• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2011

Бесіктен белі шықпай жатып, өмірден неге түңіледі?

1137 рет
көрсетілді

Соңғы кездері қайда болса да жасөспі­рім­дердің, мектеп жасындағы балалардың өзде­рі­не өздерінің қол салуы жиілеп кеткені жа­сырын емес. Еуропа мен Азияны ғана емес, бүкіл әлемді кезіп жүрген осындай қайғылы оқиғалар елесі біздің елімізді де орап өткен жоқ. Он екіде бір гүлі ашылмаған, оңы мен солын танымаған, еріндеріндегі ана сүті кеуіп үлгермеген  балаларымыз баудай түсіп, қыр­шы­нынан қиылып жатыр. Ресми деректерге сүйенсек, 2009 жылы  елі­мізде 260 жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсап өмірмен қош ай­тысқан. Жағдай өткен жылы да түзеле қойған жоқ, ел бойынша осындай 237 оқиға тіркелді. Үсті­міздегі жылдың да жақсылығы шамалы болғалы тұрғандай. Бұл – қаншама ата-ана қара жамы­лып, ботасынан айырылған бозінгендей еңіреп қалды, мыңдаған жүректерге жара түсті деген сөз. Сөйтіп, бүгінде ата-анасы ба­ла­сы мектепке кетсе, үйге аман-есен орала ма деп, өздері жұмыста жүрсе, кешке балам алдымнан шығар ма екен деп алаң­дайтын, мазасыз күй кешетін  болды. Ертең мезгілсіз ажал кімнің есігін қағады, кімді зар жылатады?! Бұл пәле бізге қайдан жабысты? Сырты бүтін, іші түтін балалар қайдан шығып жатыр? Балалар бесіктен белі шықпай жатып неге өмірден  түңілетін болды? «Сенің табаныңа қадалған шөгір менің маңдайыма қадалсын», деп бауыр еті баласы үшін отқа да, суға да түсуге даяр ата-ананың көз жасы неге құрғамайды? Бұған мамандар не айтады? Олардың бір тобы суицид оқиғаларының  жиi­леуiне әлеуметтiк жағдай, тиiстi отбасы­лық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, зор­лық-зомбылық, дiни ағымдардың әрекетi, есiрт­кi қолдану  себеп болып отырғанын алға тартады. Өзіне-өзі қол жұмсаушылардың көбеюі ең алдымен телеарналардан беріліп жатқан ұрыс-төбелеске, қантөгіске толы фильмдердің  әсері, сондай-ақ, бәріне шайлығын айыра­мын, байлығын еселеймін деп шарқ ұрып жүрген ата-аналардың жұмысбастылығы кінәлі, олар күнкөрістің қамымен  таң атқан­нан күн батқанша үй қарасын көрмейді, ба­лалардың оқуына, тәрбиесіне көңіл бөлмейді, назардан тыс қалған бала өзін керексіз сезінеді деушілер де бар. Қоғамда болып жатқан өзгерістер мен сан түрлі қиындықтар бала психологиясына кері әсер етуде. Өз өзіне қол салу – түсініспеу­шілік пен жалғыздықтан туындайтын проблема. Қазақстан Республикасының Бас про­ку­ра­турасының 2008 жылы «Балалар суициді» та­қы­рыбында жүргізген арнайы зерттеуінде бала­лар­ды осы жолға итермелейтін негізгі себептер ретінде баланың күрделі әлеуметтік-психо­ло­гиялық жағдайы, одан кейін ұлтаралық қатынас, отбасылық тұрмыстың қолайсыздығы мен қолдаудың болмауы сияқты факторлар аталған. Дүниенің ақпараттануы, адамның таби­ғаттан алшақтауы, неше түрлі компьютерлік ойындар, көбінесе жастардың арасында суицидтің көбеюіне ықпал етіп отыр. Жасөспірімдердің  өздеріне өздерінің қол салуына көбінесе айтылған сынды дұрыс қабылдамауы, қиындықтарға төзбеуі себеп бо­ла­ды. Сондай-ақ, қоғамдағы жат қылық­тарға әуес, нашақорлар мен маскүнемдер суицидке бейім келеді. Өзіне өзі қол жұмсайтын жастардың кө­беюі – еліміздегі жастар саясатының дең­гейі­нің төмендігін көрсетеді. Дәрігерлердің айтуынша, суицидті дəрі­герлер аурудың бір түрі десе, психологтар бұл жан күйзелісінің көрінісі дейді. Өткен ХХ ғасырдың басында осы жайға на­зар аударған авс­трия­лық психолог Зигмунд Фрейд адамның өзіне өзі қол жұмсауы ызақорлық, агрессиядан болаты­нын мәлімдеген. Ал, америкалық психолог Карл Менниндер суи­цид­тің барлығын санадан тыс жасалатын өзара байланысты үш негізгі себеппен: өш алу – жек көру­шілікпен, ты­ғы­рықтан шыға­тын жол таппа­ған­дықпен  және кінәлі сезімнің күштілігімен түсіндірген. Біреулер бәрін жоқшылыққа жапса, енді біреулер оған кереғар ой тастайды. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Бірінші ойға бас шұлғиын десең, халқымыздың басынан небір қиын зауалдар өткен, қазақ аштықты да, жалаңаштықты да көрген. Бірақ сол үшін ешкім асылып өлген жоқ. Әлде, жастарды адастырып, шатастырып жатқан Абай атамыз айтқан, тамағы тоқтық, көйлегі көктік пе? Былай қарағанда, бәрі қисынды, айтылған сөздер нысанаға дөп тиіп жатқан сияқты. Сонда қалай, бұл себеп-салдары түсінікті, қалыпты жағдай деп, өзімізді өзіміз жұбатып, сырттай бақылаушы болып отыра береміз бе? Жағдай түзелудің орнына  ушыға түссе, мұндай сәуегейліктен бізге не пайда? Әлде, бәрі рухтың әлсіздігінен бе екен? Бұл жайды ауызға алып жатқан ешкім жоқ. Бірақ оны да есептен шығаруға болмайды. Рас, жоғарыда айтылған оқиғалардың бар­лы­ғы бойынша дерлік қылмыстық iстер қоз­ғалған. Бірақ, көбінің себебі ашылмай, жұм­бақ күйінде қалып қойған. Әдетте, жасөс­пірім­нің  неге осындай  қадамға барғандығы жіті зерттелмейді, іске қатысы бар лауазымды адамдар оқыс оқиғаны тезірек ұмытуға тыры­сады, кінәлілерді сырттан іздейді. «Өзара түсіністік бар жерде, қандай қиыншылақтар болса да, бала ешқашан өз-өзін өлтіру туралы ойламайды да. Егер ондай болса, онда бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынаста бір кінәраттың болғаны». Бұл – ұстаздың сөзі. Олардың өздерін кінәлаушылар да жоқ емес. Ата-аналар кiнәлi, мұғалiмдер кiнәлi,  қоғам кiнәлi  деп құр даурыққанмен мәселе шешіле ме? Жоқ. Сайып келгенде, бұл жекелеген отбасының емес, қоғамның проблемасы, қоғамға төнген қауіп. Сондықтан онымен халық болып күресуіміз керек, араласуымыз керек! Әр тағдырға араша түсуіміз керек! Мысалы, Жапония өткен жылы азамат­тардың өздеріне өздері қол салуымен күресу, ал­дын алу үшін  бюджеттен 32 миллиард дол­лар қаржы жұмсапты. Бұдан біз нені аң­ға­ра­мыз? Күншығыс елінде депрессияға ұшы­ра­ған адамдарды емдеудің мемлекеттік дең­гей­де ойластырылған бағдарламасы бар. Олар біз сияқты оқиғадан кейін опынып, санын соғып жатқан жоқ, бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізуде, қоғам мүшелерінің, әсіресе, жас­тар­дың қауіпсіздігі үшін күресті басым ба­ғыттардың бірі ретінде қарастыруда. Басы ауы­рып, балтыры сыздамай-ақ, кішкене ғана күйзеліске түссе, олардың адамдары психо­ло­гия­лық қызметке жүгініп, көмек алып отырады. Бiз осы жағын ойластырдық па? Айына-жы­лына бiр өтетiн конференциялар мен бас­қосулар, балалар арасындағы суи­цид­тің алдын алуға байланысты об­лыстарда  ұйымдастырылып жатқан шалажансар, даңғаза шаралар, әң­гімелер  елiмiздi жайлаған мәселенi шеше алмайтынын түсінетін мезгіл жетті. Сондықтан осы мәселені мем­ле­кеттiк деңгейде мықтап қолға алуымыз керек. Бұған кейбіреулер «бізде де мектептерде психологтар бар, мектеп инспек­тор­лары жұмыс істейді» деп уәж айтулары мүм­кін. Біріншіден, мектептерде  балалардың мінез-құлқында өзгерістер байқалған жағ­дай­да оған зер сала қарап,  ашық әңгімеге шақы­рып, себептерін анықтайтын ұдайы бала­лар­дың ортасында жүруге  тиіс  психологтар жетіспейді, болған күннің өзінде білімі мен біліктілігі талаптарға сәйкес келе бермейді. Бір сөзбен айтқанда, бұл жұмыстың ақсап жатқаны ақиқат. Елімізде психикасы әлсіз адамдарға көмек көрсететін орталықтар ашу  мәселесі өткір қойылуға тиіс. Бұл тек балаларға ғана емес, ере­сектерге де аса қажет екенін уақыт дәлел­деп отыр. Қазіргі кездегі жекеменшік психо­лог­тарға барып емделуді көптеген отбасы­лар­дың, әсіресе ауылды жерде тұратын адам­дар­дың қалтасы көтере бермейді. Оның үстіне осындай қызмет болатынын көп адамдардың білетініне күмәнім бар. Әрбір баланың денсаулығы, өмірі үшін күресетін кез келгені анық. Бұл үшін қаржыны аямау керек. Өйткені, дәрігерлер суицидті емдеуі қажет аурулар қатарына жатқызып отыр. Өзін-өзі өлімге қиған төртінші сынып оқу­шысы Ерболдың тағдыры да бізді ойлан­дыруға тиіс. Өзінен  ересек балалар күнбе-күн оның басқан ізін аңдып, ақша талап етіп, жүргізбей қойған. Сорлы бала мектепке де кіре алмай қалған. Бұл жайды ата-анасына ай­туға баланың батылы жетпеген. Ақыры  амалы таусылған ол  өзіне-өзі қол жұмсап, асылуға мәжбүр болған. Бірде-бір ересек бала мұны мойындаған жоқ, сөйтіп  қылмысты істі жабуға тура келген. Тұздыбастаудағы оқи­ға­дан кейін де осындай бір өрескелдіктің шеті көрініп қалғаны белгілі. Жасыратын ештеңе жоқ, халық арасында қылмыскерлер мектеп оқушыларына салық салады екен деген әңгіме бар. Олай болса, оған құқық қорғау органдары неге араласпайды? Сосын мектептегі инспектор не бітіріп жүр? Олардың кейбіреулері жағдайдан хабардар болса да «көрмес – түйені де көрмес» дегендей, ештеңеге ара­ласпайтын, ал оқушы шағым айтып барса, арыз жаз дейтін көрінеді. Бұл не сөз?! Қай оқушы арыз жазады? Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы­ның деректеріне сенсек, Қазақстан бүгінде әлемдегі ең көп суицидтік жағдайлар тіркелген ел ретінде үшінші орынға шығып отыр. Яғни, республикада жыл сайын өз еркімен өлімге бас тігушілер қатары арта түсуде. Әсіресе, «қолдан жасалған» өлімнің еліміздің келешегі – жастардың арасында кең таралуы, жас балалардың өздеріне өздерінің қол салуы – қоғамның қайғысы. Демек, оны одан әрі бақылаусыз қалдыруға болмайды, жастар ортасын сауықтыруды жедел қолға алу осы проблеманы жан-жақты зерттеп, нақты шаралар белгілеу және оларды дәйектілікпен жүзеге асыруға күш жұмылдыру қажет. Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ, Мәжіліс депутаты.