• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
18 Наурыз, 2011

Бақ, қайда барасың...

1991 рет
көрсетілді

Ертеде, жастау кезімізде абыз ақсақалдардың әңгімесін тыңдаудың өзі бір ғанибет болатын. Біз­дің бойымызда жақсы­лық­тың, кісіліктің мыс­қалдай да бір үлесі болса, сол аталарымыз бен ағаларымызға қарыздармыз. Осы мақаланы жазу үшін қолыма қалам ал­ғыз­ған менің даналығым емес, ағалығым, құрметті оқырман.  Бар ойым –  өздеріңізбен ой бөлісу. Қазіргі күнде де торқалы той, топырақты өлімде ауыл­дың үлкендері бас қосып қала­ды. Өкінішке орай, әңгіме ар­қауы көп жағдайда күнделікті тірліктің ұсақ-түйегі маңынан ұзап кете қоймайды. Сондай кезде өзінің абыройын, сөзінің қадірін қашырмай әдемі қартая білудің өзі қастерлі қасиет пе деп қаласың. Дана халқымыздың «Көп жасаған біле ме, көпті көрген біле ме?» деген сөзінде де үл­кен мағына жатыр. Жасаған ие­міздің өзі өлара шақта өмір­ге келтіріп, екі ғасырдың куәсі болуды нәсіп еткен екен, ендеше ішкен-жегенімізге мәз болмай, бастан кешкенді таразыға тартып, өткеннен өнеге, тарихтан тәлім беруге талаптансақ оның несі айып? Тоқсаныншы жылдарда ел басына түскен қиындықтар көптің әлі есінде болар. Сонда біздің қиналғанымызды көрген бір қария адам: «Соншама несіне уайымдайсыңдар, аспаны­мыз ашық, нанымыз бар. Олай болса жағдай да жаман емес қой», – деп жұбататын. Бір көпшілік жерде сол сөзді айтамын деп қарсылыққа кез болғаным бар. Үйге келген соң оңашада ойға шомдым.   «Шындығында да біздің жағ­дай­ымыз бүгінгі күн тұрғы­сынан алғанда қандай, тәуел­сіз­дігіміздің жиырма жылды­ғын­да қол жеткізген нендей табыстарымыз бар?». Әрине, қашанда шыдамды­лы­ғына шүкірлігін сүйеу етіп, төзімділігіне тәубесін тіреу еткен қара нардай халқымыз қан­дай да бір қиындықтарға қас­қая қарсы тұра білді. Ата-ба­ба­ларымыз сан ғасыр арман еткен тәуелсіздікке қолымыз жетіп, досымыз сүйініп, дұш­па­нымыз күйініп жатса, «мың өліп, мың тірілген қазақтың» кең пейілінің өтеуі болар. Өтпелі кезеңнің сынағын «көппен көрген ұлы той» деп, көрші ағайындарда кездесіп жатқан ауыртпалықтармен са­лыс­тырып, жеңілдете салу ой­ым­да жоқ. Олардың жағдайы мен біздің тұрмысымыздың ара­сындағы айырмашылықтың жер мен көктей екенін көзі қарақты көпшіліктің өзі-ақ кө­ріп отырған болар. Қазір қай қаланың базары­на барсаң да қап арқалаған, қап­таған қырғыз бауырларды көре­сің, алып құрылыс ала­ңына ай­налған Қазақстандағы бар ауыр жұмыстың басы-қа­сы­нан өзбек ағайындарды кез­дестіресің. Кешегі Одақ кезінде өзімізбен терезесі тең бо­лып келген осы қыр­ғыз, өзбек, тәжік, т.б. ағай­ын­дар басқа елдердің босаға­сы­нан сығалап, нан тауып жүрсе, Еуропаның көптеген аймақ­та­рын­да түрік­тердің, үнділер мен пәкстан­дықтардың жағдайы осындай. Сонда олар қайбір жетіскеннен бала-шағасын тастап, шекара асып жөңкіліп жүр деп ойлайсың, осының барлығы жұ­мыссыздық пен жоқшылықтың салдары. Қазіргідей күрделі кезеңде кейбір жерлестеріміздің тұр­мыс деңгейі әлі де күрт жақ­сарып кетпегенімен, біздің халықтың тамақ асырау үшін басқа елдерде жұмыс іздеп жүрмеуінің өзі біраз нәрсені аңғартпай ма? Әрине, бұл жерде қазақ халқының жетімі мен жесірін қаңғытпай бауырына басатын қанында бар қасиет, елде болса ерінге тиеді дейтін елжандылық пен қоғамшыл­дық, туған-туыс пен жекжат­тың арасындағы жазылмаған заңдай болып кеткен қайы­рым­дылық пен бауырмалдық сияқты басқа жұртта кездесе бермейтін өзіне ғана тән та­биғи мінез-құлықтың да орны бөлек екенін айтып өту керек. Соңғы жылдары күш алған әлемдік дағдарыстың салдары­нан батыстағы небір алпауыт мемлекеттердің өзі белдігін тар­та буып, әлеуметтік жәр­дем­ақылар мен жалақыны қыс­қартуға мәжбүр болған­дығын күнделікті хабарлардан естіп-біліп отырмыз. Ал бізде керісінше, жыл сайын бюджет саласы қызметкерлерінің жал­ақысы, зейнеткерлердің зей­нет­­ақысы, студенттердің сти­пендиясы өсіп отырғаны кө­ңілге зор сенім ұялатады. Бұл орайда «жалақы өседі» деген­нен-ақ тауарын қымбаттата бастайтын сауда тұтқаларын ұстаған пайдакүнемдердің амал-айласы жеке әңгіменің тақы­рыбы болмақ. Ұрпағына сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне от­басы мүшелері ғана емес, мем­лекеттің де ерекше маңыз беруі өсер елге тән қасиеттердің бірі. Кешегі күнге көз жіберсек, тәуелсіздігі­міз­ді алғанға дейін балалары­мыз­дың шетелге шығып білім алуы түсімізге кіріп пе еді? Тіпті, мы­нау қа­сымыздағы Челябі, Омбы, Қор­ғанға барып оқығанына да мәз едік қой. Ал, бүгін «Бо­ла­шақ» бағ­дарламасы бойынша талабы бар 4000-нан астам жас­та­ры­мыздың әлемнің әр түкпі­рін­де жоғары білім алып жатқан­дығын естігенде ерекше бір сезімге бөленгенімді жасыр­ғым кел­мейді. Оның үстіне азуы алты қарыс Америкада, әлем ел­дерінің ішінде бекзада болмы­сы­мен ерекшеленетін Ұлыбри­та­ния­да, қай кезде де мәдение­тімен көш бастап жүретін Францияда, кәрі құрлық Еуропаның басқа да мемлекеттерінде біздің балалардың оқып жүр­геніне тәубе дейсіз. Өзіміз сияқты ТМД мемлекеттерінің қай­сысы осы­лай істеп жатыр? Ен­деше, мұны еліміздің зор жетістігі деп бағалауға толық құқы­мыз бар. Мұндай жағ­дай­мен мақ­тансақ та артық бол­майды. Кеңестік дәуірде шет елге шығып, ел мен жер көрудің елеулі кедергілерге кездескені аға ұрпақтың есінде болар. Тіпті сол кездегі «алыс шетеліміз» Бол­гарияға, Румынияға, Югосла­вия­ға туристік сапар жасау бақыты бұйырғандардың өзі айырбас­тауға рұқсат етілген 50 сомын неге жеткізерін білмей, сырт елден жер болып оралғанын ұмыта қойған жоқпыз. Соны білетін шетелдіктер Кеңес Одағынан келген туристерге мүсіркеу сезімімен қа­райтын. Біз үшін ол кезде Балтық жағалауындағы Эстония, Литва, Латвияға барып келудің өзі арман болатын. Қазір, шүкір, қайда барамын, қанша боламын деп уайым­да­майсың, қалтаң көтерсе қалай сай­рандасаң да өз еркіңде. Жаз күндері еңбек демалысын шетелдерге барып өткізетіндердің қата­ры күннен-күнге өсіп келеді. Қуғын-сүргінге толы замандағы солақай саясаттың кесірінен Қазақстан тағдырдың бұй­рығымен көп ұлтты мемлекетке айналуға мәжбүр болды. Алайда, мұның бәрі көшіп келген өзге халық өкілдерінің өз еріктері бойынша болып жат­паған­дығын түсінген қазақтар оларға достық құшағын жайып, бір тілім нанын бөлісіп жеді. Қазақстандағы ұлттардың бәрі бү­гінде бір үйдің баласындай тату-тәтті тірлік кешуде. Осының бәрі біздің ха­лық­тың кеңдігінің, жүргізіліп жатқан саясаттың са­ли­қалылығының жемісі. Осыдан 15 жыл бұрын құ­рылған Қазақ­стан халқы Ассам­блея­сының жұ­мысы бүкіл әлем­нің назарын аударды. Қазіргі таң­да бірқатар мемлекеттердің ұлт­аралық қаты­настар шиеленісіп тұрған кезеңде халықтар досты­ғының қазақстан­дық үлгісіне қызығушылық та­нытуы заңды да. Бүгінде жер шары мазасыз­дық­қа толы. Оған кейбір ел­дердің әлеуметтік жағдайының тө­мендеуі, ұлтаралық қақты­ғыс­тар, діни көзқарастар қайшы­лығы себепші болуда. Сондай дүрбелеңді кезеңде біздегі сүттей ұйыған бірлікке қызыға да, қыз­ғана қарайтындар аз емес. Алыс-жақын көрші мемлекеттерде орын алған қақтығыстар сал­дарынан адам шығынына жол берілгендігі де белгілі. Тіпті 180 жылдық тәуелсіз тарихы бар Бельгия ХХІ ғасырда осындай қолайсыз жағдайға тап болып отырғанын көргенде, не айта­рыңды білмейсің. Сол қайшы­лық­тардың барлығы да соған бай­ланысты қаза тапқан жандар­дың бір тамшы қанына таты­майтындығы айқын. Сондықтан да елімізде қол жеткізіліп отыр­ған тыныштықтың, татулықтың қадірін білу баршамыздың аза­мат­тық, кең мағынада алғанда елдік борышымыз. Тағы да бір ерекше тоқтала кетер сала – сөз бостандығы. Ке­ңес Одағы кезінде енгізілген қа­таң цензураның салдарынан қо­ғамдағы өткір мәселелер «жа­бу­лы қазан» күйінде қалып келді. Оқта-текте орталық «Правда» газетінде ғана сын материалдар жарияланатын. Бірақ онда да сын садағына төменгі партия ұйым­дары ілінетін. Тіпті, батыл сынды былай қой­ғанда, «дархан қазақ даласы»,  «қазақтың киелі топырағы» деп жазғандарға да «ұлтшыл» деген айып тағылып жататын. Егемен елімізде қанат жайып келе жат­қан жариялылықтың нәтижесінде әркім өзінің ой-пікірін ашық айта алатын жағдайға қол жеткіздік. Қазір мемлекеттік емес бұқара­лық ақпарат құралдарының саны шамамен 2500-ге жетті. Сон­дықтан да бүгін облыстарда, тіпті шағын қалаларда шығатын газет­тердің өзі министрлерді, әкім­дерді, т.б. басшыларды жерден алып, жерге салып жат­қанын көре­міз. Мұндайда тек кейде сынағанның жөні осы екен деп ауа жайылып кетуге, айғақ­сыз кінәлап, жазықсыз жала жа­буға жол берілмеуі керек. Ал, бірақ, әділ сынның қоғам да­муы­на қомақты үлес қосатыны сөзсіз. Енді мемлекеттік тілімізге келейік. Қызыл империяның кезінде ана тіліміздің жойылудың аз-ақ алдында болғаны баршаға мәлім. Қазақша мектептер шеттерінен жабылып, ұлттық салт-дәстүрімізден ажырап қалғаны­мыз әлі есімізде. Сол кездегі ас­танамыз, бір миллионнан астам халқы бар бір Алматының өзінде жалғыз-ақ қазақ мектебінің болғандығын айтсақ та жеткілікті. Егер аңсаған тәуелсіздігіміз тағы оншақты жылға кешіккенде тамыры құрғап қалған туған тілімізге қан жүгіртуге кеш болып қалар ма еді, қайтер еді?.. Рас, бір кездері босағадан ғана орын тиіп қалған ана тілі­міздің алтын басын төрге шығару ісінде іркілістер болып жат­қандығын мойындауға тура келеді. Алайда, соның бәріне ең бірінші кім кінәлі? Ащы да болса ашып айтуға тура келеді, ең алды­мен өзіміз. Әке-шешесі ба­ласымен, ата-әжесі немересімен орысша сөйлесетін бір ғана емес, «бірегей» халық та өзіміздің қа­зақтар. Тіпті, кейде «басқа ха­лықтарға тіл жөнінен қысым жасалуда»  деген сияқты алып­қашпа сөздерді таратып жүр­ген­дер ана тіліміз төрге шықса аты­нан аунап қалам ба деп қорқатын өзіміздің қандастарымыз емес пе екен деген күпірлік ой да келеді.     Бодандықта болған кезімізде жұ­мыс орнында, қоғамдық жерлерде қазақша сөйлегеніміз үшін «кінәлі» болып қалғандығымыз­ды ешкім ұмыта қоймаған шы­ғар. Енді содан бергі уақытта іркілістермен қатар ілгерілеу де бар екендігін ешкім жоққа шы­ғара қоймас. Ең бастысы, Қазақстанда тұ­ра­тын өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді білу талаптарының уа­қытша науқан емес, бүгінгі күннің кезек күттірмес міндеті екендігіне көз жеткізді. Қазір қазақ еместер арасында мемлекеттік тілді үйренуге деген сұ­раныс артты, қазақша еркін сөй­лейтін басқа ұлт өкілдерінің қа­тары өсті. Тіл саясатына көңіл әбден-ақ бөлініп келеді. Оны бәріміз де естіп-біліп отырмыз. Мемлекеттік мекемелер мемлекеттік тілге көшті. Қазақ тілінде дәріс беретін мектептер мен оқу орындарының қатары көбейді. Мысалы, бүгінгі таңда қазақ тілінде білім беретін 3900-ге жуық мектеп бар. Жоға­ры оқу орындарында 32 мың студент қазақ тілінде білім алады екен. Әртүрлі салалар бойынша бір миллион данаға жуық сөз­діктер шығарылды. Елбасының бастамасымен құрылған мемлекеттік тілді дамытудың Президенттік қоры жұмыс істеуде. Осы­ның бәрі де тіліміз үшін жа­салып жатқан ірі жұмыстардың арқасы емес пе? Қазақстан халқына арналған биылғы Жолдауда 2020 жылы халқымыздың – 70 пайызы, мектеп бітірушілердің 95 пайызы қазақ тілін толық меңгеруге тиісті деп алдымызға нақты да маңызды міндет қойыл­ды. Ендеше, жауапты лауазымға ие болу үшін қазақ тілін жете меңгеру талабын әуелі өз қан­дастарымыздан бастайтын мезгіл жеткен сияқты. Сонда өзге ұлт өкілдерінің өздері-ақ мемлекеттік тілді тез арада үйренуге ден қояры даусыз. Халқымызда ақырын жүріп, анық бас деген ғибратты сөз бар. Дәл осы тіл мәселесінде осы өсиетті ойдан шығармауымыз керек. Бүгінгі күні еліміз ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген болса, бұл көбіне көп қазір ел ішінде ор­ныққан бірлік пен ынтымақтың арқасы. Бір күн ұрыс болған үйден мың күндік ырыс қашады екен. Ендеше, береке бірлігіміз жарасып,  елімізге ырыс құтай­сын десек, осы ынтымақтан айыры­лып қалмауымыз керек. Асығып-аптықпай-ақ та көп нәрсе тындыра алатынымызды осы уақытқа дейін жүріп өткен жолымыз бен уақыттың өзі көр­сетті ғой. Ел ішіндегі тыныш­тыққа қазақтың әр баласы жауапты деп білейік. Менің тілге тиек еткендерім Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде атқарылған ауқымды істердің бір шеті ғана. Ал енді қол жеткізген толағай табыстарға көз жіберсек, осы уақыт аралығы тұтас бір ғасырға татитындай. Өйткені, бұл күнде қазыналы Қазақстанды, оның әсем астанасын бүкіл әлем таниды. Өз елімізде де шет елдерде де ұлтымыздың қасиетін арттырып, мерейін асқақтататын істер баршылық. Мысал ретінде бір ғана мәдени бағдарламаны атауға болады. Осы бағдарлама аясында Әл-Фараби мен Бей­барыс бабаларымыздың аруа­ғын ұлықтап, Мысыр мен Сирияда мешіт пен мемориалдық кешен­нің тұрғызылуы асыл­да­рын ар­дақтап, тарихын түген­деймін дейтін қай елге болса да үлгі-өнеге боларлық іс. Әрине, біздің елде еш­қан­дай кемшілік немесе кінәрат жоқ деуге де болмайды. Бүкіл әлем­­ді жегі құрттай жайлап ал­ған сыбайлас жемқорлық дейтін атың өшкір алапестен біз де қашып құтыла алмадық. Ол енді бүкіл қоғам болып, қалың елім қазағым қарсы тұрғанда ғана жеңе алатын дерт пе деймін. Тұрғын үй шаруашылығы, жастарға баспана мәселесі де шешімін күтіп тұрған істердің бірі сияқты. Біз біле бермейтін басқа осал тұстарымыз да бар шығар. Құдіретті уақыт еншісіндегі бұл мәселелер де оң шешімін табатынына кәміл сенеміз. Қашанда алдына айқын мақсат қоя білген елдің шығар шыңы биік болады. Олай болса өзіне алып адымды, қарышты қадамды өлшем еткен тәуелсіз Қазақстанның  алға қойған мәр­­тебелі мақсаттарының абы­роймен орындалатындығына шүбәсіз сенгім келеді. Кеудесі алтын сандық, кө­не­көз қарияларымыз айтушы еді. «Бақ, қайда барасың?» – де­генде, Бақ: «Ынтымағы жа­рас­қан елге барамын!» – деп жауап берген екен. Сол ай­тыл­ғандай, бірлікке жететін бай­лық жоқ, татулыққа жететін тірлік жоқ. Қазақта мағынасы терең, айтылуы ауыр «Адам басына бақтың қонғанын білмейді, ұшқанын біледі» деген қанатты сөз бар. Бүгінгі босағамыздың беріктігі, шаңырағымыздың биік­тігі, түтініміздің түзулігі халқымыздың басына қонған бақ десек, сол бағымызды қадірлеп, қолда барды бағалай білейік, ағайын! Сұңқар ОСПАНОВ, еңбек ардагері, КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі. Қостанай.