• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Архив жұмысы – «Ашық Үкімет» аясында

431 рет
көрсетілді

Қазақстанның барлық облысында орналасқан архивтердің басшылары, белді мамандары, жоғары оқу орындарындағы архив ісінің мамандарын даярлайтын білікті ұстаз-ғалымдар екі күндік семинар-кеңеске қатысты. Шараға келгендер «Ашық Үкімет» порталы жағдайында архивтердің атқаратын міндеттерін, қабылдауға даярланып жатқан «Қазақстан Республикасының ұлттық мұрағат қоры және архивтері» атты заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты ұсыныстарды тал­қы­лап, кеңесу үшін Алматыдағы Орталық мемлекеттік архив мекемесіне жиналды. Бес жылдан кейін бастары қосылып отырған мұрағат ісінің мамандары талқылайтын мәселе шынында да шаш-етектен болып шықты. Бұл семинарда, сондай-ақ, «Ашық Үкімет» шеңберінде электрондық құжаттарды сақтау және оны жүйелеу, жүзеге асыру ісі, халыққа қол­жетімді ақпараттар тарату және архив ісінің мамандарын даярлау жұмысы қатысушылар қарастыратын негізгі мәселе ретінде ұсынылды. Айтылған ойдың кейбірі пікірталас ту­­ғызып, қызу тартыстың өзегіне айнал­ға­нының өзі бұл мекемелердің қызметі толықтай ретке келіп болмағанын, әлі де дәйектеліп, жүйелене түсуі тиіс олқы тұсы бар екенін байқатты. Заманға сай архив құжаттарын жинақтап, сақ­тау­ды қамтамасыз ету тек осы сала қыз­мет­кер­ле­рінің ғана бас қатырар шаруасы емес, Үкімет деңгейінде шешілуі тиіс сұрақтарды әр аймақтан келген архив өкілі сайлап келіпті. Бұл семинарда басқаны айтпағанда, әлі күнге дейін архив пен мұрағат, музей мен мұражай сөздерін дұрыс қолдануды білмей шатасып жүргендермен күресіп шаршап жүрген архив мамандарының жұмысын реттеудің тетігін әлі де жетілдіре түсу керектігі сөз болды. «Мемлекет басшысы бес институттық ре­форманы іске асыру мақсатында «Ашық Үкімет» қалыптастыруды жүзеге асыру бойынша тапсырма берген болатын. Бұл бағытта алдымен заңнамалық базаны жетіл­діру қарастырылды. Талқыланатын негізгі мәселенің бірі – министрлік әзірлеп жатқан архив ісі саласында қызмет көрсетуді же­тіл­­діру мәселесін заң жобасы негізінде жүзеге асыру болып отыр. Екіншіден, рес­­публикадағы мекемелердің заманауи ақпараттық инфрақұрылымын құру, электронды архивтерде сақталатын ре­сурстарға кең қолжетімділікті қам­та­масыз ету үшін сервистерді дамытуы­мыз керек»,–дейді Мәдениет және спорт министрлігі Мұрағаттық іс және құ­жат­та­ма департаментінің директоры Әлия Мұстафина. Әлия Құсайынқызы заң жобасына бай­ланысты республикалық, аймақтық архив­тердің ұсыныстары мен талап-тілек­те­рін министрлікке жолдауды сұрады. Мә­дениет және спорт министрлігінің ұйым­дастыруымен өткізілген семинарда жеке қор, жобалық құжаттар, теле-радиоқұжаттарды цифрлық пішімге ауыстыру тақырыптары бойынша шеберлік-сабақтары көрсетілді. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ