• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2011

Оңды өзгерістер

466 рет
көрсетілді

«БАЛАПАН» – БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ Бұл күнде бүлдіршіндерді ба­ла­бақшалармен қамту мәселесі Қа­рағанды өңірінде де өзекті болып отыр.Деректер бойынша қазіргі кезде облыста 2 мен 6 жас ара­лығында 54 мың жеткіншек өсіп келеді. Олардың мектепке дейінгі тәрбие және оқыту орындарына тартылуы 82 пайызды құрай­тын­ды­ғы былай алып қарағанда тө­мен көрсеткіш болмағанымен бә­ріне бірдей осындай мүмкіндік жасау түпкі міндет саналады. Осы мақсаттағы шаралардың ой­да­ғыдай жүзеге асырылып келе жатуы, оған қосымша серпін берілуі алдағы аз уақытта барлық жас ата-аналар басты тілегіне жететіндігіне үміт үлкейтеді. Жа­қында облыстық әкімдікте тағы бір талданып, талқыланған «Ба­лаларды мектепке дейінгі тәрбие­мен және оқытумен қамтамасыз ету жөніндегі 2010-2014 жыл­дар­ға арналған «Балапан» бағдарла­масы» көзделген бағытқа байла­ныс­ты жаңа істер көкжиегі ке­ңейе түсетіндігін көрсетеді. Кезінде оңтайландыру делінген желеумен орынды-орынсыз жабылып қалған балабақшалар қатары бүгінде қайта толығып, соңғы екі-үш жылда бұрынғы ау­ыр жағдай түзеліп қалды деуге бо­лады. Аталған уақытта 5939 бал­дырғанның соның шапаға­ты­на бөленуі былайша айтуымызға толық дәлел. Өздеріне құшағы ашық 177 балабақша мен 289 ша­ғын орталықтың көбі ішкі және сыртқы келбетімен әсем. Тілге тиек бағдарлама бойын­ша атқарылуға тиісті істер кім-кімді де қуантар еді. Мәселен, бірінші кезекте бос тұрған немесе басқа мақсатқа пайдаланып жүр­ген балабақша ғимараттарын ком­муналдық меншікке қайта­рып, жөн­деуден өткізу көзделсе, соны­мен бірге жаңадан салынатыны да аз емес. Мұндай шара ірі қа­лалардан бастап алыс елді мекендерді қамтиды. Атап айтқанда, биыл төрт балабақша құрылысы жер аяғы кеңісімен басталғалы тұр. Бұған қоса қалпына келтірілуге тиісті 6-уы күзде есік ашпақ. Сондай-ақ, мектептер жанынан құрылатын шағын орталықтар 1342 бүлдіршін күлкісіне бөле­не­ді. Сөз орайында жұртшылық құ­ла­ғын түрдірген жағымды жана­лық­тың бірі, жекеменшік түрінде төрт балабақша пайда болмақ. Ал олар әлбетте, ата-аналар көңі­лі­нен шығуға талпынып бағуға тиіс. Мұның өзі бұдан былай қарай балалы шаңырақтарды қайсысын қалайтындығына тартатындығы талассыз. Сонымен бұлар мерекелі жыл үлесіне тиетін шаруа болса, одан кейінгі кезеңге белгіленген міндеттер және ауқымды. Тағы бір балабақшаны қатарға қосу, бұ­рын­ғы нысандарды коммуналдық мен­шікке қайтару арқылы 2 мың­ға жуық өренді орналастыру ой­дағы іс. Облыста жылдан-жылға табиғи өсім жоғарылап келеді. Оны да ескермеске болмайды. Сон­дықтан келесі кезекте 800 орындық 3 балабақша құрылысы қолға алынады. Айта кеткен жөн, мектеп жасына дейінгі балалар мекемелері қатарын арттыру мемлекет пен жекеменшік әріптестік ая­сын­да да қоса жүргізіледі. Сол бой­ынша Қарағандыда 11, Теміртауда 4 балабақша құрылысын салу жо­баға енген. Бұл ғимараттар тәрбие беру және оқытудың озық үлгі­дегі құрал-жабдықтарымен жа­сақ­та­лып, барлық талаптарға сай салынады. Әрқайсысында суға жү­зуге арналған жеке бассейні бо­луы қарастырылған. «Қара­ған­ды облыстық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аймақтық орта­лығы» АҚ басқармасының басты­ғы Виссарион Ким баян еткендей, бұған 10 миллиард теңге бөлін­ген. «Ескісін қалпына келтіргеннен гөрі жаңасын салған анағұр­лым арзанға түседі әрі пайдалану мерзімі ұзарады. Жұмысты тия­нақ­ты атқарып шығуға қолайлы жағдай жасалған. Бүлдіршіндерге қуаныш сыйлағаннан артық не тарту бар. Сол себептен де құры­лысшыларымыз құлшынысы ер­ек­ше», дейді ол. Бүгінде балабақ­шаларға қабылдануға кезек күт­кен 9515 балдырғанды 2013 жыл­ға дейін 100 пайыз осы орын­дарға орналастыруды орындау күн тәр­тібіндегі міндет. Иә, енді балабақша мәселе­сі­нің шешімін табуға да күш жетеді. Сөйтіп тәуелсіздіктің шуағына жас ұрпақты аялата түсу « Балапан» бағдарламасының мерейлі мақсаты. ЖЕТІМДЕР ЖАСЫТЫЛМАЙДЫ Өскелең жеткіншекке деген ұдайы қамқорлықтың тағы бір жағымды көрінісі ата-анала­ры­ның күтімінсіз қалғандар мен жетім жасөспірімдерді тұрғын үй­мен қамтамасыз етуге арналған шара болып табылады. Кәмелет­тік жасқа дейін мемлекеттік мекемелерде тәрбиеленіп, одан соң баспанасыз болу жағдайына ұшы­райтын жандардың онсыз да ауыр тағдыры қиындай түсетін­ді­гі белгілі. Арқа тұтары, сүйенері жоқ жүректері қаяулы жастардың бар үміті мемлекеттік қолдауға қайта тіреледі десек, ал оның құлашын жылдан-жылға кеңге серметуге күш салынып келеді. Сондықтан сол үшін қабылдан­ған кешенді бағдарлама иігілікті іске үлкен қозғау салғалы отыр. Бүгінде облыстағы жетім балалар үйінде 4862 жеткіншек тәр­биеленуде. Біразы ертең өз тірліктерін өздері көруге көшуі тиіс. Бұған дейін алаңсыз күн кешкен өрендер өміріне қиындықтың зо­ры сонда туындайтындығы жасы­рын жай емес. Бәрінен ең қинай­тыны баспана мәселесі алдан шығады. Соны қазір 1024 жас бастан кешіп жүргендігі мәлім. Осыған байланысты аймақ бас­шысының тапсырмасымен жа­сал­ған арнаулы жоспар бұл са­наттағы қыздар мен жігіттерді тұрғын үймен тұрақты немесе уақытша қамтамасыз етуді көз­дей­ді. Қалалық, аудандық әкім­дік­терге биыл оларға 301 пәтер бөлуді қарастыру тапсырылған. Онымен қоса қолданыстағы 5 балалар үйіне 4-уі қосылады деп кү­тілуде. Бұлар Қарағандыдағы, Теміртаудағы, Жезқазғандағы кә­сіптік мектептер жанынан бой көтереді. Мұның сыртында об­лыс орталығында аймақ бойын­ша 200 орындық алғашқы жастар үйі ашылады. Облыстық білім беру басқармасының бастығы Ес­ен­ғазы Иманғалиев мәлім еткендей, оған отау көтерген жетім отба­сы­лар бірінші кезекте орналасты­ры­лады. Ал біраз бөлігінің жеңілдік жолмен баспаналы болуларына мүмкіндіктері де бар. Сондай-ақ өз беттерімен табыс тауып, пәтер сатып алуларына төмен деңгейлі мөлшердегі несиелік көмек беру жағы да ойластырылған. Сөйтіп бағдарламаға сәйкес таяудағы екі жылда 16-23 жас аралығындағы сүйеушісі жоқ жастардың үштен бір бөлігін тұрақты, қалғандарын уақытша тұрғын үймен қамту жүзеге асырылады. Осы орайда белгіленген іс-шараларға қойы­лып отырған биік талап, жоғары жауапкершілік оның тындырым­ды атқарылуына итермелейтіндігі анық екенін атап өте алмайсың. Жалпы, сарапшылар талдауы­на қарағанда, асыраушысынан ай­­рылған балалардың 80 пайызы былайша айтқанда тірі жетім топ­тағылар санатына жатады екен, яғни әке-шешелері болса да сондай күйге ұшырағандар. Балала­ры түгіл өздері күнін көруге жа­рамайтын ата-ана құқығынан айы­рылғандар қатары өспесе азай­мауы бұл мәселенің тағы бір қиын жағы. Бұл түйткіл ескерілмей жатқан жоқ.Үлкендердің ұр­пағына жауапкершілігін заңды­лық тұрғыда нығайту, мемлекетке масылдықтың алдын-алу, бала­лар­дың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау – осы ба­ғыттағы істің бір қыры. Қалай болғанда да туған ата-анасынан мейірім көрмей, жетім қалған сәбилер, интернат тәрбие­ленушілері, тағдыр тәлкегін тар­ту­шылар жасытылмайды. «Жү­деу көңіл жұбаныш іздейді» делінген емес пе. Аталған бағдар­ла­ма­ның ізгі мақсаты да осы. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеумет­тік қорғау саласының қызметі соған жұмылдырылған. Бір тәуі­рі, бұрынғыға қарағанда тағдыры қиын жеткіншектерді қалыпты тірлікке қосып, өмірде өз орын­дарын табуға мүмкіндік мол. Ендеше мемлекет тарапынан туғы­зылатын жақсы жағдай тұрмыс­тарына тіреу болары сөзсіз. АРДАГЕРЛЕРГЕ АЯЛЫ АЛАҚАН Облыста шынайы қамқорлық құшағына бөленушілер қатарын­дағы соғыс, еңбек ардагерлерінің ризашылығы ерекше. Бүгінгі бейбіт өмір мен шат-шадыман тұр­мыс іргетасын қалаушылардың мұң-мүдделері, талап-тілектері әр­дайым басты назарда. Былтыр 35-і жаңа пәтерлерге қоныстанса, 304-нің үйі жөнделіп берілді. Жергілікті бюджет және демеушілер арқылы оларға жалпы сомасы 146 миллион теңгеге біржолғы материалдық көмек жасалуы қа­дірменді қарттарға арналған аялы алақанның айғағы. 388 қартқа сауықтыру орындарында емделуіне мүмкіндік берілді.Комму­нал­дық төлемдерден босату бәрінің көңілінен шықты. Ардагерлерді жақында облыс әкімі Серік Ахметов тағы бір жы­лы хабармен қуантып тастады. Жұмыс істеуге кіріскен Соғыс ардагерлеріне медициналық көмек көрсету облыстық орталығының бұдан былай есігі ашық. Алдағы айда стационарлық емделушілерге медициналық кеңес беретін мекеме құрылмақ. Биылғы Жеңіс күні мерекесі әдеттегідей көбінің есінде қала­ды. Майдангерлермен бірге тыл еңбеккерлеріне 90 миллион тең­ге­ге материалдық көмек көрсеті­леді. Бұл әрқайсысына 50 мың теңгеден сыйақы беріледі деген сөз. Ескі, қолайсыз үйлерін жаңа пәтерлерге ауыстыратындар жыл­дағыдай аз болмайды. 200-і жаз айларында еліміздегі белгілі сау­ықтыру орындарында емделетіндігін қуаныш­пен қарсы алып отыр. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды.