• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2016

Мақсат – агроөнеркәсіп кешенін дамыту

322 рет
көрсетілді

Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов Ақтөбеге жұмыс сапарымен келді. Министр еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемле­кеттік бағдарламасы тұжырымдамасын түсіндіруді Батыс өңірінен бастады. Сапар аясында А.Мырзахметов Алға ауданына барып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» аясында құрылған «АкТеп» ЖШС ірі қара бордақылау алаңы мен «Актюбинский мясной кластер» ЖШС ет комбинатында болды. А.Мырзахметов жұмыс са­пары ба­ры­сында «Жұмыспен қамтудың жол кар­тасы-2020» бағдарламасы аясында құ­рылған сүт өңдейтін, сүт қабыл­дай­тын пункттердің  жұмысымен танысты. «АЙС-плюс» ЖШС-нің өндірістік цехын аралап көрді. Серіктестік директоры Қуаныш Ища­новтың айтуынша,  ауысымына 50 тонна сүт өңдейтін зауытта 50-ге жуық сүт өнімдері шығарылады. Кәсіпорын қайта жарақтандырылып, Германияның техно­логиялық қондырғысы орнатылған. Қазір технологиялық желінің қуаты небәрі 50 пайыз ғана пайдаланылуда. Бұған өңір­де өндірілетін сүттің жетіспеушілігі қол­байлау болуда. Түстен кейін Асқар Мырзах­метов елі­міз­дің агроөнеркәсіп кешенін  дамытудың мем­лекет­тік бағдарламасын түсінді­ру мақ­сатында арнайы жиын өткіз­ді. Алқа­лы жиынға Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау және Ба­тыс Қазақстан облыстары әкім­дері­нің орынбасарлары, ауыл шаруа­шылығы салаларының басшылары,  фермерлер мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар өкілдері мен мәслихат депутаттары қатысты. Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жүргізіп отырды. А.Мырзахметов «Ағымдағы жыл­ғы 9 қыркүйекте Үкіметтің кеңейтіл­ген отырысында Мем­лекет басшысы Үкі­метке АӨК бағ­дарламасын ағым­дағы «Агро­бизнес-2020» үкіметтік бағдар­ла­масы негізінде әзірлеуді тапсырған еді»,– деді. Сондай-ақ, ол жа­ңа бағдар­ламаның мақсаты мен мін­дет­терін тарқата баяндады. «Мем­лекеттік бағдарламаның мақсаты – нарыққа қажетті бәсекеге қабі­летті АӨК өнімдерінің өндірісін қам­тамасыз ету»,– деді  А.Мырзахметов. Мал шаруашылығы саласын мал азығымен қамтамасыз ету қажет. Осыған орай, елдік азықтық теңгерім әзірленіп, енгізілетін болады, азықтық дақылдардың алаңдары ұлғайтылады, құрамажемдерді өндіру және тұтыну ынталандырылады, сондай-ақ жайылымдарды пайдаланудың тиімділігін жоғарылату бойынша жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау көрсету арқылы асыл тұқымды малдың  үлесін арттыру бойынша шаралар қабылданады. Бұдан басқа, АӨК-ті инфра­құ­ры­лым­дық қамтамасыз ету үшін өнімді өткізу бойынша ауылдық кооперативтер құруды ынталандыру, ауыл тұрғындарына несие беру және оларға сервистік қызмет көр­сету, сондай-ақ қаржылық қолдауға қолже­тімділігін қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар іске асырылады. Асқар Мырзах­метов бағдарламаны жүзеге асыру­дың жоба-жоспарларын нақтылап, түсін­дірді, күтілетін нәтижені қолға ұстат­қандай дәйекті деректермен дәлелдеді. Жиында шығып сөйлеушілер елі­міздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытындағы ойларын ортаға салды. Министр, салалық департаменттер мен  компаниялардың басшылары жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан» Ақтөбе облысы