• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
10 Қараша, 2016

Жағдай өзгеріп, интеграция нығая түсті

300 рет
көрсетілді

(«ЕҚ», «Дендробақ демеу күтеді». 28 мау­сым, 2016 жыл) Бүгінгі әлемде орман алабының материалдық маңызы (ең алдымен ағаш дайындау) екінші кезекке ысырылып, ондағы экожүйенің экологиялық құндылықтарына айрықша көңіл бөлінуде. Әсіресе, орман құрылымының климатты реттегіш, санитарлық-гигиеналық, су және топырақ құнарын сақтау мен қорғаудағы қарымына жақсы баға берілуде. Тәуелсіз Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев Ақмола облысына 2007 жылғы 3 маусымдағы жұмыс сапары барысында біздің орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтына арнайы атбасын бұрды. Бұл еліміз үшін қарбалас кезең еді. Міндет – Астананың «жасыл белдеуін» қалыптастыру. Осыдан болса керек, Нұрсұлтан Әбішұлы бірден қала іргесіндегі дендробаққа аялдаған. Елбасы негізгі орамдарды аралап көріп, «Сіздерге бұдан да биік міндеттер жүктеледі» дегенде, жоғарыда айтылғанындай, әлемдік ауқымдағы қадам жасау қажеттігін меңзегені белгілі. Жалғыз ауыз сөздің астарында жас өскіннің түрі мен тегін, будандық аудандастырылуын, сұраныстағы тұқым дайындауды, оған қатысты ғылыми негіздемелер мен ұсыныстарды басшылыққа алу қажеттігі жатқаны айқын. Ал жа­уапты тапсырманың тиянақталатын жері нақ осы дендробақ. Ғылыми-зерттеу институты Елбасы тапсырмасын ойдағыдай орындап отыр деп айта аламыз. «Жасыл белдеудің» аумағы қазіргі күні 100 мың гектарға жуықтады. Онда Бурабай ғалымдарының жаңа патенттерімен өсірілген бағалы ағаштар, саялы өскіндер жайқалып өсіп тұр. Бұл бағыттағы ізденіс әлі де жалғаса беретіні анық. Тек әлеуеті мол ғылыми ордаға тиісті қамқорлық керек. Дәл осы тұста, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» әлеует пен қамқорлыққа қатысты «Дендробақ демеу күтеді» (28 мау­сым 2016 жыл) деген тақырыппен меншікті тілші Б.Амалбектің мақаласын жариялауы үлкен қоғамдық пікір тудырғанын айтқым келеді. Автордың мынадай деректер келтіруі уақыт әуезіндегі қозғалыс сағаты туғанын алға тартады: «Аумағы 44,3 гектарды алып жатқан дендробақ 1960 жылы құрылды. Мұнда өсімдіктің 2 мыңнан астам түрі зерттелген. Бүгінде соның 30 ұялас тармағы мен 95 текті құрайтын 800 түрі сақталып қалды. Жағрапиялық тегін тарқатсақ, дендробақтағы өскін­дердің 25,6 пайызы еуропа­лық, 22,5-і сібірлік, 21,1-і солтүстік­америкалық, 14,4-і қиыр­шығыстық, 9,2-сі жапон-қытай аумақтық, 7,2 пайызы орталық азиялық түп тамырға жатады. Олар ағаштар, бұталар, саялы өскіндер және жартылай бұтақ тарамдары болып үш дәлізді төрт топқа бөлінеді. Дендробақпен қолтықтас ор­наласқан арборетум мен по­пу­ле­тумның табиғи құндылық­тарымызды еселеудегі орны да өл­шеу­сіз. Мұнда жолы түскен кісі өсім­діктер әлемінің қиял-ға­жайып құ­шағына еніп кеткендей сезі­нері сөзсіз. Табиғаттың қатал­дығына қарамастан, осынау 11 гектарлық алқапта аса құн­ды өсімдіктер жайқалып тұра­ды. Қазіргі сақталғанының өзі 350 түрді қамтиды екен. Сан-алуан мақсатта пайдаланылатын ағаштар­ды айтпағанда, дәрілік шөптер, сан-алуан гүлдер, саялы бұ­тақтар, жеміс-жидектердің қалың­дығы қайран қалдырады. Бүгін­де Бурабай дендробағына қатысты 150-ден астам ғылыми еңбек жазылып, ұжымдық жинақтарды қоспағанда, 70-ке тарта кітап жарық көрді. Сон­дай-ақ, оннан ас­там кандидаттық және докторлық диссер­та­цияның қорғалуы дендробақ жүйесінің маңыз­дылығын дәлел­дей түсетіндей». Одан әрі мақалада: «Бурабай бүгін үлкен өзгерістер құшағында. Оған қуанғанымызбен де, көз­қа­растың біржақтылығы қынжыл­тады. Бәрінен де барымызды сақ­тауға дәнекер болып отырған ғылыми дендробақтың бағы тайғанын айтсаңызшы. Соңғы он жылда маңызды нысанның қаржыландырылуы жұтаңдап барады. Орман шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы жоқтан бар жасап отыр», деген талдамалық түйін жасалады. Аталған мақаланың сенатор Жабал Ерғалиевтің Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың атына депутаттық сауал жолдауына негіз болғанына қуаныштымыз. Онда былай делінген: «...Міне, соңғы 20 жылдан бері коллек­ция­лық өскіндерді өсіруге, оларды күтіп, баптап ұстауға қаржы бөлін­бей келеді. Бурабайдың тұмса табиға­тының ажырамас құрамдас бір бөлігі болып қалыптасып отыр­ған Қазақ орман ғылыми-зерттеу институты мен агроорманмелиорация шаруашылығының дендропаркі мен арборетумын талапқа сай күтіп, ұстап тұруға жыл сайын қажетті 22 миллион 523 мың теңге, ал дендропарк пен арборетумның нысандарын көріктендіру үшін 69 миллион 101 мың теңге мөлшерінде бір мезеттік қаржыландыру және де осы дендропарк пен арборетумды сақтап қалу мәселесінің жан-жақты ойлас­тырылуын сұраймын». Біз, институт ұжымы, Үкімет тарапынан тиісті шешімдер қабылданып, жағдайдың жақсара түсетініне сенімдіміз. Осы ретте, Қазақ орман шаруа­шылығы ҒЗИ дамуына әлемдік ғылыми интеграция да оң ықпалын тигізіп отырғанын айта кеткім келеді. Біз Корея, Польша, АҚШ, Куба,Чехия, Португалия, Гер­мания, Түркия, Словакия, Қытай және ТМД мемлекеттерінің жетек­ші ғылыми ордаларымен тығыз ынтымақты байланыс орнатқан­быз. Бұл ғалымдарымыз бен сту­денттердің, орман шаруашылығы қызметкерлерінің теориялық білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақ­тауына ықпал етуде. Сондай-ақ, бірлескен жобаларды қаржы­лан­дыру мәселесінде де игі қадамдар жасалуда. Мәселен, осы қазан айының 5-8-і күндері Германияның орман экожүйесі институты мен «Umwelt-Gerate-Technik GmbH» фирмасының өкілдері біздің дендробағымызда да болып, өздері ала келген 10 мың еуролық «Лизиметрлік құралдар кешенін» орнатып, кең ауқымды таныстырылым жасады. Болат МҰҚАНОВ, Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ бас директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Ақмола облысы