• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2011

Ұлттық гендерлік және отбасылық-демографиялық саясат

1547 рет
көрсетілді

Бұл мәселе Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы аясында қалай қолға алынып, жүзеге асуда? Мемлекеттік гендерлік саясат елдің ішкі сая­сатының маңызды құраушысы болып табы­лады, ол базалық гендерлік заңдарға және Мемлекет басшы­сы­ның Жарлығымен бекітілген Қазақстан Респуб­лика­сында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясына (бұдан әрі – Стратегия) сәйкес іске асырылады. Онда мыңжылдық даму мақсаттары мен әйелдерге қатысты кемсіту­дің барлық түрлерін жою туралы конвен­цияның ережелеріне орай Қазақстанға арналған гендерлік индикаторлар анықталған. Бүгінгі таңда Үкімет қаулысымен бекітілген 45 іс-шараны қамтыған Стратегияны іске асыру ж­ө­ніндегі 2006-2008 жылдарға арналған іс-шара­лар жос­пары орындалды. Енді келесі орта мерзімді 2009-2011 жылдарға арналған іс-шаралар атқарылуда. 2009-2011 жылдарға арналған іс-шараларды іске асыруға республикалық бюджеттен 68,4 млн. теңге мөлшерінде қаражат бөлу көзделген. Стратегияда әйелдердің шешім қабылдау дең­ге­йін 30 пайызға жеткізу міндеті қойылған десек, 2009 жылғы желтоқсанда «Еркектер мен әйел­дер­дің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» Заң қабылданды. Стратегияны іске асыру шеңберінде Әйелдер көшбасшылығы мектептерінің республикалық желісі құрылып, оған республиканың барлық облыс­тарынан 57 үкіметтік емес ұйым атсалысты. Со­ны­мен қатар, орталықта және жергілікті жерлерде қоғамдық-саяси қызметке барынша дайындалған әйелдер қатарынан кадрлар резерві құрылды. Өткен жылы Ұлттық комиссия мен Қазақстан Іскер әйел­дері қауымдастығы бірлесіп, өңірлерде жер­гілікті әйелдер элитасын біріктіруге бағытталған «Саясаткер әйелдер клубы» жо­басын жасаған болса, бүгінгі таңда Астана, А­л­маты, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қа­зақ­стан, Батыс Қазақстан және Павлодар облы­с­тарында осындай 7 клуб жұмыс істеуде. Сон­дай-ақ сая­си партиялармен, әйелдер мен ерлерді бас­шы­лық лауазымдарға және сайланбалы орган­дарға ұсы­ну кезінде партиялық тізімді гендерлік ба­ланс­ты ескере отырып қалыптастыру жөнінде жос­пар­лы жұмыс жүргізілуде. Мысалы, «Нұр Отан» пар­тиясы мен Ұлттық комиссия елде гендерлік мейнстримингті ілгерілету жөнінде меморандум жасасты. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Пар­ламентіндегі әйелдер саны 14 пайыз ғана. Облыс әкім­дері қатарында бірде-бір әйел жоқ. Тек 3 әйел ғана об­лыс әкімінің орынбасары болса, 3 әйел аудан бас­қа­рады. Ең жоғары билік эше­лонын­да – 3 әйел министр, 1 – агенттік төрайымы, 1 – Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының орынба­сары, 4 – жауапты хатшы, 5 – вице-министр бар. Жалпы, бү­гінгі таңда шешім қабылдау деңгейіндегі әйел­дердің үлесі бар болғаны 10 пайыз ғана. Стратегияда экономикадағы гендерлік теңдікке қол жеткізуге, әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға, олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға көп көңіл бөлінген. Ел экономикасында 2010 жылғы 3-ші тоқ­сандағы жағдай бойынша 8,2 млн. адамның ша­мамен 4 млн.-ын әйелдер құрайды. ІЖӨ-ні қалып­тастырудағы әйел­дердің үлесі 40 пайызға жуық­таған. Әйелдер жал­ақысы ерлер жалақы­сының 66 пайызын құрайды. Әйелдерді экономикалық тұрғыдан ілгерілету үшін 2003 жылы Ұлттық комиссия республикалық Шағын кә­сіп­керлік қоры мен ынтымақтастық туралы ме­мо­ран­­дум­ға қол қойды. Қор кәсіпкер әйел­дердің жо­ба­ла­рын жалпы 2 млрд-тан астам теңгеге қаржыландырды. Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қор­ғау­ға зор көңіл бөлінеді. Отбасын қолдау, неке мен от­ба­сылық-некелік қатынастар беделін арттыру мемлекеттік саясат басымдықтарының бірі болып табы­ла­ды. 2003 жылдан бастап баланың тууына бірмерзімдік жәрдемақы енгізілген. 2006 жылы ана мен ба­ла­ны әлеуметтік қолдаудың жаңа жүйе­сі дамы­тылд­ы. Бала туғанда берілетін жәрдем­ақыға қоса бала күту жөніндегі, сондай-ақ аз қам­тыл­ған отба­сы­ларға 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдем­ақылар қосылды. 2006 жылмен салыстырғанда, бала тууға берілетін жәрдемақы 2,7 еседен артық өсті; төртінші және одан кейінгі балаға арналған жә­р­демақы 4,5 есе; бала күтуге арналған жәрдемақы орташа есеппен 2,5 еседен артық өсті. Ағымдағы жыл­ғы қаңтар­дан бастап мүгедек бала күтетін адам­ға ең төменгі жал­ақы мөлшерінде ай сайынғы жәрдемақы төленеді. Қабылданатын шаралардың тиімділігін оң статистика дәлелдеп отыр. Ана өлімінің көрсеткіші 2010 жылдың қорытындысы бойынша 100 мың жаңа туған нәрестеге 23,1-ді құраса, ол 2009 жылы 36,8 болған. 2010 жылы сәби шетінеуінің инди­ка­торы 8,2%-ға төмендеп, тірі туған 1000 сәбиге 16,7-ні құраған, бұл көрсеткіш 2009 жылы 18,2 болған. Балалардың ең қатерлі дерттерінің бірі полиомиелит жойылды. Қазақ­стан ТМД елдерінде бірінші бо­­лып барлық жаңа туған нәресетелерді «В» вирус­тық гепатитіне қарсы егуді енгізді. 2009 жылы 357,5 мыңнан астам бала туылды, бұл 2003 жыл­ғыдан 1,5 еседей артық. Жалпы, Қазақ­стан­ның 2020 жылға дейінгі даму стратегиялық жос­па­рын­да атаулы әлеуметтік қорғау жүйесін құру көзделген. Сонымен бірге, әйелдер денсаулығының индексі төмен күйінде қалуда, орташа есеппен ол 20-30 пайызды құрайды. Ерлердің денсаулығында да проб­лемалар бар десек, еңбекке қабілетті жастағы ерлер арасында өлім-жітім деңгейі жоғары болып тұр. Нәтижесінде, әйелдер мен ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығында гендерлік теңсіздік айқын байқалады, ол ерлерде 10,5 жасқа аз, яғни 61,9 жасты құрайды. Халыққа гендерлік білім беру жұмысы жүргізілуде. Мектеп оқулықтарына гендерлік сараптама жасалды. Мектеп және мектеп жасына дейінгі білім беру жүйесіне арналған «Гендер» кешенді білім беру бағдарламасы әзірленді. Гендерлік теңдік стратегиясының жеке тарауы қо­ғамдағы зорлық-зомбылықты болдырмауға ар­нал­ған. 1998 жылдың өзінде-ақ ішкі істер құры­лым­да­ры­­ның аудандық буындарына дейін әйел­дерді зор­лық-зом­бы­лықтан қорғау жөніндегі арнайы бөлім­ше­лер құ­рыл­ды. Қазір олардың саны 16 және онда 126 қыз­меткер жұ­мыс істейді. Қа­зақ­стан бұрынғы кеңес­тік кеңіс­тіктегі мұндай бө­лім­шелер құрылған жалғыз ел болып табылады. 2009 жылы отбасындағы құқық бұ­зу­шы­лықтарға қарсы іс-қимыл әдістерін одан әрі же­тілдіру мақсатында әзірленген «Тұрмыстық зор­лық-зом­былықтың про­фи­лактикасы туралы» Заң қабылданды. Сондай-ақ әйелдерге олардың зорлық-зомбы­лық­сыз өмір сүру құқықтарын қорғауға арналған 21 дағдарыстық орталықтың нақты көмек көрсе­те­тінін атап өту қажет. Айталық, тек 2009 жылдың ішінде оларға әртүрлі көмек сұраған 20 мыңнан астам өтініш түскен. Қабылданған шаралар нәти­жесінде 2010 жылы әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар саны 2009 жылмен салыстырғанда 4 пайызға азайып, 3130 қылмысты құраған. Гендерлік теңдік мәселелерін ілгерілетуде үкі­меттік емес ұйымдар үлкен рөл атқарады. Қазіргі таңда Қазақстанда 25 мыңдай үкіметтік емес ұйымдар жұмыс істейді, соның ішінде 250-і әйел­дер, отбасы және балалар мәселелерімен айна­лы­сад­ы. Олардың қызметін ынталандыру үшін 2006-2011 жыл­дарға ар­налған Азаматтық қоғамды да­мыту тұ­ж­ы­рым­дамасы мен «Мемлекеттік әлеумет­тік тапсырыс туралы» заң қабылданғанын айта кетсек, артық болмас. Ұлттық комиссия «Отбасым» отбасылық жур­на­лын шығарады. Сонымен қатар, өзінің интернет-ре­сурсы жұмыс істейді. Тұрмыстағы әйелдер арасында дәстүрлі «Қазақстан миссисі» конкурсы өтіп тұрады. Халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық Ұлт­тық комиссия қызметінің ерекше векторы бо­лып табы­ла­ды. 2009 жылдан бастап БҰҰ ДБ-мен бірлесіп «Қа­зақ­стан Республикасында гендерлік тең­дікті қамта­ма­сыз ету шараларын жетілдіру жө­нін­де Ұлттық коми­с­сияны қолдау» жобасы, сон­дай-ақ үш жылдан бері ЮНФПА-мен бірге тұрғы­лық­ты халық жөніндегі жобалар іске асырылуда. Сол сияқты өткен жылы ЮСАИД-пен (АҚШ мемлекеттік департаменті халық­ара­лық даму агенттігі) және «Диалог Еуразия» халық­ара­лық қо­ғамдық қо­рымен гендерлік және отбасылық-демо­гра­фия­лық саясат саласындағы ынтымақ­тас­тық­қа бағыт­тал­ған гендерлік теңдікке қол жеткізу сала­сындағы ын­ты­мақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шең­берін­де Ұлттық комиссияның қатысуымен 2010 жылы 6-7 ма­мырда Вена қаласында «Гендерлік теңдік пен әйел­дердің саяси және қоғамдық өмірге қатысуын ілгерілету» тақырыбында кеңес өткенін, оған 53 елден 257 адам қатысқанын айтқан жөн. Бұл кеңес ЕҚЫҰ тари­хында гуманитарлық өлшем жөніндегі тақырыптарды талқылау бойынша адам ең көп қатысқан кеңес болды. Бүгінгі таңда Ұлттық комиссияның басты міндеті Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу шеңберіндегі іс-шараларға дайындық және оларды өткізу болып табылады. Таяуда ғана Мемлекет басшы­сы­ның қатысуымен өткен Қазақстан әйелдерінің съезі арулардың ел дамуындағы маңызды рөлін тағы да дәлелдеп, гендерлік және отбасылық-демографиялық саясаттың одан әрі даму перспективаларын айқындап берді. Сондай-ақ гендерлік аспектіні ескере отырып, Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төр­аға­лығына байланысты мәселелер де күн тәртібінде. Әйел-ана, отбасы және балалар құқықтарын қорғау саласындағы біздің табыстарымыз әлемдік ауқымда кеңінен мойындалып отыр. Бұл орайда «Ғаламдық гендерлік айырмашылық – 2010» атты дүниежүзілік экономикалық форум баянда­мас­ы­ның қорытындысы бойынша біздің республикамыз Еуроодақтың 14 мемлекетін артқа қалдырып, 134 елдің ішінен 41-орынды иеленгенін айтуға болады. Осылайша, өткен жылы елімізде тиімді гендерлік және отбасылық-демографиялық саясат қалыптасты. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік гендерлік саясат гендерлік теңдікке қол жеткізу саласындағы ұлттық және халықаралық тәжірибені, әлем қауым­дас­тығы елдерінің өркениеттік, діни және мәдени ерекшеліктерін жан-жақты және мұқият ескеруге негізделген. Ол сабақтастық, прагматизм мен теңдестік принциптеріне негізделген және ұлттық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған. Серік АХМЕТОВ, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия хатшылығының меңгерушісі.