• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2011

Өнерде де өрелі

319 рет
көрсетілді

Президенттіктен үміткер сайлау мәресі жақындаған сайын өзінің сан қырлы қабілет-дарынын аша түсуде. Өткен сенбіде ҚазҰУ-дің Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында өткен «Ғани Қасымов достарын шақырады» атты ән кеші осы жайды тағы бір айғақтады. Үміткермен кездесуге университет студенттері ғана емес, сонымен бірге, соғыс және ең­бек ардагерлері, Ауған­стандағы ұрыс қимылдарына қатысу­шы­лар, қала тұрғындары көптеп келді. Ғани Есенгелдіұлын зал­дағы қауым ду қол шапалақтап қарсы алды. Кездесуді ұйым­дас­тырған Т.Жүргенов атын­да­ғы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясы сахнаға танымал жас әншілер мен музыканттарды шы­ғарды. Айталық, халық­ара­лық кон­курстардың лауреаты Қайрат Түнтеков, тамаша төл­тума ән­дер­дің авторы әрі орын­дау­шысы Айдарбек Дүйсебаев, жи­ыр­ма жылға жуық эс­тра­да­мызға көрік беріп жүрген сазгер әнші Ерлан Көкеевтер көп­шіліктің құрмет-сүйіспен­ші­лі­гі­не бөленіп жүрген өнер­паз­дар. Осынау әншілер мына мерекелік жиынға жиналған қау­ымға «құлақтан кіріп бойды алар», бұлбұл көмейден сыл­ды­рай құйылған таза бұлақтай өз дауыстарын сыйлады. Ғани аға­лары олардың әндерін ықы­лас­пен тыңдап, өнер акаде­миясына еліміздің әртүрлі өңір­лерінен шынайы дарын­дардың жинал­ған­дығын атап көрсетті. Депу­таттыққа кандидат сол дарын­ды жастардың көбімен жақсы таныс, олардың дайын­дықта­рын­да да болып жүреді. Сахнаға белгілі әнші Тол­қын Забированың шығуы зал­дағы мерекелік көңіл күйдің қуанышын шарықтата түсті. Толқын әлі ұмытыла қоймаған «Екі жұлдыз» жобасындағы сияқ­ты, қосылып шырқау үшін Ғанекеңді сахнаға шақырып, жұрт­ты мәз етті. Қосыла шыр­қалған ән кемелдік пен жас­тықты, саясаткер мен әншіні бо­лашаққа бірлесе ұмтыл­дыр­ғандай біріктіріп тұрды. Әл­бетте, өнерде де үлкен өре та­ныт­қан үміткер үшін қазақ­стан­дықтардың саясаттағы, эконо­ми­ка немесе мәдениеттегі мүд­делері бірдей ортақ екені осы ән кешінде де жарқырап көрінді. Қорғанбек АМАНЖОЛ. Алматы. -------------------------------- Суретті түсірген Юрий БЕККЕР.