Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сайлауға қатысты бірқатар құжаттарды қабылдаған. Қазақстан Республикасы адам құқықтарына, оның ішінде сайлау құқықтарына байланысты халықаралық келісімдер мен конвенцияларға қосылған. Біз және аталған халықаралық ұйымның өзі басшылыққа алатын ең басты және негізгі құжат – 1990 жылғы 29 маусымдағы ЕҚЫК (ЕҚЫҰ) Адамзаттық өлшем жөніндегі конференциясының Копенгаген құжаты.
Осы Копенгаген құжатының ережелері Қазақстан Республикасының халықаралық электораттық міндеттемелері болып табылады. Біз оларды сайлау науқандарын өткізу барысында, соның ішінде алдағы уақытта болатын Қазақстан Республикасының кезектен тыс президенттік сайлауы кезеңінде, яғни 2011 жылғы 3 сәуірде болатын дауыс беру кезінде де сақтауға тиіспіз. Сонымен бірге, бұл құжат халықаралық заңдық құжаттан гөрі халықаралық саяси құжат болып табылатынын есте сақтау қажет. ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің барлығы осы Копенгаген құжатының ережелерін сақтау туралы шарт жасасты.
Копенгаген құжатының 5.1-параграфына сай ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер әділеттілік элементтерінің қатарына сайлаушылардың өз өкілдерін сайлау кезінде пікірін еркін білдіруін іс жүзінде қамтамасыз ететін жағдайларда, жасырын дауыс беру немесе оған барабар еркін дауыс беру рәсімі арқылы санаға сыйымды уақыт аралығында өткізілетін еркін сайлау жататынын салтанатты түрде мәлімдейді. Бұдан әрі Копенгаген құжатының 7.1-параграфында «Халық еркі үкімет билігінің негізі қызметін атқаруы үшін қатысушы мемлекеттер еркін сайлауды, заңда белгіленгендей, санаға сыйымды кезеңділікте өткізеді» деп нақтыланған.
Қазақстан Республикасы ЕҚЫҰ-ға қатысушы өзге мемлекеттермен қатар, өзіне еркін және мерзімді ұйымдастырылатын сайлау өткізу жөнінде халықаралық міндеттеме қабылдай отырып, өзінің 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституциясында: «Қазақстан Республикасының Президентiн Конституциялық заңға сәйкес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды» деп бекітті (41-баптың 1-тармағы). Бес жылдық мерзім сайлаудың мерзімділігін көрсетіп тұр, ал президентті жалпыға бірдей қағидаттардың, азаматтардың (сайлаушылардың) теңдігі негізінде сайлау еркін демократиялық сайлау ұғымын аша түседі.
Конституцияға сүйене отырып, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының 2-бабымен «Республикадағы сайлау республика азаматының сайлау және сайлану құқығын еркiн жүзеге асыруына негiзделетінін» айқындады. Конституциялық заңның 8-бабы жасырын дауыс берудің демократиялық қағидатын былайша аша түскен: «Республика президентiн сайлауда жасырын дауыс берiледi әрi сайлаушылардың еркiн бiлдiруiне қандай да болсын бақылау жасау мүмкiндiгiне жол берiлмейдi».
Копенгаген құжатының 7.3-параграфы қатысушы елдерді, оның ішінде Қазақстан Республикасын осы параграфтың ережелерін орындауға міндеттейді, оның мазмұны төмендегіше баяндалған: «Халық еркі үкімет билігінің негізгі қызметін атқаруы үшін қатысушы мемлекеттер жасы ересек азаматтарға жалпыға бірдей және тең сайлау құқығы кепілдігін береді».
1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 4-бабының 1-тармағымен Қазақстан Республикасының осы халықаралық міндеттемесінің іске асырылғанын көрсетеді. Онда «Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы – республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы» айқындалған. Еліміздің осы халықаралық міндеттемесі «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 4-бабында неғұрлым егжей-тегжейлі бекітілген. Яғни, «Жалпыға бiрдей белсендi сайлау құқығы – республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарының тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiни көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан, сайлауда дауыс беруге қатысу құқығы көрсетілген.
Жалпыұлттық сайлаушылар тізіміне сай 9 миллион 100 мың 967 сайлаушы 2011 жылғы 3 сәуірде еліміздің президентін сайлауда дауыс беруге қатысуға құқылы. Басқаша айтқанда, сайлауға республиканың барлық ересек азаматтары қатысады. Осылайша, қазақстандық сайлау құқығында жалпыға бірдейлілік қағидаты іске асырылуда, бұл Қазақстанның ЕҚЫҰ алдындағы халықаралық міндеттемесінің іске асырылғанын білдіреді.
Ал Копенгаген құжатының 7.4-параграфында халық еркі үкімет билігінің негізгі қызметін атқаруы үшін қатысушы мемлекеттер дауыс берудің жасырын өткізілуін немесе оған барабар еркін дауыс беру рәсімінің қолданылуын және дауыстарды санау мен ол туралы хабардың адал болуын, ал ресми нәтижелердің жариялануын қамтамасыз ету қажеттігі нақтыланған. Осы міндеттеме «Сайлау туралы» Конституциялық заңның 42-бабында «Дауыс берушiлер сайлау бюллетеньдерiн жасырын дауыс беруге арналған кабиналарда толтырады» деп көрініс тауып отыр. Бұл халықаралық міндеттемені орындау үшін осы заңның 43-бабында: «Сайлау кезiнде (соның ішінде президенттi) барлық сайлау учаскелерiнде дауыстарды санау, егер сол учаскеде сайлау туралы Конституциялық заңда белгіленген тәртiппен дауыс беру уақыты өзгертiлмеген болса, жергiлiктi уақытпен сағат жиырмада басталады. Дауыстарды санауды сайлау комиссиясының мүшелерi дауыс беру қорытындысы анықталғанға дейiн үзіліссiз жүргiзедi, қорытындылар «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес дауыстарды санау кезiнде қатысатын адамдардың назарына жеткiзiлуге тиiс. Сайлау учаскесiнде дауыстарды санау уақыты санау басталған кезден бастап он екi сағаттан аспауға тиiс» деп бекітілген.
Копенгаген құжатының 7.5-параграфы бойынша «азаматтардың жеке өзінің немесе саяси партиялардың немесе ұйымдардың өкілдері ретінде саяси немесе мемлекеттік лауазымдарға еш кемсітушіліксіз қол жеткізу құқығын құрметтеуге» шақырады. Ел Конституциясының 33-бабы (2-тармақ) әрбір азаматқа мемлекеттiк органдарға, соның ішінде президент болып сайлану құқығын береді. Және осы құқығын іске асыруға тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын, қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Қазақстан Республикасының 22 азаматы ниет білдірді. Бірақ бәрі бірдей мемлекеттік (қазақ) тілді еркін меңгергендігін анықтау рәсімінен өте алмады, бәрі бірдей сайлаушылардың жалпы санының кемінде 1 пайызының өзін қолдаған қолдарын (бұл – 91 010 қол) жинай алмады. Осыған байланысты Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде 4 адамды: Қазақстан Коммунистік халықтық партиясынан – Жамбыл Ахметбековті, өзін өзі ұсынған Мэлс Елеусізовті, Қазақстан Патриоттары партиясынан – Ғани Қасымовты және «Нұр Отан» партиясынан Нұрсұлтан Назарбаевты ресми тіркеді. Мемлекеттік тілдің әліпбиіне сәйкес, сайлау бюллетеніндегі кандидаттардың тектері де дәл осындай ретте орналасты. Президенттікке кандидаттарды ұсыну мен тіркеу үдерісі кандидаттарға қатысты еш кемсітушіліктің болмағанын көрсетті.
Копенгаген кеңесі құжатының 7.6-параграфында қамтылған Қазақстанның, сондай-ақ басқа қатысушы мемлекеттердің халықаралық міндеттемесі қазақстандық құқықтың ішкі нормаларына айналды. Осыған орай бұл міндеттемені еліміздегі барлық мемлекеттік органдар мүлтіксіз сақтауға тиіс. Бұл Конституцияның 23-бабы 1-тармағының мазмұнынан да көрінеді. Онда «Қазақстан Республикасы азаматтарының бірлесу бостандығына, соның ішінде саяси партияларды құруға да құқығы бар екендігі айтылған. Қазіргі уақытта біз сайлау алдындағы үгіт кезеңінде тұрмыз және кандидаттардың Қазақстан Республикасының сайлау және өзге де заңнамасының шеңберінде өзара сайысын байқап отырмыз.
Копенгаген құжатының 8-параграфында: «Халық еркі үкімет билігінің негізгі қызметін атқаруы үшін қатысушы мемлекеттер сайлау үдерісіне қатысуға ниет білдірген барлық саяси топтар мен жекелеген адамдардың бұқаралық ақпарат құралдарына кемсітушіліксіз негізде кедергісіз қол жеткізуі үшін қандай да бір заңи немесе әкімшілік тосқауылдардың белгіленбеуін қамтамасыз етеді» деп атап көрсетілген. Осыған байланысты президенттікке кандидаттардың сайлау алдындағы үгітті жүргізу үшін бұқаралық ақпарат құралдарына тең қол жеткізуіне қажетті жағдайлар жасалуда. Кандидаттарға өз бағдарламаларымен бұқаралық ақпарат құралдарына шығуы үшiн бiрдей қаражат бөлiнуіне кепiлдiк берілген. Әрбiр кандидаттың телеарналардан он бес минуттық сөз сөйлеуiне, радиодан он минуттық сөз сөйлеуіне, сондай-ақ баспа басылымдарында 0,1 баспа табақтан аспайтын көлемде екi мақала жариялауына қаражат беріліп отыр.
ЕҚЫҰ Копенгаген құжатына сәйкес сайлаулардың барлық түрлерін, сондай-ақ президенттік сайлауды байқауды жүзеге асырудағы халықаралық байқаушылардың мәртебесі мен қызметінің негізі ретінде көрсетіледі. Оның ережелері аталған халықаралық ұйымға мүше барлық мемлекеттердің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының міндеттемесі де болып табылады. Бұл халықаралық міндеттемеде «Қатысушы мемлекеттер шетелдік, сонымен қатар ұлттық байқаушылардың қатысуы сайлау өткізілетін мемлекеттер үшін сайлау процесінің беделділігін арттыруы мүмкін деп есептейді. Сондықтан да олар ЕҚЫҰ-ға қатысушы кез келген басқа мемлекеттерден және ниет білдірген кез келген тиісті жеке мекемелер мен ұйымдардан заңда рұқсат етілген көлемде өздерінің ұлттық сайлауының барысын байқауға шақырады. Олар сондай-ақ жалпыұлттық деңгейден неғұрлым төмен деңгейде өткізілетін сайлау процестеріне де осылай қол жеткізуге жәрдемдесуге талпынатын болады. Мұндай байқаушылар өздеріне сайлау процесіне араласпау міндеттемесін алатын болады» делінген. Бүгінде сайлау науқаны барысында Қазақстан осы қағидаттарды толық сақтап келеді.
Марат СӘРСЕМБАЕВ, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі.