумағында орналастыруға әзірлігі турасында болуда. 2009 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядро­лық сынақтарға қарсы іс-шара­лардың халықаралық күні етіп жария­лай­тын қарар қабылдаған еді. Ядролық қарудан толығымен бас тарту бүгінгі таңда айрықша өзектілікке ие, әсіресе, таратпау саласындағы қиын жағдайды ескеретін болсақ, деді Қ.Тоқаев. Біз қырық жылдан астам уақыт бойы өзін өзі ақтап келген жүйенің күйреуіне куәгер болып отырмыз. Таратпау саласында ауыр қате­лік­тер жіберілді, олардың қатарында екіұштылықтар және қатаң ұста­ным­дар мен бағалаудың жоқты­ғы­на байланысты жәйттер бар. Ядролық қарудың таралуы және оның террорлық ұйым­дар­дың қолына түсу қаупі ең орасан қа­терлердің бірі болып табы­ла­ды. 20-30 жыл бұрын ядролық қару мен оқтұмсық құрастыруға күр­делі әрі қымбат жабдықтар қажет етілсе, қазір ондай тосқау­ыл­дар жоғалды. Дәл осы орайда ядролық қару­дан бас тартқан мемлекеттер қосымша саяси әрі экономикалық қолдауға, сондай-ақ қауіпсіздік кепілдігіне тұрарлық. Мұндай жағдайда ядролық алпауыттар ядролық арсеналдарды қысқарту саласында үлгі болуы тиіс. Жалпыға мәлім, Иранның ядролық бағдарламасы жаһандық таратпау үдерісіне негізгі қауіп ретінде саналады. Бірақ қазіргі кездегі бар халықаралық санкция­лар бұл мәселенің бірден-бір шешімі болып табылмайды. Әр мемлекеттің МАГАТЭ мен ха­лық­аралық қоғамдастықтың қа­таң бақылауы аясында бейбіт мақ­саттағы ядролық техноло­гия­ларды дамытуға құқығын мой­ындай отырып, біз, сонымен қа­тар, Иранның ядролық мәсе­ле­сі­нің келіссөздер мен дипломатия­лық қысым көрсету жолымен шешілуі тиіс екенін мойындауымыз қажет, деді Қ.Тоқаев. Ядролық соғыс қаупінен еркін әлемді құру жолындағы тағы бір маңызды шара, ол дүние жүзінің әртүрлі бөлшектерінде ядролық қарудан еркін аймақтар құру бо­лып табылады. Қазіргі күні жүз­ден астам мемлекет осындай бес аймақ құру жөніндегі келісім-шарттарға қатысушы немесе қол қоюшы болып табылады. Орта­лық Азияны ядролық қарудан еркін аймақ жасау туралы шартты 2006 жылы Семей қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Түркіменстан және Өзбек­стан қабылдады. Құжат 2009 жылы күшіне енді және ол бұрын ядролық қондырғылар орналас­қан аумақты қамтып, Солтүстік жартышардағы мұндай сипат­та­ғы алғашқы шарт болды. Орта­лық Азия елдері болашақта ядро­лық қарудан еркін аймақ құру, ядролық материалдардың бақы­лау­­сыз таралуын болдырмау және ядролық терроризммен кү­ресте бұдан да шешуші рөл атқаруы мүмкін. 2010 жылы сәуір айында бұрынғы Семей поли­гонына барған БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанның ан­тиядролық ұстанымын жоғары бағалады. Ядролық қарусыздану үдері­сін халықаралық қоғамдастық­тың қатаң әрі тиімді бақылауына қою үшін әлемдік қоғамдастық жоғары саяси деңгейде қол жеткізілген барлық келісімдерді то­лығымен орындауға бағытталған шараларды қолдануы тиіс, деді сөзін қорыта келе Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы. Қ.Тоқаевтың баяндамасына жау­ап ретінде сөз алған ЕҚЫҰ-ның Қауіпсіздік саласындағы ын­ты­мақтастық форумына төраға­лық ететін Исландияның Тұрақ­ты өкілі Қазақстанның ядролық қаруды таратпау саласындағы күш-жігерін қолдайтындығын айт­ты. Сонымен қатар, форумның таратпау мәселесі бойынша атқары­ла­тын шаруалары жайында хабардар етті. Атап айтқанда, жуырда Венада БҰҰ Қауіпсіздік Кеңе­сі­нің Жаппай қырып-жоятын қару­ды таратпау жөніндегі 1540 қа­рарын орындаудағы ЕҚЫҰ-ның рөліне арналған халықаралық семинар өткізілгенін жеткізді. ҚАЗІРГІ ТӨРАҒА ҮМІТІ Трансұлттық қауіп-қатерлер тақырыбын ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Литваның Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалис те өз сөзінде қозғаған еді. Олардың жеке және ұжымдық қауіпсіздікке төндіре­тін қатер екенін баса айтты ол. Лит­ва, әсіресе, терроризм, кибер қауіпсіздік, есірткі саудасы, Ауған­станмен ынтымақтастық мә­селелеріне ай­рықша назар аударады. А.Ажубалис Литва парла­ментінің мүшесі болған кезде өз елінің ЕҚЫҰ Парламенттік Ас­самблеясындағы делегациясын басқарған болатын, яғни оның қызметімен жақсы таныс. Ол Астана Саммитінде қабылданған Декларацияда: «Біз ЕҚЫҰ-ның Парламенттік Ассамблеясымен ынтымақтастықты белсенді ету табандылығын жақтаймыз және оның қауіпсіздік пен демократия­ны нығайту және ЕҚЫҰ-ның бар­лық өңірлерінде және қаты­сушы мемлекеттерде әл-ауқатты арттыру жөніндегі, сондай-ақ қа­тысушы мемлекеттер арасындағы өзара сенімді арттыру жөніндегі оның күш-жігерін ынталандыра­мыз», деген үзіндіні келтіре оты­рып, Парламенттік Ассамблея рөлін айрықша атап көрсетті. Төраға жылдың алғашқы екі айы кезінде шұғылданған мәселе­лер мен басымдықтар туралы тар­қатып айтты, олардың қата­рында адам құқықтары, баспасөз бен сайлау бостандығы, этностық және шекаралық жанжалдар бар. Әрқайсының шешу немесе даму жолдарының өзіндік жақтаушы­лары мен қарсыластары да жоқ емес, бірақ бәріне ортақ нәрсе – ол Хельсинки үдерістері бағ­дарлаған құндылықтар мен қағи­далар. Ең маңыздысы, жақында ғана мемлекет және үкімет бас­шылары Астана Декларациясын­да бұл құндылықтар мен қағидат­тарды қайта қуаттаған болатын. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­ағасы Беларусьтегі сайлаудан кейінгі жағдай мен ондағы ЕҚЫҰ Офисінің жабылуы үдерісіне тоқтала келіп, Минскімен одан арғы ынтымақтасудың тетіктері іздестіріліп отырғанын айтты. Ол жуырда Албанияда орын алған саяси негіздегі қақтығыстарды атап өтіп, ондағы адам қазасына орай өкініш білдірді. Сондай-ақ Днестр маңындағы, Грузиядағы және Таулы Қарабақтағы ұзаққа созылған жанжалдарды реттеу бой­ынша қызметімен таныстырды. Ассамблея мәжілісі кезінде Таяу Шығыс аймағындағы халық наразылығы шерулері, әсіресе, Тунис пен Египеттегі биліктің ауы­су үдерістері және Ливиядағы қан­тө­гіс­ті оқиғалар айрықша орын ал­ды. Тунис пен Египет ЕҚЫҰ-ның әріптес елдері, ал Ливия бұл мемлекеттермен шекаралас. А.Ажу­балистің мәлім­деуін­ше, ЕҚЫҰ-ға қатысушы елдер әріптес елдердегі оқиғаларға араласуы тиісті емес. Ондағы халықтар өз тағдырын өздері шешулері керек. ЕҚЫҰ дамуындағы тағы бір маңызды белес – биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның жаңа Бас хатшы­сы­ның тағайындалуы. Қазіргі Бас хатшы Марк Перрен де Бри­шам­боның өкілеттігі 30 маусымда аяқталады. Сондай-ақ, Литва төр­ағалығы ДИАҚБ директорының мандатын тағы бір мерзімге ұзар­ту бойынша ұсыныс жасады. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЙЛАУ НАЗАРҒА ИЕ Ассамблея мәжілісінің екінші күні болған Тұрақты комитет оты­рысында қарастырылған мә­се­лелердің қатарында сайлауға ба­қылау жасау тақырыбы болды. Оған еліміз делегациясы бас­шы­сы мәлімдеме жасады. Парламенттік қауымдастық алдында сөйлей отырып Қ.Тоқаев Парламенттік Ассамблеяның ЕҚЫҰ-ның Аста­на­дағы Саммитіне дайындығы барысында шешуші рөл ой­на­ға­нын, Ұйымға қатысушы мемлекеттер арасындағы сенімді ны­ғайту, ЕҚЫҰ тиімділігі мен парламенттік қызметін күшейту жө­нін­дегі жаңа идеялар мен ұсы­ныстарын айрықша атап көрсетті. Шапшаң жаһандану жағ­дайын­да қауіпсіздік жүйесі таза түрінде еуропалық не азиялық деп бөлініп қарастырылмауы тиіс. Спикер Астана Декларация­сының Еуразияның бүкіл кеңіс­тігіндегі ЕҚЫҰ-ның үш өлшемі бойынша қауіпсіздік және ынты­мақтастықты нығайтудағы рөлін айрықша атап көрсетті. 3 сәуірде Қазақстанда бола­тын президенттік сайлау туралы айта келіп, Қ.Тоқаев еліміздегі азаматтық қоғамның Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың өкілет­ті­гін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі референдум өткізу туралы бастама көтергенін еске салды. Қоғамда Парламенттің қатысуымен болған ұзақ талқы­лаулардан кейін Қазақстан Конс­титуциялық Кеңесінің шығарған қорытындысына сүйене отырып Президент Н.Назарбаев өзінің қазіргі мандаты 18 айға қысқары­латынына қарамастан, кезектен тыс президенттік сайлау өткізуді ұсынды. Осылайша елде азамат­тық консенсусқа қол жеткізілді және ол халық арасында түсініс­тікпен қабылданды, деді спикер. Кезектен тыс президенттік сайлау идеясы ЕҚЫҰ, Еуроодақ, ТМД және АҚШ үкіметі тара­пынан қолдауға ие болды. Өз кезегінде Қазақстан халықаралық стандарттарға сай ашық, еркін әрі әділ сайлау өткізуге толы­ғымен міндеттенді. Қазақстан Үкіметінің шақы­руымен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Төрағасы Петрос Эфтимиу алдағы сайлауға бай­қаушылар миссиясын жөнел­туді ұйғарды. Қ.Тоқаев жиналғандарды Қа­зақстандағы әлеуметтік экономи­калық саясат жаңғырту негізінде жүзеге асып отырғандығынан хабардар етті. «Жаһандық дағдарыс біз үшін елеулі сынақ болды. Қа­зақстан рецессияның алдын алды. 2010 жылдың аяғына таман эконо­микалық өсім 7 пайыз құ­рады. Жаһандық әлеуметтік әл-ауқаттың нашарлауына қарамас­тан, Қазақ­стан өзінің әлеуметтік міндеттемелеріне беріктігін та­нытты. Президент білім беру мен денсаулық сақ­тау салаларын жаңғырту, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құру бойынша ұзақ мерзімді жобаларға айрықша назар аударды», – деді өз сөзінде Сенат Төрағасы. Кеше Қ.Тоқаев, сондай-ақ Австрия сыртқы саясат және біріккен ұлттар қоғамында «Қазақстан – тұрақтылық пен қауіпсіздік фак­торы» тақырыбында дәріс оқыды. Австрияға жұмыс сапары ая­сында Қазақстан Парламенті Се­на­тының Төрағасы Қасым-Жо­март Тоқаев Австрия Республи­касы Ұлттық Кеңесінің басшысы Барбара Праммермен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі­жақты қа­тынастарды, оның ішінде екі елдің заң шығарушы ор­ган­дары ара­сындағы байланыс­тарды белсенділендіру жолдарын талқылады. Сенат Төрағасы Қазақстан мен Австрия депутаттары ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және НАТО Парламенттік Ассамблеялары секілді ірі парламентаралық ұйымдар аясындағы өзара ынтымақтас­тық­ты жалғастырып келе жатқа­нын атап өтті. Қ.Тоқаевтың ай­туынша, «Австрия Қазақстанның Еуропадағы маңызды және сенімді саяси әріптесі болып табы­лады. Қазақстан мен Австрияны аймақтық және халықаралық мәселелердің көпшілігін шешудегі ортақ қадамдар біріктіреді». Қ.Тоқаев, сондай-ақ Парламенттік Ассамблеядағы хорват делегациясының басшысы, Хор­ватияның бұрынғы сыртқы істер министрі Тонина Пицуламен кездесті. Т.Пицула биылғы 3 сәуірде болатын Қазақстан Республи­ка­сының президентін сайлауды байқау жөніндегі ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының мис­сия­сын басқарады. Т.Пицуланың мәліметі бойын­ша, президенттік сайлауға мониторинг жасау үшін ЕҚЫҰ ПА миссия құрамында Ассамблея­ның 60-қа жуық депутатын жіберетін болады.