Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өр Алтайдың төрінде орналасқан Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болды. Ежелден еліміздің өндірісті, өнеркәсіпті өңірі саналатын бұл облыс қазір де осы салалардың көшбасшысы болып отыр.
Бір жылдың ішінде заманауи үлгіде салынған 898 үйлі үш ауыл салған да бірден-бір облыс осы. Соның ішінде Тарбағатай ауданының Жәнтікей және Көкжыра ауылдары жарты жылда қалпына келтірілсе, Өскемен қаласында «Нұрлы көш» бағдарламасы шеңберінде жаңа ауыл тұрғызылды.
Нұрсұлтан Әбішұлының Шығысқа жасаған жұмыс сапары да осы ауылдың тұрғындарымен кездесуден басталды. Бұл ауыл құрылысының бірінші кезеңіне 2010 жылы республикалық бюджеттен 3,9 млрд. теңге қаражат бөлінген екен. Қаздың баласындай жасыл төбелі біркелкі үйлер анадайдан көз тартады. Осы ауылға қоса жалпы саны 363 тұрғын үй, 600 орынды мектеп пен 280 орынды балабақша құрылысы да бірге жүріп жатыр.
Бүгінгі таңда құрылысы толық аяқталған 30-дан астам үйде жаңа тұрғындар тұрып жатыр. Соның бірі Нұрбақыт Атанұлының отбасы екен. 2007 жылы Қытайдан атамекенге оралған оның отбасында бұрын төрт қыз болған көрінеді. Бәрі де бақуат, аман-есен ержеткен. Енді туған елдің түтіні жағып, 2008 жылы отбасы көптен күткен үлкен қуанышқа кенеліп, ұлды болыпты. Нұрбақыттың өзі осы ауылдың әкімі болып тағайындалып, қуаныштары қуанышқа қосылуда екен. Мамандығы заңгер ол Қытайда да осындай қызмет атқарыпты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы шаңырақта болып, олардың қуаныштарына құтты болсын айтты. Кішкентай Есіл де талпынып, Президент атасына қазақша қол беріп жатты.
Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Шығыс Қазақстанға жалпы саны 49 мыңдай оралман келген екен, соның 68 пайызы Қытайдан, 24 пайызы Моңғолиядан оралғандар көрінеді. Елбасының сапары Наурыз тойы күндерінде болғанын пайдаланған олар оралмандар ауылын мерекедегідей безендіріп, ән мен күйге бөлеп жіберді. Соның ішінде Моңғолиядан келген оралман Нұртай Тілеужан Елбасына ақ домбырамен ақ жүректен шыққан арнауын айтты.
Осыдан кейін Президенттің кортежі «Шығыс-сүт» зауытына бет алды. Бұл жерде Елбасын корпорацияның басшысы Сейілжан Сайлаубаев қарсы алып, атқарып жатқан істерімен таныстырды. Осыдан 11 жыл бұрын іскер азамат Васильевка ауылындағы шағын зауытты сатып алған. Ол кезде сүт өнімдерінің үш түрін ғана шығаратын. Арада үш жылдан кейін С.Сайлаубаев Ұлан ауданындағы Украинка ауылындағы сүт зауытына қаржы салып, оның технологиясын жаңарта бастады. Одан кейін Үлкен Нарындағы, Зырян қаласындағы сүт зауыттарына да жан бітірген азамат қазір еліміздегі ең ірі сүт өндіретін зауытқа қол жеткізіп, өнімдерін Алматы облысы, Семей және Өскемен қалаларына, Ресейдің Алтай өлкесіне жөнелтуде.
– Өздеріңіз мал өсіріп, шабындық пен жайылымдыққа ие шығарсыздар? – деп сұрады Нұрсұлтан Әбішұлы.
– Қазір бізге қарасты қожалықтарда 5380 ірі қара, екі мыңға тарта сауын сиыр, 16 мың гектардан асатын жайылымдық, 17 мың гектар егістігіміз бар. Малға қажетті жем-шөпті ешкімге қол жаймай өзіміз дайындап аламыз, – деп жауап қатты С.Сайлаубаев.
Бұдан кейін Елбасы сүт кластерін құру жөнінде қандай істер тындырылып жатыр деген сауал қойды. Сүт кластерін құру кәсіпорынның екінші тынысын ашқан сыңайлы. Асыл тұқымды сиырларды өсіру, сүттің сапасы мен одан жасалған сүт тағамдарының сауда орындарында жатып қалмауы үшін корпорация жаңа бағытта жұмыс істеп жатыр. Қазір бір Өскеменнің өзінде 1200 дүкен «Шығыс-сүттің» тағамдарын сатып алса, Семейдің 500 дүкені осы кәсіпорынның өнімдерін тұрғындарға сатуда.
Сүт зауытының кең фойесінде Шығыс өңірінің әлеуметтік-экономикалық ахуалы, үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аяқ алысы туралы деректер экраннан көрсетілді. Елбасы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмысына ризалығын атап өтті.
Бұдан кейін Елбасы құс фабрикасы, Бұқтырма цемент зауыты, «Азия авто» акционерлік қоғамының жұмыстарымен танысты. «Азия авто» АҚ президенті Ержан Мандиев қазір кәсіпорында көліктердің оннан астам түрінің шығып жатқанын тілге тиек етті. Басқасын былай қойғанда, Оңтүстік Кореяның KIA маркалы көлігінің дәл қазір жеті түрі шығарылып жатыр.
– Қазақстанның өз автокөлігі сапалы болуы тиіс, болашақта тетіктен бастап қорабына дейін өзімізде құрастырсақ ұтамыз, – деді Елбасы.
– Аманшылық болса, құрастыру цехының құрылысы басталады. Жыл аяғына дейін көліктердің тағы бірнеше түрін шығарсақ деген ой бар, – деді Ержан Мандиев.
– Биыл еліміз үшін елеулі оқиға, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын атап өтеміз. Әр облыс өз мүмкіндіктеріне қарай талпыныс жасауда. Мәселен, Шығыста көп істер атқарылып жатқанын білеміз. Өткен жылы Тарбағатайдағы табиғат апаты кезінде он миллиард теңге қаржы бөлдік. Халық тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын дамыту, мал тұқымын асылдандыру басты міндет. Міне, бүгін жаңа сүт зауытының ашылуына қатыстық. Ет пен сүтті қашанғы шетелдерден тасимыз. Демек, мал басын көбейтіп қана қоймай кластерді дамыту қажет, – деді Елбасы шаруа қожалықтары өкілдерімен кездесуінде.
Қожалық иесі Мұхитжан Тұмабаев көрсетіп отырған қамқорлығы үшін Елбасына алғысын айтты. Олар мемлекеттен арзан несие алып, қондырғыларды орната бастаған.
– Қазір біздің қожалықта 5700 ірі қара бар, оның 1700-і сиыр. «Симменталь» тұқымды сиырдың орнында сүтті мол беретін Американың «Айшира» асыл тұқымды сауын сиырын өсіріп жатырмыз. Оның әрқайсысы жылына 6200 литрден сүт береді. Асыл тұқымды бұзауларды басқа қожалықтарға сатып жатырмыз, – деді Шемонайха ауданындағы «Қамысты» шаруа қожалығының төрағасы Владимир Акулов.
Елбасы Н.Назарбаевтың Шығыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары Қазақстан халқы кіші Ассамблеясының өкілдерімен спорт сарайында болған кездесумен қорытындыланды. Мұнда ұлттық мәдени орталықтар жанындағы шығармашылық ұжымдар үлкен концерттік бағдарлама дайындаған екен. Олардың арасында кәсіби өнерпаздар да өздерінің шеберліктерін көрсетіп жатты.
Мерекедегідей безендірілген, көркем кең сарайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйлеп, жиналғандарды Наурыз мерекесімен құттықтады. Асқақ Алтайдың тоңын жібіткен Ұлыстың ұлы күні ежелден елдік пен бірліктің мейрамы саналған. Күн мен түн теңелген, еліміз ырыздыққа кенелген бұл күн барша ізгіліктің бастауы, жақсылықтың жаршысы. Сондықтан адамзатты дін мен ұлтқа бөлмейтін Наурыз елдік мерекеге, баршамызға ортақ құндылыққа айналды. Бүгінгі салтанатты шара соның айқын айғағы, деді Елбасы.
Президент өзінің сөзін: «Біздің тағдырымыз ұқсас, тарихымыз ортақ, Отанымыз жалғыз, болашағымыз бір. Біз жарқын болашаққа бірге барамыз, жаңа дәуірдің іргесін бірге қалаймыз. Ендеше, жасампаздық жаршысы Наурыз мейрамы құтты болсын, Жаңа жыл жақсылығымен келсін», деп аяқтады.
Жақсыбай САМРАТ, Оңдасын ЕЛУБАЙ, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.