• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2016

Қазақ баскетболы, қайда барасың?

369 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылғы 14 қазан күні Астанадағы «Сарыарқа» велотрегі паркетінде Қазақстанның баскетболдан ерлер командалары арасындағы ең жоғары эшалоны – ұлттық лиганың чемпионаты басталды. Бұл былайынша, бұрынғы маусымдардан ешбір айырмасы жоқ кезекті біріншілік сияқты болып көрінгенімен, өткен жылдардан өзіндік бір өзгешелігі бар доп додасы ретінде өмірге енді. Мұндағы ең бас­ты ерекшелік оның старттық сөресінің кермесінен бар-жоғы үш команданың табылуында еді. Бұрын-соңды қандайда бір қуатты елде, ешқандай чемпионатта кездесе қоймаған бұл жағдай спорттың осы түрі мамандарын ғана емес, сонымен қатар, жанкүйерлер қауымын да бірден әрі-сәрі етіп тастады. Сөйтіп, ұлттық лиганың 2016 жылғы аламаны дүрбі жолына «Астана», «Атырау барыстары» және «Каспий» (Ақтау) командалары шықты. Ал былтыр чемпионаттың жүлделерін сарапқа салуға қатысқан «Алматы легионы» және «Қапшағай» спорт клубтары ұлттық лигада ойнаудан бас тартып, бұдан бір саты төменгі топ – жоғары лига жасақтары сапына барып қосылды. Әлбетте, олар өздерінің бұл қадамдарын мұндайда айтыла беретін үйреншікті желеу – қаржылық дағдарыспен байланыстырды. Қалай дегенде де, алматылық жамағат басшылығы осындай мәлімдеме жасап үлгерді. Дәл чемпионат басталар алдында бола қалған бұл жаңалық ұлттық лига турнирінің өту барысына күрт өзгеріс енгізіп жіберді. Енді бұрынғыдай әрбір тур сайын барлық команданың бір қалаға жиналып ойнау дәстүрі бұзылды. Мұның орнына олар бір-бірлері алаңдарына барып, екі спарринг-ойыннан өткізіп тұруға көшті. Осылайша чемпионаттың 4 айналымнан тұратын бірінші бөлігі мәреге жетеді. Тап сол мезгілде жоғары лигадағы 10 чемпионаттың бірінші кезеңін екіге бөлініп өткізеді. Екінші кезеңде бұлардың алдыңғы төртеуі бөлек жарысып, өз іштеріндегі ең күштіні алға шығарады. Міне, осы үздік команда сосын ұлттық лиганың үштігіне қосылып, еліміздің биылғы жылғы чемпионын анықтауға атсалысады. Бір айта кетерлігі, әйелдер командаларының ұлттық лигасында да биыл тап осындай жағдай қалыптасып отыр. Мұнда да үш команда чемпионаттың жүлделерін өзара бөліске салады. Бұл жүлдегерлер сапын «Астана жолбарыстары», «Ертіс» (Павлодар) және «Оқжетпес» (Көкшетау) құрайды. Ал жоғары лигада бар болғаны 5 жасақ қана күш сынасып жатыр. Чемпионатқа бар-жоғы үш команда ғана қатысатындықтан, олар өткізетін ойындар санының өте-мөте аз болатындығы айтпаса да түсінікті шығар. Бұған қоса, мұндағы әрбір команданың кезекті матчтары аралығындағы үзіліс екі апта уақытқа дейін созылып кетеді. Мұндай жағдайда олардағы ойыншылардың ұдайы спорттық бапта болып, шеберліктерін ұдайы арттырып отыруы қиын. Бұл жерде Ресейдің ВТБ Біртұтас лигасы чемпионатына да қатысатын «Астананың» ғана жағдайы біршама тәуір. Бірақ қалған екі команда ойындары саны оншалықты көп емес ұлттық лигадан басқа жарыстың жарығын көре алмайды. Шыны керек, күллі әлем тұрмақ, бұрынғы Одақ елдерінің баскетболында да қазір дәл біздегідей мүшкілдік жоқ. Мәселен, Ресейдің жоғарыда айтылған ВТБ чемпионатынан басқа, үш дәрежелі суперлигасы жұмыс жасайды. Оның Біртұтас лигасында Қазақстан, Беларусь, Латвия және Эстония елдерінің бір-бір жасағынан бөлек, Ресейдің 9 командасы ойнайды. Сол сияқты бірінші дәрежелі суперлига да 13 команданың басын қосқан. Бұдан әрі Латвияны, Литва мен Эстонияны қамтитын Балтық лигасының ерлер тобына – 10, әйелдер тобына 6 команда топтасқан. Бұлардан тысқары, Литваның ұлттық лигасында – 11, Латвия мен Эстонияның әрбірінің жоғарғы дивизиондарында 9 жасақтан бар. Мұндай артықшылықтарды Беларусь, Армения, Грузия, Әзербайжан чемпионаттарының үлгісінен де көруге болады. Ақиқатын айтқанда, бұл кеше мен бүгін пайда болған проблема емес. Баскетбол мамандары осыған байланысты дабылды бұдан 5-6 жыл бұрын-ақ көтеріп, мәселені су бетіне қалқытып алып шығарған. Олар сонда чемпионатқа қатысушы командалар санын айтарлықтай арттырмай, республика баскетболының деңгейін көтерудің мүмкін емес екендігін ашып айтқан еді. Сол әңгімелердің сыңайында мамандар біздің жоғары лига деп отырған тобымыздың өзінде негізінен ұлттық лиганың дайындық тобының командалары мен жастар ойнайтынын, ал балалар мен жасөспірімдер баскетболын дамытудың тасада қалып келе жатқанын алға тартқан болатын. Расында да қазақ баскетболы қазір мынадай қалыппен қайда бара алады? Серік  ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»