• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2011

Бір қазан сүт немесе 1 миллиард теңгелік мектеп

1214 рет
көрсетілді

Қыруар қаржыны тендер арқылы «үлестіру» шыққалы бері бала кезде оқыған мына бір мысал ойға орала беретін болып жүр. Ол «Бір қазан сүтті пісіріп, суытуға үйдің іргесіне қойып едік, енді бір қарасақ, қаспағы да қал­мап­ты» деп басталатын. «Төгіліп қап па?», «Біреу ішіп кетіп пе?», «Төгіліп те қалмаған, ешкім де ішпеген». «Төгілмесе, ешкім ішпесе, бір қазан сүт қайда кеткен?». Мә­се­ле, міне, осы сауалға берілетін жауапта. «Көбелек келіп күмп етіп, көбігін ішіп ол кетті. Жапалақ келіп жалп етіп, жарымын ішіп ол кетті. Қарға келіп қарқ етіп, қалғанын ішіп ол кетті. Сауысқан келіп саңқ етіп, сарқып ішіп ол кетті. Қырғауыл келіп қиқу сап, қазан түбі қаспағын қырнап ішіп ол кетті», дейді мысал. Айтайын дегеніміз, тендердегі қыруар қаржы да қазан­да­ғы сүт сияқты, бір қара­ға­ның­ша «қаспағы» да қалмайды. Бүгінде үлкенді-кішілі, ұзын­ды-қысқа­лы, жуанды-жіңіш­ке­лі, білімді-білімсіз әкім­қа­ра­лар мен кәсіп­керлердің ел қаржысына қол салуға ұял­май­тындары сонша, алақан­дай ауылдағы жүзшақты оқу­шыға арналған мектептің құ­ры­лысына миллиардқа жуық тең­ге бөліп, «мырзалық» таныта бастапты. Неге? Өйткені, мил­лиардтың жарымы «шәпкі», «про­цент» деген үпі-сүпімен «жа­палақтардың» жемсауына, «қар­ғалардың» қарнына кетеді. Қалғанын «сауысқандар» мен «қырғауылдар» бөліседі. Көл­бең­деген «көбелектер» де құр қалмайды. Ал аңқау ха­лықтың талан-таражға ұшы­ра­ған бұл қаржысына бір емес, бірнеше мектеп салуға бола­ды. Сөйтіп, әлеуметтік жоба «ай­далада ақ отау, аузы-мұр­ны жоқ отау­дың» кебін киіп, құрқыл­тай­дың ұясындай бір­де­ңеге ай­на­лады. Әйтпесе, қаржы «тап­шы­лығынан» жұ­мыс кейінге ысырылады. Мүл­де тоқтауы да мүмкін. Бұл кезде, әрине, әлгі бір-бірімен сы­байлас үл­кенді-кішілі, ұзын­ды-қыс­қа­лы, жуанды-жіңіш­келі, білімді-білімсіз әкім­қара­лар мен кәсіп­керлер майы тамшылаған қол­дарын жалап, келген жағына асығыс-үсігіс тайып тұрады. Міне, осыдан кейін есіңе түбінде қаспағы да қалмаған бір қазан сүт түспегенде қайтеді, енді? Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.