• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2011

Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!

1465 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың сайлауалды бағдарламасы ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР! ҚАДІРЛІ ОТАНДАСТАР! Біз бұдан 20 жыл бұрын алғашқы әрі ең маңызды таңдауымызды жасадық. Біз ата-бабамыздың сан ғасырлық арманын іске асырдық. Біз еліміздің Тәуелсіздігін жарияладық. Біз мүлдем жаңа мемлекет құрдық. Өмір осы жылдар ішінде алдымызға аса күрделі міндеттер қойды. Халқымыздың даналығы әркез біздің ортақ шаңырағымызда татулық пен келісімге, батыл да табанды реформаларға бастайтын, әр азаматтың игілігі үшін дұрыс таңдау жасауға демеу болды. Қазақстан халқының маған жиырма жыл бойы білдірген осынау айнымас сенімі үшін кеудемді зор мақтаныш сезімі кернейді. Бұл – біздің ортақ жетістіктерімізге берілген биік баға. Әлемде дамыған мемлекет құрудың әмбебап заңдары жоқ. Әр елдің өрлеу мен өсіп-өркендеуге бастар жолы – бірегей әрі қайталан­бас жол. Қазақстан халқымыздың озық дәстүрлері мен әлемдік озық тәжірибені жинақтаған табыстың өзіндік төл формуласын тапты. БІЗДІҢ  ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗ ҚОҒАМДАҒЫ  ТАТУЛЫҚ  ПЕН  КЕЛІСІМ Бұл – өткен жетістіктеріміздің берік негізі, болашақтағы барша жоспарымызды іске асырудың кепілі. Еліміз саяси дағдарыстар дауылында, азаматтық дау-шарлар иірімінде, әлемдік сілкіністер мұхитында нағыз тұрақтылық аралына айналды. Қазақстанда 140 этностың өкілі татулық пен келісімде өмір сүріп, біздің ортақ Отанымыздың тағдырына бірдей жауапты болып отыр. Біз жаңа елорданы тұрғыздық. Астана мемлекеттіліктің берік іргетасына айналды. ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛ-АУҚАТЫНЫҢ ӨСУІ Еліміз 2010 жылдың қорытындысы бойынша халықтың әл-ауқаты жағынан ТМД-ның барлық елдерінен басып озып, халықаралық рейтингте 50-орынға ие болды. 1994 жылдан бері ай сайынғы номиналдық жалақы 45 есе өсті. Біз бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысын дәйекті өсі­ріп отырдық. Соңғы онжылдықта мұғалімдердің жалақысы – 5 есе дер­лік, дәрігерлердікі – 7 есе, зейнетақының орташа мөлшері 6 есе дерлік өсті. Менің тапсырмам бойынша 2011 жылғы 1 қаңтардан бастап зей­нет­ақы мен жәрдемақы мөлшері 30%-ға өсті. Сондай-ақ 1 шілдеден бас­тап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы да 30%-ға арта­ды, нәтижесінде соңғы үш жылда олардың табысы екі есеге ұлғаяды. Қазақстандағыдай зейнетақымен қамсыздандыру жүйесі ТМД-ның ешбір елінде жоқ. Әлемнің кейбір дамыған елдерінің өзі, мәселен, Германия немесе Франция жинақтаушы зейнетақы жүйесіне өту мәселесін енді қолға алуда. Бізде 13 зейнетақы қоры жұмыс істейді. Оларда 2,3 триллион теңге жинақталған. 10 жылда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз табыс табатын тұрғындардың үлесі 4 еседен астам қысқарды. 800 мыңға жуық отандастарымыз Отанына оралып, «Нұрлы көш» бағдарламасының шеңберінде қоныстану көмегін алуда. Соңғы жылдары іске асырылған тұрғын үй құрылысы бағдарлама­сының арқасында миллионнан астам қазақстандық жаңа пәтерлер мен үйлерге қоныстанды. Миллиондаған қарапайым адамдардың күнделікті мәселелерін шешу, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту – біз, міне, нақ осы істермен айналыстық және бел шешпей айналысып келеміз. БІЛІМ МЕН МЕДИЦИНАДАҒЫ ПРОГРЕСС Өткен онжылдықта білім мен денсаулық сақтауға жұмсалған қаржы 10 есеге жуық өсті. Осы кезеңде 750-ге жуық жаңа мектеп салынды, 5300-ден астам мектепке дейінгі мекемелер мен балабақшалар ашылды. «Болашақ» бағдарламасы аясында әлемнің таңдаулы университеттерінде 3,5 мыңнан астам қазақстандық білім алды, қазіргі уақытта 3 мыңдай қазақстандық оқып жатыр. ЮНЕСКО-ның деректері бойынша, біздің еліміз білім беруді дамыту индексі бойынша көшбасшы елдердің алғашқы төрттігінен берік орын алып отыр. Қазақстандықтардың өз елінде де, шет елдерде де озық білім алуға мүмкіндіктері бар. Он жылда біз 450-ге жуық денсаулық сақтау объектілерін салдық. Елдің барлық өңірлерінде заманауи медициналық орталықтар құрылуда, ең жаңа құрал-жабдықтармен жарақталған ауруханалар мен емханалар ашылып жатыр. Нәтижесінде Қазақстанда демографиялық ахуал жақсарып, халықтың табиғи өсімі 1,7 есеге дерлік артты. ЕУРАЗИЯ КЕҢІСТІГІНДЕГІ ОЗЫҚ ЭКОНОМИКА 1993 жылдан бері Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) көлемі 12 есеге дерлік өсті. Біздің экономикамыз жаһандық қаржы дағдары­сы­ның қиындықтарын табанды түрде еңсерді. Жалпы ішкі өнімнің көлемі 2011 жылдың 1 қаңтарында жан басына шаққанда 9 мың дол­лардан асты. Әуел баста бізде алтын-валюта қоры болған жоқ. Қазір Қазақстан халықаралық резервтер деңгейі бойынша 50 мемлекеттің қатарына еніп отыр. Ол Ұлттық қорды қосқанда 63 миллиард дерлік долларға жетіп отыр. Дүниежүзілік банктің Баяндамасында 2010 жылы Қазақстан реформалар жүргізу жағынан көшбасшы мемлекет деп танылды. 90-жылдардың басында бізде аз ғана кооперативтер мен жеке кәсіпкерлер болған еді. Бүгінде шағын және орта бизнесте 700 мыңдай шаруашылық жүргізуші субъектілер бар. Оларда 2,5 миллионнан астам адам жұмыс істейді. Еліміздің жалпы ішкі өніміндегі олардың үлесі 30%-дан артық. 2010 жылдың қорытындысы бойынша елімізде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10%-дан астам өсті. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағ­дар­ла­масы аясында жалпы құны 800 миллиард теңгеден асатын 152 жаңа объект іске қосылды. «Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіпкерлікті дамыту бағдарлама­сы аясында жалпы сомасы 100 миллиард теңгеден асатын 225 кредит берілді, 129 бизнес субъектісі үшін қажетті инфрақұрылым жүргізілді. Он бес жылда қазақстандық экспорт көлемі 11 еседен астам өсті, ол 1995 жылғы 5,3 миллиард доллардан – 2010 жылы 60 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазақстан ұнды экспорттаудан әлемде бірінші орынға шығып, бидайды экспорттау бойынша 7-орынды иеленді. Қазақстан әлемдік экономиканың толыққанды әрі құрметті қатысушысына айналды. 19 жылда біздің экономикамызға 122 миллиард АҚШ долларына жуық шетелдік инвестиция тартылды. Барынша қолайлы бизнес-ахуал көрсеткіші жағынан біздің еліміз әлемде 59-орында тұр. Біз өңірлік интеграцияда сапалы серпіліске қол жеткіздік. Қазақстанмен қатар Ресей мен Беларусь енетін Кеден одағы құрыл­ды. Біз үшін 170 миллионнан астам халқы және үш елдің 1,7 триллион доллар көлеміндегі жиынтық жалпы ішкі өнімі бар рынок ашылды. ӘЛЕМДІК ҚОҒАМДАСТЫҚТЫҢ ТАНУЫ Осыдан жиырма жыл бұрын біздің еліміздің қай жерде екенін нақты білетін жандар әлемде кемде-кем еді. Бүгінде Қазақстан бүкіл Орталық Азияның локомотиві, саяси, экономикалық орталығы, дүние жүзіне белгілі әрі құрметті мемлекет. 2010 жыл қазақстандық сыртқы саясат үшін жұлдызды жыл болды. Біз ТМД және Балтық өңірі елдерінің арасында бірінші болып ЕҚЫҰ-ға төраға болдық. Астанада 11 жыл үзілістен кейін осы ұйымға қатысушы мемлекеттер басшыларының Саммиті өтті. Сөйтіп, 2005 жылғы бағдарламада өзім алға қойған міндеттердің бәрі мерзімінен бұрын орындалды! Бес жылда біз жеті жылдық жоспарды орындадық. Өткен жылдар қорытындылары тәуелсіздігіміздің таңы атып келе жатқанда қабылдаған біздің қазақстандық даму моделінің дұрысты­ғы­на сенімімізді нығайтты. Біздің барлық жетістіктеріміз жаңа биіктерді бағындыруға ынталандырады, сондықтан біз ертеңгі күнге сеніммен қараймыз. ҚЫМБАТТЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР! 3 сәуірде баршамыз тағы да бір маңызды таңдау жасағалы отырмыз. Бұл күні еліміздің Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетінін Сіздер білесіздер. Алдағы даму жолымызды менің қалай айқындағаным сіздердің баршаңызға жақсы белгілі. Ол «Қазақстан – 2030» Стратегиясында, еліміздің 2020 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспарында және менің Қазақстан халқына таяудағы Жолдауымда баяндалған. Менің сайлауалды бағдарламам да, болашаққа деген жоспарым да, міне, осылар. Мен ешқашан құрғақ қиялға берілген емеспін және қолымнан  келмейтін істі тындырам деп уәде берген жоқпын. Бұл өздеріңізге мәлім. Қазір де біздің жоспарлағанымыздың бәрі нақты және жүзеге асырылатын  мақсаттар. Менің мұратым – еліміздің әрбір азаматы біздің ортақ еңбегіміздің жемісін сезінуі тиіс. Жалпы ішкі өнімнің, өндіріс көлемінің жоғары көрсеткіштері – бар болғаны жеке адам мен тұтас қоғамның мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталған тетіктер ғана. Мен елдің өсіп-өркендеуі оның азаматтарының табысы мен әл-ауқатынан құралатындығына сенімдімін. Жоғары табыс, кәсіби білім, мықты денсаулық, жайлы тұрғын үй жағдайлары, жасампаз еңбек пен қауіпсіздік – еліміздің барша азаматтары үшін біз құрып жатқан жаңа қоғамның негізі болмақ, біз іске асыруға кіріскен жаңа әлеуметтік саясаттың мәні міне осындай. АЛДАҒЫ ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН БІЗДІҢ БАСЫМДЫҚТАРЫМЫЗ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ЖОҒАРЫ ӨМІР СҮРУ ДЕҢГЕЙІ Біз жұмыссыздықтың деңгейін 5%-ға дейін төмендетеміз. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру аясында таяудағы екі жыл ішінде 8,1 триллион теңге сомасында 294 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Нәтижесінде, 161 мың тұрақты жұмыс орны және құрылыс жүргізу кезеңінде 207 мың қо­сымша жұмыс орны ашылатын болады. Біз қазақстандықтарды кәсіби қай­та даярлаудың және жұмысқа орналастырудың ауқымды бағдар­ла­масын іске асырамыз. Мемлекет ақысыз оқуды, қазақстандықтарға оқитын орындарына дейін жолақысын және стипендия төлеуді қар­жыландыратын болады. Біз ауылшаруашылық кәсіпкерлігін дамытып, өзінің жеке шағын бизнесін ұйымдастыруға бағытталған микрокредиттеу бағдарламасын жүзеге асырамыз. Біз зейнетақының әділетті деңгейін қамтамасыз етеміз. Базалық зейнетақы төлеудің мөлшері 2015 жылдың өзінде ең төмен күнкөріс деңгейі көлемінің 60%-ы деңгейіне жеткізілетін болады. 2020 жылға жалдамалы қызметкерлердің 100%-ы және өзін өзі еңбекпен қамтитын халықтың 40%-ы жинақтаушы зейнетақы жүйесімен қамтылатын болады. Біз халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсетуді қамтамасыз етеміз. 2015 жылға қарай мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері кем дегенде 20%-ға арттырылатын болады. 2020 жылға қарай әлеуметтік көмек көрсетудің бастапқы деңгейі ең төмен күнкөріс деңгейі көлемінің 100%-ына дейін жетеді. Біз «Халықтық ІРО» бағдарламасын іске асырамыз. Қарапайым қазақстандықтар ұлттық компаниялар мен ірі кәсіп­орындардың акцияларын иелену мүмкіндігін алады. Бұл ұзақ мерзімді инвестициялаудың және азаматтардың қаржылай салымдарын көбейтудің жаңа тетігіне айналады. Азаматтардың әл-ауқатын арттыру – біздің басым бағыт! ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ ТОЛЫҚҚАНДЫ ДАМУЫ Біз білім беру саласына жұмсалатын қаржы көлемін 2016 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің 5%-ына дейін көтереміз. Білім алудың сапасын арттыру мен оған қолжетімділікті кеңейту үшін жаңа қар­жылық-экономикалық тетіктер, оның ішінде, мемлекеттен пайыз­дық бонустар алу арқылы балаларды оқытуға арналған жинақтау жүйесі енгізілетін болады. Біз таяудағы он жыл ішінде барлық балғын қазақстандықтар­ды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтимыз. Бұған біз мек­тепке дейінгі тәрбие беру жүйесін дамыту арқылы қол жеткіземіз. Мемлекеттік, жекеменшік, отбасылық және ведомстволық бала­бақ­шалардың, түрлі шағын орталықтардың өркендеуіне жағдай жасалады. Біз мектептегі сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етеміз. Таяудағы бес жыл ішінде бүкіл ел бойынша 400 жаңа мектеп, оның ішінде 20 «Назарбаев зияткерлік мектептері» салынып, шағын кешенді мектептерді дамыту стратегиясы іске асырылатын болады. Біз қазіргі заманғы еңбек нарығы талаптарына сәйкес келетін техникалық және кәсіби білім берудің тиімді жүйесін қалыптас­ты­ра­мыз. Білікті, отандық кадрларды даярлау елді индустрияландыру жоспарларымен байланыстырылатын болады. Біз жоғары білім берудің деңгейін әлемдік стандарттарға жеткіземіз. Біздің түлектеріміз отандық та, шетелдік те  жұмыс беру­шілердің сұранысына ие болады. Университеттердің 65%-ы халық­ара­лық стандарттар бойынша тәуелсіз аккредиттеуден өтеді. 10 жылдан кейін олар­дың екеуі ең үздік әлемдік университеттер қатарына енеді. 2016 жылдың өзінде «Назарбаев Университетінің» алғашқы түлектері өз дипломдарын алып, өздерінің озық білімдерін нақты іске асыра бастайды. Біз өмір бойына тиімді оқу жүйесін қалыптастырамыз. Қазақ­стан­ның әрбір азаматы жасына қарамастан алыстан оқыту және қысқа мерзімді курстар арқылы жаңа білім және кәсіби мамандық ала алады. Біз мемлекеттік тілді үйретудің озық жүйесін құрамыз. 10 жылдан соң Қазақстан азаматтарының басым көпшілігі – кем дегенде 95%-ы қазақ тілін меңгеретін болады. Қазақстандықтардың 90%-ы орыс тілін, 20%-ы ағылшын тілін меңгеретін болады. Біз мұғалімнің мәртебесін көтереміз. 2015 жылға қарай педагогтардың орташа жалақысы экономиканың жеке секторындағы жалақыға жақындайды. Олардың 20%-ы білімін жетілдіріп, оның ішінде әлемдік білім беру орталықтарында біліктілік арттырудан өте алады. Біздің мақсатымыз – білікті кәсіпқойлардың жаңа ұрпағын даярлау. ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ Біз медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын арттырамыз. 2015 жылға қарай 350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емханалар салынатын болады. 2013 жылға қарай Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі құрылып, ол алғашқы медициналық-санитарлық көмектің сапасын арттыратын болады. 2014 жылы елімізде тұтынылатын дәрі-дәрмек заттарының тең жартысын отандық кәсіпорындар өндіретін болады. Біз қазақстандықтардың орташа өмір сүру көрсеткішін 2020 жылға қарай 72 жасқа жеткізбекпіз. Ана өлімі, нәрестелердің шетінеуі 2 есеге төмендейді. Жалпы өлім 30%-ға төмендейді. Қазақстан халқының саны 18 миллион адамға жақындайды. Біз медицина саласы қызметкерлерінің мәртебесін артты­рамыз, олар өз еңбегіне лайықты жалақы алатын болады. Медицина саласында жұмыс істеу мәртебелі болып саналады. Қазақстандықтардың денсаулығы – біздің басты байлығымыз! ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ӨМІРІНІҢ ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙЫ Біз халықты сапалы да қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету жө­ніндегі жұмысты жалғастырамыз. Кредиттік және жалға беретін тұр­ғын үй бағдарламалары жүзеге асырылып, тұрғын үй құрылысы жинақтау жүйесі дамитын болады. Жалпы, біз тұрғын үй құрылы­сы­ның қарқынын жыл сайын 6 миллион шаршы метр деңгейінде сақ­тау­ды көздеп отырмыз. Біз тұрғын үй-коммуналдық қызметінің қолжетімділігі мен сапа­сын арттырамыз. 2020 жылға қарай ауылдық елді мекендердің 80%-ы және шағын қалалардың 100%-ы орталықтандырылған сумен қамтуға қол жеткізеді. Біз телекоммуникациялық және электрондық қызметтердің кең таралуын қамтамасыз етеміз. 2015 жылдың өзінде республика телекоммуникация жүйелерін 100 пайызға цифрландыру қамтамасыз етіледі. Барлық үйді Интернет жүйесіне, сапалы көп бағдарламалы телевидениеге, сондай-ақ мультимедиялық қызметтердің кең спектріне қосылуына техникалық мүмкіндіктер қамтамасыз етіледі. Қазақстандықтар өмірінің сапасы – мемлекеттің аса маңызды қамқорлығында! ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨСУІ Біз Қазақстан экономикасының тұрақты өсуін қамтамасыз етеміз. Оған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының орындалуы жәрдемдесуі тиіс. Біз дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру бағдарламасын әзірлеп, оны жүзеге асыруға кірісеміз, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын іске асыруды жалғастырамыз. 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің өсуі қазіргі деңгеймен салыстырғанда 30%-дан кем болмауы керек. Ұлттық қордың активтері жалпы ішкі өнімнің кем дегенде 30%-ын құрайтын болады. Қайта өңдеу салаларындағы өсім өндіруші салалардың деңгейінен асып түседі немесе солардың деңгейіне жетеді. Мемлекет шағын және орта бизнесті белсенді қолдайтын болады. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40%-ды құрайды. Біз Қазақстанды Еуразияның ірі көлік торабына айналдыра­мыз. 10 жыл ішінде 1400 километрге жуық темір жол желісі, 16000 километрге жуық республикалық маңызы бар автомобиль жолы төселіп, әуе тасымалының бәсекелі нарығы құрылады. Ұлттық теңіз сауда флоты Каспий теңізіндегі қазақстандық порттардан мұнай тасы­ма­лы­ның 2/3 көлемін және құрғақ  жүктер тасымалының 1/2 көлемін қамтамасыз ететін болады. Біз экономикамыздың аграрлық секторындағы өнімділікті артты­рамыз. Етті мал шаруашылығын дамыту жөніндегі бұрын болып көр­ме­ген жоба іске асырылады. 2016 жылдың өзінде 4 миллион тонна ас­тық экспортының құнына тең 60 мың тонна ет экспортқа шы­ғарылады. Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады және сабақтас салаларда – ауылшаруашылық машина жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жемшөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуын ынталандырады. Біз отандық қаржы секторының бәсекеге қабілеттілігін арт­ты­рамыз. Алматы қаласында Азияның жетекші қаржы орта­лық­та­ры­ның ондығына енетін қаржы орталығының дамуы үшін қажетті жағдай жасалатын болады. Экономикалық өсу – қазақстандықтар әл-ауқатының басты шарты! ҚОҒАМДАҒЫ БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТЫНЫШТЫҚ, ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР ӨМІРІНІҢ ҚАУІПСІЗДІГІ Біз саяси жүйемізді жаңартуды жоспарлы түрде жүзеге асы­рамыз. Біз оның барлық негізгі элементтерін реформалауды – Парламенттің, саяси партиялар мен жергілікті билік органдарының рөлін арттыруды, сот жүйесінің тәуелсіздігін нығайтуды жалғас­ты­ра­тын боламыз. Саяси реформалар біздің орта мерзімді перспектива­мыз­ға арналған стратегиялық міндеттеріміз – Қазақстанның бә­се­ке­ге қабілеттілігін арттырудың ажырамас элементі болып табылады. Біз жоғары кәсіби және ықшам мемлекеттік аппарат құру жөніндегі жұмысты жалғастырамыз. Мемлекеттік қызметке корпоративтік басқару, нәтижелілік, ашықтық және қоғамға есеп беру қағидаттарына негізделген жаңа басқару технологиялары енгізілетін болады. Мемлекеттік қызметтің жаңа моделі 2015 жылдың өзінде толыққанды жұмыс істейтін болады. Біз басталған реформаны дәйекті түрде тереңдете отырып, құқықтық тәр­тіпті қорғау жүйесін нығайтамыз. Құқық қорғау органдары жұ­мы­сының сапасы мен нәтижелілігінің өлшемі абстрактілі статистика емес, оларға азаматтар мен бизнес тарапынан көрсетілген сенім­нің артуы болмақ. Азаматтар құқық қорғау органдары қызмет­кер­лерін өздерінің конституциялық құқықтарын қорғаушылар деп тануға тиіс. Біз еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтамыз. Армияны қару-жарақ пен әскери техниканың озық үлгілерімен жарақтандыру жалғастырылады. Сарбаздарымыз бен офицерлеріміздің лайықты қызмет етуі үшін барлық жағдайлар жасалатын болады. Біз әскери мамандықтың мәртебесін көтеріп, Отан қорғаушылардың тартымды бейнесін жасауға бар күшімізді саламыз. Біз жауапты да белсенді сыртқы саясатымызды жалғастыра­мыз. Қазақстан алдағы уақытта да әлемдік қоғамдастықпен үнқатысу және өзара тиімді ынтымақтастыққа ықыласты ел ретінде дами береді. Бұл мемлекетіміздің әлемде лайықты орын иеленіп, ұлттық мүдделерін неғұрлым тиімді қорғауына мүмкіндік береді. Қазақстан сыртқы саясатында Ресеймен, Қытаймен, АҚШ-пен, Еуропалық Одақпен, Орталық Азия және Ислам әлемі елдерімен ынты­мақ­тастығын нығайта түсуге айрықша мән береді. Қоғамдағы тыныштық пен азаматтардың қауіпсіздігі – біздің басты құндылығымыз! ҚЫМБАТТЫ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР! Бұл міндеттерді орындауға бүгінде біздің әлеуетіміз жетеді. Біз жеке адамның өсіп-өнуі мен қоғамның әл-ауқатын арттыру мақсатында  жаңа әлеуметтік саясатты жүзеге асыруға бел шеше кірістік. Мейлі, ол өмір есігін енді ашқан нәресте ме, әлде лайықты зейнет демалысына шыққан аға буын өкілі ме – Қазақстанның әрбір тұрғыны қоғамымыздың басты құндылығы болып табылады. Әрбір азаматымызға мемлекеттің қамқорлығын көрсету – менің басты міндетім. Өз күшіне, өз халқына сенген адам ғана патриот бола алады. Себебі, патриотизм дегеніміз көңіл-күйдің тебіренісі ғана емес, ол – бүкіл өмір бойы Отанға қалыпты да қалтқысыз берілгендік. Мен бүкіл өмір бойына осы қағидатты басшылыққа алдым және Қазақстан халқы қандай таңдау жасаған күнде де мен осы жолдан таймаймын. Мен әрбір азаматты оның қабылдаған шешімімен біздің Отанымыздың көркеюі мен өзінің тағдырының игілігі тікелей сабақтас екенін ойлауға шақырамын. БОЛАШАҚТЫҢ ІРГЕСІН БІРГЕ ҚАЛАЙМЫЗ! ҚАЗАҚСТАН, ТЕК ҚАНА АЛҒА! _________________________________________________ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес республикалық бюджеттің және Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың сайлау қорының қаражатынан төленді. Тапсырыс беруші – Нұрпейісов Қадырбай Нұрпейісұлы.