• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2016

Несие алдым, несіне алдым?

285 рет
көрсетілді

Кей кездері «банк» дегеннің «танк» сияқты елестейтіні бар. Құ­жат толтырып, қол қойып, несие­ге қаржы алдың ба, банк сол ақшаны қайтарғанша төбең­нен төніп, таптап кете жаз­дай­ды. Содан ба, банктерден несие алғандардың «жыры» еш таусыл­ған емес. Әрине, «Қарызды қай­тара алмайтын болса, несиені не­сіне алады?» деп, банк жағалаған жұрт­ты да жазғыруға болмайды. Несие­ге ақша алуды білгенмен, осы саладағы жеңілдіктерді, көмектерді қарапайым халық әлі де жақсы түсінбейді. Міне, осыған орай жақында «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы ғимаратында көшпелі қоғамдық қабылдау өтіп, тұрғын үй және ипотекалық займ мәселелері бойынша жүгінген азаматтардың өтініш-тілектері тыңдалды. Партия республикалық қо­ғам­дық қабылдау бөлмесінің мең­герушісі Жұмажан Жүкенов, партияның Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Масат Берік және Қазақстан Республикасы банк-омбудсмені Ерсерік Сиырбаев, Ұлттық банк пен барлық екінші деңгейлі банк филиалдары басшылары мен өкілдері қатысқан жиынға шағымданып келген азаматтардың қарасы көп болды. Нақтырақ айтсақ, бұл күні партияның облыстық филиалына отыздан аса тұрғын келіпті. Олардың барлығы дерлік тұрғын үй мен ипотекаға байланысты шағымын айта келген азаматтар. Келушілерге өткен жылдың 24 сәуірі­нде Ұлттық банк бекіткен «Ипо­тека­лық тұр­ғын үй қарыздарын, ипотека­лық қарыздарды қайта қаржы­лан­дыру» бағ­дар­ламасын іске асыру барысы, тәртібі мен шарттары түсіндіріліп, оларға екінші дең­гейлі банк өкілдері кеңес берді. Аталған бағдарлама тұрғын үй үшін көп сомада қарыз ал­ған азаматтардың берешегін өтеу талап­тар­ын жеңілдетуге ба­­ғытталған. Әл­бетте, бірінші кезекте халықтың әлеу­меттік осал топ­­­тарына бірінші кезекті қол­дау көр­сетілетін болады дейді мамандар. Бағ­дар­ламаға сай азаматтар қарыздарын осы жылдың 31 желтоқсанына дейін қайта қаржыландыруға мүмкіндіктері бар екен. Қабылдау кезінде сөз ал­ған  «Нұр Отан» партиясы респуб­ликалық қоғамдық қабыл­дау бөлмесінің меңгерушісі Жұмажан Жүкенов ұйымның мемлекет саясатын жүзеге асыруда абыроймен атқарып келе жат­қан жұмыстарымен және алға қойған мақсат­тарымен бөлісіп, жеткен же­тіс­тіктерді баяндап өтті. Ол 2016 жылдың 8 айында партия қоғамдық қабылдау бөлмелеріне барлығы 138 865 азамат түрлі өтінішпен келсе, оның 1576-сы ипотекалық несие мәселесіне қатысты болғанын айтты. Сол өтініштің 128-і Жамбыл облысына тиесілі екен. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы