Айтып отырғаным, Оңтүстігіңізде Наурыз мерекесіне дайындық әлдеқашан басталып кеткен. Шымкент қаласы мәдениет басқармасының бастығы Мұрат Базарқұловтың кеңсесінің түндігі желпілдейді. Қаланың мәдениетіне жауаптылардың бәрі осында. Наурыз мерекесін қалай өткізудің жоспарын пысықтауда.
Заты орыс болса да болмысы қазақ, орыс драма театрының бас режиссері, наурыз-думанның да бас режиссері Игорь Бербицкий өңешін созып, бір идеяны тықпалайды. Наурыз мерекесі сценарийінің авторы Ләйла Жұмабаева қағазына үңіледі. Режиссер Жұмабек Есеновтің өз ойлағаны бар.
Былтыр қаланың Наурыз мерекесі Әл-Фараби алаңында өткен болса, биыл 21 наурызда қала сыртындағы А.Асқаров атындағы ипподромда жалғасады. Қазақтың Наурызы ат жарысынсыз өтуші ме еді. Бәйге, Көкпар. Қыз қуу. Аударыспақ. Ипподром ұлттық ойындарға дайын.
Сырт алаңқайдағы көгалға ақшаңқан киіз үйлер тігілуде. “Наурыз-керуен” аталатын думанның алғашқы 30-40 минөтін әртістердің көмегімен театрланған көріністер бастайды. Қазақ ауылы. Желідегі мама бие, құлын, көгендегі қозы-лақ. Әуелеген ән, күмбірлеген күй, хореографиялық топ биі. Әр киіз үй жанындағы жерошақтардағы тайқазандар қазақ қонақжайлылығын танытады.
Наурыз-думанның түп қазығы – мемлекет тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Қазақ ауылынан басталған салқар көш Қазақстанның бүгінгі дәуірлеген кезеңіне бетін түзейді.
– Біздің еліміз кейбір мемлекеттердің жүз жылда жететін жетістіктеріне жиырма жылда қол жеткізді. Мұны шет елдегі сарапшылардың өздері де айтып жатыр, – дейді қала әкімінің орынбасары Бақадыр Нарымбетов. – Халық осы жақсылықтарды облыс өмірінен де көріп жатыр. Бір Оңтүстік Қазақстан облысының бюджеті көрші Қырғызстан мемлекетінің жылдық бюджетінен асып жатқандығының өзі осылай дегізеді. Сондықтан, Наурыз-думанда тәуелсіздігіміздің табысы ерекше көрсетілмек.
22 наурыз күні Наурыз мерекесі қаладағы алаңдар мен саябақтарда жалғасады. Облыстағы 21 мәдени ұлттық орталықтардың өкілдерінің Наурызға дайындап жатқан өз бағдарламалары бар.
Күн мен түн теңелетін, Самарқанның көк тасы еритін айтулы күнге облыс дайындықты бастап кетті. Қала, аудан орталықтары, ауылдар апта сайын сенбіліктер өткізіп, көшеттер егіліп жатыр.
Наурыз – жыл басы. Береке, бірліктің, ынтымақтың, достықтың, алғаусыз көңілдің, мейірімнің тойы. Кемелденген Қазақстанның тәуелсіздігіне жиырма жыл толған, өркениетті елдермен терезе теңестірген торқалы тойы.
...Көктем ерте келетін Оңтүстік жыл басын қарсы алуға дайындықты осылайша бастап кетті.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Шымкент.