• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2011

Кеден одағы кемелдене түсуде

310 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы «Риксос» қонақүйінде еліміздің тәуел­сіз­дігіне 20 жыл толуы ая­сын­да Кеден одағы және ЕурАзЭҚ-тың Бірыңғай экономикалық кеңіс­тігін қалыптастыру мә­се­лелері жөнінде халықаралық конфе­рен­­циясы болып өтті. Кеден одағы және ЕурАзЭҚ-тың бірыңғай экономикалық кеңістігін құру мәселелеріне арналған конференция қатысушыларына Мемлекеттік хатшы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың арнайы құттықтауын Сыртқы істер вице-министрі Қайрат Сарыбай оқып берді. Ол өз құттықтауында Кеден одағының құқықтық-келісімшарттық негізін құрайтын іс-шаралар толығымен жүзеге асырылып, оның институттық құрылымы жасақталып, табысты жұмыс істеп жатқандығын атап өткен. Кеден одағының тиімді қызметі мен Біртұтас экономикалық кеңістікті құру елдеріміз арасындағы достық пен тату көршіліктің дәлелі болып отыр,  деген өз құттықтауында Қ.Саудабаев. «Кеден одағы: алғашқы жыл қорытындысы: БЭК жолында» тақырыбында сөз қозғаған Экономикалық даму және сауда вице-министрі Тимур Сүлейменов Кеден одағының құқықтық-келісімшарттық базасының 70-тен астам құжатты құрап отырғандығын айтты. Сондай-ақ, вице-министр Кеден одағы аясында бірыңғай кедендік әкімшілік жүйесі жұмыс істей бастағандығын жеткізді. Салық саласында жанама салық бойынша да құқықтық-нормативтік актілер жасақталған. Сонымен қатар, бизнес саласында жеңілдіктерге қол жеткізіліп, біздің кәсіпорындар мен шаруашылықтар пайдасына шешілуде, деді ол. Сондай-ақ, конференция барысында Кеден одағы аясында бірыңғай интеграцияланған ақпараттық жүйе құрылатындығы айтылып, талқыланды. Венера ТҮГЕЛБАЙ.