• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
11 Қараша, 2016

Салықтық жеңілдік – кәсіпкерді қолдау деген сөз

272 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болып, онда үш мәселе қаралды. Сенаторлар алдымен Прези­денттің Жарлығымен тағайындалған Дар­хан Кәлетаевты палатаның Конс­титуциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің құрамына сайлады. Дархан Аманұлы туралы Сенат Төрағасы жылы сөздер айтып, оның белгілі саясаткер екенін атап өтті. Күн тәртібіндегі екінші мәселе - Астана қаласы сотының судьясы Гүлнәр Мергенованы Жоғарғы Сот­тың судьясы қызметіне тағайындауға арналды. Оның кандидатурасын Жоғары Сот Кеңесінің ұсынымы негізінде Мемлекет басшысы ұсын­ған екен. Бұл туралы Президент Әкім­шілігі Басшысының орынбасары Талғат Донақов баяндап берді. Ол Жоғарғы Соттың судьялығына ірік­теу алғаш рет конкурстық негізде жү­зеге асырылғанын да атап өтті. Қатаң біліктілік талаптары мен сот ме­ритократиялық қағидаларына Гүлнәр Мергенованың кандидатурасы толық сәйкес болды. Сонымен қатар, ол Жоғарғы Сотта және Жоғары Сот Кеңесінде де қолдау тапты, деді Т.Донақов өзінің сөзінде. Қосымша баяндама жасаған Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау орындары комитетінің хатшысы Людмила Полторабатько комитет Г.Мергенованың кандидатурасын алдын ала талқылап, оны қолдау жөніндегі өз қорытындысын шығарғанын айтты. Сонымен, Г.Мергенова Жоғарғы Соттың судьясы болып сайланып, Конституцияға сәйкес Сенатқа өз қызметін адал және абыройлы атқаратыны туралы ант берді. Үшінші мәселе «Байқоңыр қаласының мәртебесі және ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы» 1995 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстан мен Ресей арасында жасалған келісімге өзгерістер енгізу туралы Мәжіліс мақұлдаған хаттаманы ратификациялауға арналды. Бұл туралы баяндаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов өзгерістер жанама салық салу мен қосарланған салық салу мәселелерін реттеуге арналғанын атап өтті. Бүгінгі күні байқоңырлық кәсіпкерлерге қосарланған құн салығының (ҚҚС) 18 пайыздық мөлшері салынады. Ал оны қазақстандық контрагенттер есепке ала алмайды. Біздің отандық салық төлеушілеріміз еліміздің басқа аумағынан Байқоңыр қаласына барып тауарлар сатқан жағдайда да осыған ұқсас ахуал пайда болады, деді Б.Сұлтанов. Сөйтіп, қосарланған ҚҚС есебінен тауарлар мен қызметтердің құны артып кетуге мәжбүр болып отырған көрінеді. Осы проблеманы шешу үшін ресейлік әріптестермен бірге біз осы хаттаманы әзірледік. Мұнда ЕАЭО туралы шарт аясында қолданылатын қағидаттарды негізге алдық. Хаттаманың негізгі мақсаты – қосарланған ҚҚС-ты болдырмай, бір реттік, яғни 18 пайыз мөлшерде ғана салық алу, деді министр. Министрге сенатор Бекмырза Еламанов сұрақ беріп, байқоңырлық кәсіпкерлерге байланысты біршама проблемалар әлі де шешімін таппай отырғанын айтты. Мысалы, елімізде кәсіпкерлікті қолдауға байланысты көптеген заңдар қабылданды, ұлттық бағдарламалар қолға алынған. Осыған Байқоңырда тұратын Қазақстан азаматтарынан шыққан кәсіпкерлер қатыса алмайды. Өйткені, олар ресейлік салық резиденттері болып табылады. Ал бағдарламаға қатысу үшін олар қазақстандық салық резиденті болуы керек. Осы мәселе неге мына хаттамада қамтылмаған деп сұрады ол. Бұған Б.Сұлтанов нақты жауап бере алмады. Жаңа бағдарламалар қабылдаған кезде оны жұмыс барысында шешуге тырысармыз деген уәдемен ғана шектелді. Қосымша баяндаманы Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Ольга Перепечина жасады. Хаттамаға сәйкес, Байқоңыр қаласының аумағынан Қазақстанның өзге аумағына тауарлар әкетілетін немесе Қазақстанның өзге аумағынан Байқоңыр қаласының аумағына тауарлар әкелінетін жағдайда нөлдік ставка бойынша ҚҚС және акцизделетін тауарларға қатысты акциздер төлеуден босатылады. Одан басқа, Байқоңыр қаласының аумағында немесе Қазақстанның өзге аумағында жұмыс істеу және қызмет көрсету барысында, егер бұл аумақ жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді орындау орны болып танылатын жағдайда жанама салықтар өндіріліп алынады, деді ол. Заң жобасын талқылау барысында сенатор Бақтыбай Шелпеков сөйлеп, мына хаттама Байқоңыр кәсіпкерлерінің қолын байлайтын көптеген проблемалардың бірін шешуге бағытталғанын атады. Бұл Байқоңыр қаласы тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына, кәсіпкерлердің қызметінің одан әрі дамуына оң әсер ететіні анық, деді сенатор. Осындай талқылаулардан соң заң жобасы қолдау тауып, Заң қабылданды. Күн тәртібіндегі мәселелер қаралып болған соң сенаторлар орталық атқару органдарына өздерінің сауалдарын жариялады. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»