• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2016

Пәтерді жалға берушілердің жауапкершілігі қандай?

460 рет
көрсетілді

Қазір қай қалада болмасын, пәтерін жалға беретіндер жетіп артылады. Астана мен Алматы қалаларында осындай жолмен күнкөруді былай қойып, байып жатқандар да көп дейді. Басқа қалаларда да бірнеше пәтері бар азаматтарың анау-мынау кісіге сәлем бере бермейді. Тараз қаласында да солай. Бұрын пәтерін жалға беретіндер көбіне шағын аудандарда көп болатын, қазір қала орталығының өзінде жетерлік. Тіпті, күз мезгілінде студенттердің оқу орындарына қайтып оралуымен, қалаға жұмыс іздеп келушілердің көбеюімен және күзгі жиын-теріннен кейін базарға өнім шығарушылардың артуымен жалға берілетін пәтерлердің саны да, бағасы да өсе түседі. Жарнама ілетін орындардағы немесе аялдамалардағы хабарландыруларға қарасаңыз, «пәтерді жалға беремін» деген жазудан көз тұнады. Хабарландырулар жариялайтын басылымдарда да осындай мәтіндегі құлақтандырулар жиі ұшырасады. Алдын-ала немесе ай сайын ақшасын алған соң, пәтер қожайынының «клиентпен» шаруасы жоқ. Онда кімді жіберді, қандай пиғылдағы адам, тіпті жеке басын куаландыратын құжаты бар ма, ол қайда тіркелген – оған бас қатырмайды. Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған қайғылы оқиғаларды жасағандар осындай жалға берілетін пәтерлерде тұрған. Ойланатын-ақ мәселе. Пәтерін жалға беретіндер жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бюджетке заңды салығын төлей ме? Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасынан алған мәліметке қарағанда, биылғы  20 қыркүйекке дейін облыс орталығында пәтерлерін жалға берумен айналысатын 816 жеке кәсіпкер тіркелген. Мемлекеттік кірістер органдарына қызметін патент түрінде жүргізетіндер пайдасының 2 пайызын, ал арнайы салық режімімен айналысатын жеке кәсіпкерлер болса тапқан пайдасының 3 пайызын мемлекеттік бюджетке салық ретінде құяды екен. Жыл басынан бері пәтерлерін жалға беретін жеке кәсіпкерлерден мемлекеттік бюджетке 4 миллион 959 мың теңге салық түсіпті. Қалалық кірістер басқармасы салықтық міндеттемелерді орындау мақсатында қала маңындағы 11 әскери бөлімге пәтерлерін жалға алатын әскери бөлімнің қызметкерлері туралы ақпарат берулерін сұрап, арнайы хат жолдапты. Нәтижесінде 75 жеке тұлғаның пәтерін жалға беретіні анықталған. Оларға камералық бақылау жүргізіліп, хабарлама берілген. Хабарлама бойынша 75 жеке тұлға жеке табыс салығы бойынша 2015 жылға декларация тапсырып, бюджетке 715 мың теңге қосымша салық өндірілген. Басқарма тарапынан жыл басынан бері жұмыс жалғасын тауып, 73 жеке тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Қазір барлық мемлекеттік құрылымдарға қызметкерлерінің пәтер жалдап тұратыны немесе тұрмайтыны жайлы хат жіберіліп, сұрау салынып жатыр екен. Жеке құрылымдарда еңбек ететіндердің көбі пәтер жалдап тұатынын ескерсек, меншік түріне қарамай барлық құрылымдарға осындай сұрау салынса әлі де талай тараздық жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, бюджет қоржыны толыға түсер еді. Бұл бір ғана қалалық кірістер басқармасының атқарып отырған жұмысы. Бұл жерде жекеменшік пәтер иелері кооперативі төрағаларына да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Олар өздеріне қарайтын үйлердің тұрғындарын жақсы біледі. Сондықтан кімнің қайсы пәтерді жалға беріп отырғанын қалалық кірістер басқармасына хабарлап отырса дейміз. Сосын учаскелік полиция қызметкерлері де пәтерін жалға берушілер мен жалдаушыларға бей-жай қарамауы тиіс. Жоғарыда атап өткендей, пәтер жалдаушылардың арасында жат ағымдағы, теріс пиғылдағы адамдардың кездесуі мүмкін. Сол себептен де пәтер жалдаушылар туралы толық мәлімет болғаны жөн. Пәтер жалдаушылардың кейбірі көршілеріне маза бермейтіні тағы бар. Түрлі кештер ұйымдастырады, ойын-сауық құрады. Оларға қой дейтін және ешкім жоқ. Тәртіп сақшыларын шақырған күнде олар шағым жазғылары келмейді. Әсте ондайлар көп қабатты тұрғын үйлерде түнгі мезгілде белгіленген уақыттан бастап тыныштық сақтау туралы ережені ескере бермейді. Әрбір тұрғын мұны өзекті мәселе деп қарап, жалға берілетін пәтерлер туралы қалалық кірістер басқармасына немесе басқа да тиісті орындарға хабарлап отырса, дұрыс болар еді. Тағы бір мәселе, пәтерін тәулікке беретіндер жайлы. Ондай хабарландыруларды кез келген жерден көруге болады. Тәулікке ұсынылатын пәтерлердің қожайындарын да анықтап, жеке кәсіпкер ретінде тіркеп, салық төлеуді міндеттесе дейміз. Пәтерлерді уақытша жалға алатындар бірер сағатта немесе бір тәулікте бірнәрсені бүлдіріп, қаладан тайып тұрса, оны қайдан табарсың? Өйткені, оның аты-жөні белгісіз, тұрғылықты тұрағын да ешкім білмейді. Амангелді ӘБІЛ, журналист ТАРАЗ