• RUB:
    5.09
  • USD:
    487.37
  • EUR:
    532.94
Басты сайтқа өту
12 Қаңтар, 2017

БҚО прокурорлары 2016 жылы 774 тексеріс өткізді

266 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында 2016 жылы әлеуметтік-экономикалық салада барлығы 774 тексеріс жүргізіліп, 5,5 мың заңбұзушылық анықталды. Бұл туралы облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов жүргізген жыл қорытындыларына арналған жиында мәлім етілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осы заңбұзушылықтарды жою мақсатында 1 мыңнан астам қадағалау актілері енгізіліп, 469 заңсыз акті, соның ішінде 11 нормативтік-құқықтық акті бұзылды. Бір жыл ішінде 28 мыңнан астам азаматтың конституциялық құқығы қорғалып, 2,5 мың адам түрлі жауапкершілікке тартылды. 38 қылмыстық құқықбұзушылық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Бюджетке 4,2 млрд. теңгенің толтырылуы қамтамасыз етіліп, 243 млн. теңгенің мүлкі мемлекетке қайтарылды. Tкі жылға есептелген «Құмар ойынсыз қала» жобасы облыс орталығында жүзеге асырылуда. Кәсіпкерлер палатасымен бірлесе жүргізілген құқықтық-түсіндіру жұмыстары нәтижесінде өз еріктерімен айналымнан 40 ойын автоматы алынды. Мәжбүрлі түрде 38 автомат алынып, 18 онлайн-казиноның қызметі тоқтатылды. Мұндағы мақсат - қала аумағындағы заңсыз ойын бизнесін толықтай жою. Сондай-ақ мал ұрлығына қарсы бірлескен іс-қимыл нәтижесінде бұл қылмыс 18 пайызға азайса, «Табиғатты бірге қорғайық» жобасы тұрмыстық қалдықтарды 101 мың тоннадан 87 мың тоннаға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Өнеркәсіп қалдықтарын кәдеге жарату көлемін арттыру арқылы қоршаған ортаға келтірілетін залал 72 пайызға төмендеді. Өкілетті органдардың қызметін тиімді үйлестіру арқылы еңбек қатынастары саласында тұрақтылық сақталды. Соның нәтижесінде 2,5 мың жұмысшыға 283 млн. теңге жалақы берешегі уақтылы өтелді. Оған қоса мемлекеттік кәсіпорындардың жұмыспен қамту орталықтарына бос жұмыс орындары туралы хабарламауының 1,8 мыңнан астам дерегі белгілі болып, қабылданған шаралар бойынша 437 адам еңбек орнын тапты. Облыс прокуратурасының бастамасымен қараусыз қалған 28 ауланың спорт алаңы қайта жабдықталып, 5 мыңнан астам жеткіншек спортпен айналысуға мүмкіндік алды.