• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2011

Зорлық

446 рет
көрсетілді

Зорлықтың болғанын немесе болмағанын жәбір­лен­ген­дер ғана нақты айта алатыны анық. Нақты жайды көрген де, бастан кешкен де солар. Сондықтан біз алдымен жәбір­лен­ген­дердің айғақтары мен құқық қорғау орган­да­рының әре­кетін, сосын жәбірлегендер мен олардың қорғау­шыларының  дәлелдерін алға тартып отырмыз. Құқық қорғау органдары сотталғандар Айтмұхаметов, Көшеков және Әлібаев 2009 жылғы тамыз айының 11-інен 12-іне қараған түні Сейілханова, Оразалинаны зорлап және Нұры­шеваны зорламаққа ұм­тылыс жасаған дейді. Бұл қыздардың арасында Рахымбаева да болыпты. Сотталған Айтмұхаметов сол түні осы Ра­хымбаеваның келісімімен екеуі жыныстық қатынасқа түс­кен. Бірақ, бүгінде не Сейілханова, не Рахымбаева немесе Оразалина өздерін аты аталған жігіттер зорлады деп айтпайды, керісінше зор­лаған жоқ дейді. Алайда, жоғарыдағы үш атпалдай азамат осы қыздарды зорлады деген Семей қалалық сотының үкі­мімен әрқайсысы бес жылды арқалап кете барды. Редакцияға келген Рахым­бае­ва, Сейілханова мен Оразалина: «Бізді зорлады деген жі­гіт­тер сөз байласып жүрген адамдарымыз еді,  олармен сол тү­ні өз еркімізбен бірге бол­­дық», деді. Бұл сөздерді үн­таспаға басып алдық. Онда көп мағына жатқаны анық. Үй­ленгелі жүрген жастар жи­налып бас қосып, көңіл кө­терген екен және ара­ла­рын­дағы жыныстық қатынас бірін-бірі ұнатқан адам­­дардың өзара келісімі бо­йынша орын алған екен, ендеше мұнда тұр­­ған не бар дейсіз ғой? Гәп сонда. Сейілханова да біз­дің сөзімізге ешкім құлақ аспай отыр дейді. Қыздар осы сөзді «жәбірлеушілерді» құқық қор­­­­­­ғау органдары ұстаған кезден бастап, шырылдап айтып келеді екен. Амал нешік, олар­дың айт­қаны қылмысты жа­сы­рып, үш жігітті босату әре­кеті секілденіп қала берген кө­рінеді. Сонда өздері ұнат­қан адамдарын қыз­дар неге бо­сатуға, қорғауға ат са­лыс­па­уы керек деп ойлайсыз? Егер өз­деріне қарсы қыл­мыс­тық әре­кет жасалған болса, қыздар оны неге жасыруы тиіс еді? Сөй­тіп, жәбірленген деп есеп­телгендердің бұл сөз­дері на­зар­ға алынбаған. Неге? Себебі, құқық қорғаушы­лар­­дың анықтағаны бойынша Айтмұхаметов, Көшеков және Әлібаев Нұрышеваны зорла­мақ­шы болғанда ол ебін та­уып сытылып кетіп, одан төр­тінші қабатта орналасқан пә­тердің қылтимасынан төменгі үшінші пәтердің қылти­ма­сы­на түскен. Түн ортасында мұн­­дай қауіпті қимылға кез кел­геннің батылы бара қой­май­ды десек те, Нұ­ры­шева ас­тыңғы қабаттағы пә­тердің балконы шынылан­ған болса да оған екі аяғын сал­быратып бір қолы­мен асы­лып тұрып, екінші қолымен терезе қағып үй иелерін оя­тып, жо­ғарғы қабатта үш жі­гіттің қыз­дарды зорлап жат­қанын, дереу полиция ша­қыру қажеттігін айт­қан. Нұ­рышева сол пәтер­дің теле­фо­нынан қо­ңырау ша­ла­ды. Со­сын поли­цияны кіреберіске шы­ғып, қар­сы алған. Кейін бұл қыз­дың ерлігін іске нақты бе­кіту мақсатында оның тас қараң­ғыдағы әре­кетін сы­нақ ретінде байқап көру үшін тә­жірибе жаса­ған­да ешкім қай­­­­талай ал­маған кө­рінеді. Себебі, өр­мек­ші бол­­маса, ол мүм­­кін емес дейді. Полиция жеткенде сағат таңғы 06 – 07. 00 шамасы бо­луы керек, ешкім есік аш­пай­ды. Олар Нұрышева өткен пәтер арқылы жоғарыға көте­рілуге үй иесінен рұқсат сұ­райды. Әрі қарайғы жағдай қас-қағым сәтте тура шытыр­ман оқиғадай өрбиді. Ішке енген полиция өкілдері бөлме­лерді шарлап жүріп, өздері аш­­­қышты тауып, сыртқы есік­­­­­ті ашады. Қалған полиция мү­ше­лері кіріп, оқиғаға қаты­су­шылардың бәрін ішкі істер бөліміне алып кетеді. Сонан... жәбір көрген қыздар өздерін аталған жігіттер зорлады деп арыз жазған. Қылмыстық іс қозғалады. Артынша олар, яғ­ни, қудалау органы жәбір­лен­гендер  деп тапқандар  еш жа­зығы жоқ азамат­тары­мызды құтқара көріңіздер деп жан- ұшыра қайта арыз жазады. Біз қысыммен жалған арызға қол қойыппыз деп шыр-пыр етіп араға түседі. Ал қудалау ор­ганының мәліметі бойынша аталған қыздарды, тіпті олар­дың біреуін үш жігіт топ­та­сып зорлаған. Сосын артын­ша әлгі үш қыз бірауыздан жігіттердің тарапынан ешқан­дай зорлық болған жоқ деп ақтап шыға кел­ген. Бұл қа­лай?! Тек расы­мен ештеңе бол­маған жағдай­да ғана адамдар осындай мәлімет беретіні анық. Ендеше, олар жігіттер біз­ді зорлады деген арызға қа­лай қол қойған? Бұған осы іске қорғаушы болып кіріскен Байғали Жұ­маділов: «Оқиға болар түні Нұ­­рышева зорлықтан қаш­қандай боп балкон арқылы шы­­ғып емес, тек жеке қыз­ға­ныш­тан ғана ұялы теле­фо­ны­нан полицияға қоңырау шал­ған. Ол қыздың балкон ар­қылы өте алмағанын дәлел­дедік. Содан таңғы сағат 06.00 де жігіттер мен қыз­дар­ды ұс­тап алып кеткен соң полиция қызметкерлері Сейілханова, Оразалина және Рахым­бае­валарды 13 тамыздың түн­гі 02.30-на дейін 20 сағат ұс­тайды. Осыншама уақыт бо­йы не су, не тамақ ішкіздірмеген. Қолдарын көтертіп  қа­быр­ғаға қаратып, тұрғызып қойған. Соған шыдай алмаған қыздар ақырында полиция қыз­мет­кер­лері дайындаған ар­ыз­ға қол қойып берген. Осы жайды қыздар сот тергеуінде про­ку­рордың және тер­геу­ші­лердің көзінше айтып бер­ді» дейді.           Сол сияқты сот­­­­­­­­талған Данияр Айт­мұ­ха­ме­товтің әкесі яғни екінші қор­ғаушы Дәу­летхан Кеңес­хан­ұлы: «Қыз­дар­дан ұс­талған ұлдарға қа­тысты арыз түспей, демек әлі қылмыстық іс қоз­ғалмай жа­тып және сот-дәрі­герлік, сот-биологиялық са­раптама­дан өткізуге, қан, сілекей үлгісін, жыныс қынап­та­рынан сүртінді алуға келісім беретіндіктері туралы өті­ніш алынбай тұрып, олар еріктерінен тыс сот-дәрігерлік са­рап­тамаға жіберілген» дейді. Бұл айтыл­ған­дар тексеріліп, расталар болса, онда Семей қа­ла­лық ОПБ-нің тергеу орны ҚІЖК-нің заң талабын бұзған бо­лып та­бы­лады. Олар­дың мұн­­дай әре­кетке күш қол­да­нып барған­дығын «жәбір­лен­ген» деп та­былған қыздар да, қор­ғау­шы­лар да баса айтады. Тіп­ті, ол тергеу әрекеттері про­ку­ра­ту­раға хабарланбай жүр­гізілген кө­рі­неді. Соны­мен қатар, сот­та­лушылардың айы­бында олар қылмысты мас күйінде жа­­саған деп көр­сетілген. Алай­да, мұндай қо­рытынды істе мүлде жоқ бо­лып шыққан. Оны Семей қа­лалық №2 соты да өз үкімінде растайды. Сол сияқты қыз­дарға сот-дә­рігер­лік сараптама тағайын­дал­ған­да олардан қан, жыныс қы­наптарынан сүртінді алу, жо­ғарыда айтыл­ғандай, СДС-ма орталығының зерт­ха­насына жүк­телген. Бі­рақ осы қыз­дар­дың ешбірінен де сүр­тінді алы­нып, сарапшы-био­логқа бе­­­рілмеген. Алайда, Сейілханова мен Оразалинаға жа­­сал­ған сот-биологиялық сараптама қорытындысы бар. Оның 6 парағында «Ора­зали­наның, Се­­йілханованың жы­ныс мү­ше­сі мен тік ішегінен алын­ған сүртіндіні сарапшы-био­лог зерт­теген дейді. Алайда, №30-07-ші, №164-ші сот-био­ло­гиялық сараптама ұйға­ры­мын­да бұл сүртінділерді тер­­геуші сарапшы-биологқа 08.10.09 жы­лы тапсырған деп көрсетсе, қалайша ол оны 13.08.09 жы­лы зерттеген?! Со­­ны­мен қа­тар, осы аталған ұйғарымда заттай айғақтарды көрсетуде Сейілханованың іш киімдерін №2 объект деп белгілеген. Содан онда ұрық қал­дығы бар ма деген сұраққа жауап ретінде іш киімге жүр­гі­зілген Серопян әдісі бо­йын­ша зерттеуде №2 объек­тіде ұрық­тар жоқ деп қоры­тынды берілген. Сөйтіп, Се­йіл­ха­но­ваны ешкім зорла­ма­ған­дығын, яғни жыныстық қа­тынас өз­ара келісіммен орын алған­ды­ғын өз­дері де көр­­се­тіп отыр. Осыны сотқа қанша айтсақ та біздің сө­зімізге құлақ аспады» – деп қор­ғау­шы Жұмаділов қайран қалады. Жоғарыда айтқа­ны­мыз­дай, алғашқыда полицияны ша­қырған Нұрышева деп өз­дері дәлелдесе де тергеу орны ке­йін неге екені белгісіз поли­цияны шақырған Нұрышева емес, Сейілханова деп көр­сеткен. Өйткені, тіпті ол сол пәтердің иесі ретінде са­нал­ған. Сонымен қатар, бұл дау­лы мәселені қараған алдыңғы сот «Жәбірленушілер Оразалина мен Сейілханова өз жа­уап­та­рынан бас тартып, Ора­зали­наның Әлібаев мені зор­лаған жоқ, ал Сейіл­хано­ва­ның тек Көшековпен ғана өз еркіммен жыныстық қа­ты­нас­та болдым деген жа­уап­та­рына сын көз­бен қарайды, өйткені сот мәжі­лі­сін­де жәбірленуші Ора­­залина өзінің отбасымен сот­талу­шы Айтмұхаметовтің әкесінің №14 үйінде пәтер жалдап тұ­ратыны анық­тал­ған. Сон­дық­тан Оразалина сот­талушы Айтмұхаметовтің әкесіне мү­ліктік тәуелділік жағ­дайында. Оразалинаның сот­талушы Әлі­­­­баевпен өз еркіммен жы­ныстық қатынаста болдым деген жауабы сот-дәрігерлік са­раптамалардың қо­ры­тын­ды­ла­рына қарама-қай­­шы келеді. Демек, сот жә­бірленушілер Оразалина мен Сейілханова­ның өз жауап­та­ры­нан бас тарт­қан әрекет­те­рін сот­та­лу­шыларды қылмыс­тық жауапкершіліктен босату мақ­са­тын­да беріп отыр», деп тапқан. Ра­сында, редакцияға арыз айта келген Оразалина мен Сейілханова сөз байлас­қан жігіттерін жазықсыз жазадан құт­қарып қалу үшін жан­та­ласып жүргенін және сот-са­рап­тама өткізілмегенін ай­та­ды. Ал қорғаушы Жұмаділов­тің Семей қалалық әділет бас­қармасынан сұратуына бай­ланысты одан келген жауапта аталған үйге ондай құқық тіркелмегендігі жазылыпты. Демек, бұл құжатқа сенсек, Семей қаласы Кірпіш зауыт кө­шесіндегі №14 үй сотталушы Айтмұхаметовтің әкесінің атын­­да емес. Сонымен қатар, бұл аз десеңіз, Жоғарғы Сот­тың қылмыстық істер жөнін­дегі қадағалаушы сот алқасы да өткен жылдың 7 қыр­кү­йек­тегі қаулысында істі әлгі бұ­рын қараған соттың бірқатар қателіктер жібергенін келтіреді. Мәселен, сот-биологиялық сараптаманы тағайындау жә­не айғақ заттарды тіркеу қау­лысы бойынша Оразалинадан қан-сілекей, тампон алы­нып, сот-биологиялық сарап­тама­сы­на жіберілмеген дейді. Демек, бұдан кейін қорғаушы Жұ­ма­діловтің сот-биоло­гия­лық сараптама жасалған жоқ деген дәлеліне құлақ аспау мүмкін бе? Сол сияқты Жоғарғы Сот­тың осы қаулысында «Оразалинадан сол иығының сы­рылуы түрінде дене жа­ра­қа­ты табылған, бұл жарақат әй­ел­­дердің құқығын бұзып, еркінен тыс жыныстық қа­ты­насқа түсіп жатқанда жаса­латын қыл­­мыстарға тән емес» дейді. Ал олай болса, зор­ланды деген қыздардың арасында жүр­ген және сол оқиға түні сотталушы Айт­мұ­­хаметов­пен өз еркімен жы­ныстық қа­ты­наста болған Рахымбаева өзі­нің көзінше полиция қыз­меткерлері жал­ған арызға қол қойдырту үшін Ораза­линаны үш сағат бойына тапжылтпай тұр­­­ғы­зып қойғанын, сөйтіп бір әйел полиция қыз­мет­ке­рінің айтуымен арыз жазуға мәж­бүр болғанын бекіткен. Мұ­ны Оразалина да сотта тер­­геушінің кө­зіне шұқып айтып берді, дейді қорғаушы Б.Жұ­маділов. Демек, Ора­за­ли­­наға жарақат салған кім? Оның жалған арызға амалсыз қол қойдым деуінің сыры неде? Бұған жауап ретінде Жо­ғарғы Соттың аталған алқасы істі бұрын қараған сот «Іс бойынша дәлелдемелердің ара­­­­­сында мұндай қарама-қай­шылықтардың бар екеніне қа­рамастан, жәбірленуші Ора­залинаның жауабын, сот-био­логиялық сараптама қоры­тын­дысын және басқа да дә­лелдерді мұқият тексермей Ора­залинаны сотталған Әлі­баев зорлады деген теріс қо­рытынды жасаған» деп бір эпи­зод бойынша істі қыс­қарт­ты. Осы қаулыда алдыңғы сот үкіміндегі Оразалинаның сот­талғандар оларды зорлама­ға­нын, керісінше полиция қыз­меткерлері оған күш қол­да­нып, қорқытып арызға қол қой­дырғанын, дене жара­қа­тын полиция қызметкерлері сал­ғанын, сот-биологиялық са­­­рап­тамаға қан мен сілекей тапсырмағанын көрсетіп, сот­талғандарды ақтауды, ал полиция қызметкерлеріне шара қолдануды сұраған өтініші келтіріледі. Алайда, осы дәлелдердің біріне де қарамастан және Сейілханова өзін ешкім зорла­маған­ды­ғын қанша айтса да сең қозғалар емес. «Бұл оқиға біздің ар-на­мысымыз­ды тап­та­ды. Тіпті, ешкім сен­бес күлкілі жағ­дайға душар етті. Сөз бай­ла­сып жүр­ген жас­тарды бір-бірін зор­­лады деп масқара айып тақ­ты. Мұндай да сора­қы­лық болады екен деп жағамызды ұстап отыр­мыз. Сотта куә Рахым­баева бізді ешкім зор­ла­ған жоқ деп көрсетті. Мұны Сейілханова да айтып отыр. Оған қоса осы қорғаушы Жұ­маділовпен бей­нетаспаға тү­сірілген сұхба­тында Сейіл­ханованың анасы қызын атал­ған үш жігіттің зорла­ма­ға­нын баса айтады. Керісінше сол оқиға орын алғаннан кейін қудалау ор­га­нының тара­пы­нан көр­ген қысымын жыр қы­лып жіпке тізіп берген. О баста үш қыз­ды, онан екі қыз­ды, енді бір қызды зор­лаған болып үш жігіт тар­қапасқа қамалып әлі отыр. Сөйтіп, үш бірдей азаматтың тағдырын бүлдіріп, қара күйе жаққан­дары жетпегендей олар менің балам Даниярдың басын жа­рып, мүгедек қылып тастады» – дейді қорғаушы Д.Ке­ңес­ханұлы. 2010 жылдың 16 қыр­кү­йек күні Дәулетхан Ке­ңес­хан­ұлы Әділет минис­тр­лігі­нің Семей қаласында орна­лас­қан ОВ 156/19 мекеме­сі­нің қызмет­кер­­лері өзінің сот­талған ұлы Даниярды ұрып тастағанын естиді. Ұлы­­­ның бірнеше мекеме қыз­­мет­кер­лерінен оңбай таяқ жегенін көріп арыз­да­на­ды. Тексеріс  ОВ156/19 мекеме қызмет­кер­ле­рінің теріс әрекетін әшке­релейді. Сөй­тіп, 2010 жыл­дың 10 ақпан күні қаржы по­лициясының Семей қаласы аймағы бойын­ша аға тергеушісі тергеуде жатқан Да­нияр Айтмұхаме­тов та­лапты ор­ын­­­­даған жоқ деген желеумен аталған мекеме қыз­мет­керлері ұрғанын дә­лелдеп, соған байланысты қылмыс­тық іс қозғау туралы қаулы шығарады. Осы қыл­мыстық істі қараған облыс проку­роры аға тергеуші қау­лысын күшінде қалдырады Сөйтіп, айып тағу оңай, ақтау қи­ынға айналды. Со­ны­мен, біздің құқықтық-де­мо­кратия­лық да­мыған елімізде заң үс­темдігі қашанда ба­сым тұра­тын­ды­ғына сенім зор. О баста құқық қорғау ор­ган­дары бірін-бірі зорла­ды деген жастар бірін-бірі ұнат­қан ға­шықтар екендігі расқа ай­налды. Шын махаб­батқа еш­­теңе де кедергі бола ал­май­ды. Бірнеше тағ­дырды тәрк еткісі келген адам­­дар оны түсіне алған жоқ. Қазір зорланды деген Сейілханова мен оны зорлады деп айып тағылып сотталып кеткен Көшеков екеуі неке сара­йы­на арыздарын өткізіп қойды. Оның көшір­месі қо­лы­мызда. Сонда шын мәнінде жазық­сыз зорлық көр­ген кімдер? Жәбірленген деп та­был­ған Оразалина және Сейілханова жоғарыда келтірілген жаңа деректерге бай­ланысты және өздерінің ай­тулары бо­йынша сотталған Д.­Айт­­мұ­ха­ме­тов­тен зорлық көр­ме­генін келтіреді. Сол сияқты жәбір­ле­нуші Нұры­шеваның ары­зын­да да Айт­мұхаметов атал­майды және өткен жылғы 16-ақпан күні Семей қа­ла­лық №2 сотында болған сот тал­қылауында жә­бір­ленуші Нұ­ры­шеваға сот­талған Д.­Айт­­мұхаметов беттестіріліп, ол жәбірленушіге «Мен саған ти­істім бе?» деп сұрақ қой­ғанда Нұрышева: «Жоқ, сен маған тиіскен жоқ­сың» деп жауап қайтарған. Бұл сот тал­қылауындағы беттестіру хат­­тамасында жазы­лып тұр. Сонда сот неліктен сот­тады, деп сұрайды қор­ғау­шы Д.Ке­ңес­ханұлы. Бұл сұ­раққа енді кім қалай, оңды жауап беретінін әзірге ешкім білмейді. Өйт­кені, жәбірлен­ген­дердің олар­ға жәбір көр­сеткендерге тү­гел­дей тиісті шара қол­да­ныларына да кү­мәні бар. Александр ТАСБОЛАТОВ.