Қазақстан Коммунистік халықтық партиясы атынан Қазақстан президенттігіне кандидаттыққа ұсынылған Жамбыл Ахметбековті қолдау қоғамдық штабы үміткерлердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары басталысымен іске қызу кірісіп кетті.
ҚКХП-ның облыстық комитетінің бірінші хатшысы Жанат Молдашев жетекшілік ететін қоғамдық штаб үгіт-насихат жұмыстарын жоспарлы жүргізіп, осы кезге дейін-ақ Мәртөк, Қобда, Әйтеке би, Қарғалы және Хромтау аудандарында болып, жұртшылықпен жүздесті. Ел президенттігінен үміткер Жамбыл Ахметбековтің сайлауалды бағдарламасымен, партияның ұстанған саяси тұғырнамасымен таныстырды.
Жақында ҚКХП-дан президенттікке үміткер Жамбыл Ахметбеков Ақтөбеге келіп, облыс орталығындағы қарттар үйінде кездесу өткізді.Кездесу барысында ел президенттігінен үміткер кедейшілік, жұмыссыздық, бағалар мен тарифтердің өсуі және басқа әлеуметтік өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салды.
– Мен жаңа әлеуметтік бағыттың негізі болатын үш бастаманы жарияламақшымын, – деп өзінің сайлауалды бағдарламасында атап өткеніндей, еліміздегі әлеуметтік игіліктерге қарапайым халықтың қолжетімділігін қалыптастырудың негізгі жолдарына тоқталды. – Жаңа әлеуметтік бағыт шеңберіндегі бірінші бастама – бұл күнкөрістің ең төменгі көрсеткішін көптеген өркениетті елдерде қолданылатын стандарттар бойынша (яғни, медиандық тәсіл арқылы) анықтау әдісін енгізу.
Осылай дей келіп ол мұндай жағдайда Қазақстанда орта есеппен әр адамға шаққанда күнкөрістің ең төменгі көрсеткіші 200 мың теңге болатынын жеткізді. Екінші бастамасы ретінде жоғары оқу орындары түлектерінің бірінші рет жұмысқа орналасуларына мемлекеттік кепілдік беруді енгізуді ұстанып отырғанын алға тартты. Біріншіден, жұмыс орнына кепілдік беру – жас маманнан жұмысқа орналасуы кезінде 3 жыл жұмыс өтілін сұрау секілді кедергіден шығарар жол екенін мәлімдеді. Президенттікке кандидат еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы мәселесін шешуді, осы саладағы бағалар мен тарифтерді азайтуды ұсынып отырғанына тоқталды.
Ол өз ойын Қазақстан азаматтарының әлеуметтік жағдайы мен әл-ауқаты заманауи биліктің әрекет ету қабілеті мен оның саяси жауапкершілігінің басты бағамына айналуы тиіс деп тұжырымдады. Қазір мемлекеттік саясаттың түпкі мақсаты – Адам болуы қажет. Елдің ертеңі әлеуметтік әлеуеттің артуымен өлшенуі керек.
Кандидатты қолдау қоғамдық штабының жетекшісі, ҚКХП облыстық комитетінің бірінші хатшысы Жанат Молдашев азық-түлік бағаларының шектен тыс көтерілуі жөнінде келелі мәселе қозғады. Бағаны бұғалықтамайынша, зейнетақы мен еңбекақыны өсірудің қайтарым бермейтініне назар аударды. Шығып сөйлеген қариялар да мұны жоққа шығармады, үміткердің игі бастамаларының жүзеге асуына тілектестік білдірді. Сайлауға бір кісідей қатысып, өз таңдауларын жасайтындарын жеткізді. Ел президенттігінен үміткер Жамбыл Ахметбеков қарттарды толғантқан бірқатар сұрақтарға жауап берді.
Осындай жүздесу Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің жатақханасында студент жастармен де болды. Кандидат өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізіп, журналистердің бірқатар сауалдарына жауап берді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.