• RUB:
    5.61
  • USD:
    479.4
  • EUR:
    522.93
Басты сайтқа өту
30 Наурыз, 2011

«Евро-5»: Болашаққа бағдар

457 рет
көрсетілді

Қазақстанда «Евро-5» класындағы мұнай өнімдері мен жағармай алуға жағдай жасайтын мұнай өңдеудің қазіргі заманғы технологиялары туралы мәселе қызу талқылануда. Үш мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың кең ауқымды бағдарламасын жүзеге асыруға дайындықтар жүруде. Төменде Гданьск мұнай өңдеу зауытының жетекші технологы және «Шеврон Нефтегаз Инк.»  компаниясының аға консультанты Войцех СВИНАРСКИ саланың болашағына қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салады. – Войцех, 1999-2000 жыл­дары сіз Польшадағы Гданьск мұнай өңдеу зауытында екі са­ты­дағы қазіргі заманғы гидрокрекинг тех­нологиясын енгізумен айна­лыс­тыңыз. Қазір­гі за­ман­ғы жоғары класты сапа­дағы мұ­най өнімдерін шығаруда ол не­ғұрлым экологиялық және тиімді болып есептеледі. Дәл осы­н­дай қон­дыр­ғы­лар бүгінде Ресейде және Шы­ғыс Азия мен Таяу Шы­­ғыстың көп­те­­ген елдерінде бел­сенді орна­ты­лу­да. Дәл осы тех­ноло­гия­ға сонша­лық на­­зар аудару­дың се­б­ебі неде, оның артық­шы­лы­ғы қандай? – Иә, мұнай өң­деудегі екі сатылы гидрокрекинг қа­зір­­де Еуропада да, Ресейде де және Азия­ның көптеген елдерінде де игерілуде. Оның себебі біреу – гидрокрекинг өзге тәсілдерге қарағанда бір тонна мұнайдан сұранысқа ие әлдеқайда көп мұнай өнімдерін өндіруге жағдай жасай­ды. Бірінші кезекте ол – дизель оты­ны мен өте жоғары сапалы авиациялық реактивті отын. Атап айтқанда, құра­мы­н­да күкірті мейлінше төмен, цетан саны  бойынша сипаттамасы өте жоғары, сол сияқ­ты минус 40 және одан да төменге төзетіндей қату температурасының өлшемдері сенімді дизель отыны алынады. Гидрокрекингтің екінші ма­ңы­з­ды артықшылығы ол өнді­ріс­те икем­ділікті қамтамасыз етеді. Ай­талық, Еуропа мен Азия елдерінің МӨЗ-деріндегі гидрокрекинг қон­дыр­ғылары қазір негізінен дизель және реактивті отын өндіруге ар­налған,  ал АҚШ-та негізінен бензин өнді­рі­ле­ді. Осылайша, сіздің қон­дыр­ғыны қазіргі сәтте рынокта не­ғұр­лым сұранысқа ие өнімдерді алуға бейімдеуіңізге болады. Ай­талық, бүгін сізге бензин кө­бі­рек керек, ал бірнеше жылдан соң дизель отыны көбірек қажет болады. Осындай кезде гидрокрекинг оны қамтамасыз етеді. Өзге техноло­гия­ларда мұндай ауыспалылық жоқ. Осы орайда гидрокрекинг тәсі­лінің үшінші артықшылығын еске сала кеткен жөн. Ол синте­ти­калық деп аталатын неғұрлым жоғары клас­ты майлар – ІІ және ІІІ топ­та­ғы майлау материал­да­рын өндіру үшін базалық жағар­май­лар өнді­рі­сін қамтамасыз ете­ді. Эко­ло­­гия­лық тұр­ғыдан алғанда гидрокрекинг қон­дырғылары ауаға зиянды қалдық­тар­ды шығар­май­ды десе де болады. Ал катализдік крекингте ахуал нашарлау: бұл үдерісте катализаторда шикізат құрамын­да­ғы кокс пен кү­кірттің едәуір көлемі тұнып қа­лады. Регенерация кезінде ол жанады да, түтін ауаға тарайды. Оларға ар­на­йы сүз­гілер орнату қымбатқа тү­се­тін үде­­ріс болып табылады. Тіпті, қан­дай қуатты электр сүзгілер орнатқан күннің өзінде де катализдік крекингте катализатордан шық­қан қал­д­ықтар да атмосфераға та­райды. Сондықтан бүгінде қор­ша­ған ор­та­ны ластау мә­се­л­есіне жауап­­ты көз­қа­рас танытатын елдердің бәрі МӨЗ-ге қажетті катализдік крекинг үшін шикізатты қо­сым­ша гидрокрекингтік тазарту жо­лымен дайындайды. – Яғни, екі тәсілді біріктіру жүзеге асырылатын болғаны ғой? – Экология белгілі бір құр­ба­н­дықтарды қажет ететіндіктен белгілі дәрежеде солай болып шығады. Тех­но­логиялық тұрғыда оның өзі қо­сым­ша жұмыстар болып табы­ла­ды. Катализдік крекинг қондыр­ғысы бар және ол жұмыс істеп тұр­ған жерлерде оған қосымша гидрокрекинг қон­дыр­ғысы орнатылады. Соңғысы ши­кі­затты тазарту үшін де, сол сияқ­ты дизель отыны мен авиациялық керосинді белгілі бір дәрежеде өндіру үшін де пайда­ла­ны­лады. Тіпті, осын­дай өндірістік схеманың өзінде катализдік крекинг үдерісі арқылы алын­ған бензин экологиялық талап­тарға сәйкес қо­сымша тазартуды қажет етеді. – Шикізаттың бастапқы сапа­сы туралы айтып өттіңіз. Қазақ­станның мұнай өңдеу өнеркәсібі үшін дәл осы проблема көкей­кес­тілерінің бірі болып табылады. КСРО кезінен бері респуб­лик­а­дағы әрбір МӨЗ мұнайдың белгілі бір түріне орайластырылып жа­салған. Мәселен, Павлодар зауы­ты Батыс Сібір мұнайына лайық­та­лып жобаланған. Қазіргі оғаштық сол, Қазақстан мұнай-газ шикіза­тын ірі экспорттаушы бола оты­рып, аталған кәсіпорын­да өңдеу үшін ресейлік мұнайды импорт­тау­ға мәжбүр. Шымкент пен Аты­рау­дағы зауыттар да  дәл осындай мұ­най параметрлері тұрақты емес жағ­дайымен ұшы­ра­суда, оның өзі қажетті мөл­шер­де өніммен қамта­масыз етуге мүм­кіндік бермейді. Гидро­крекинг саладағы осы про­б­ле­маны шеше ала ма? – Сөз жоқ. Аталған тәсілдің ең негізгі технологиялық артық­шы­лы­ғының бірі де сол, гидрокрекинг өндірілетін өнімдердің түрлері бо­йын­ша да, сол сияқты шикізаттың  сапасы бойынша да өте икемді процесс. Іс жүзінде әлемде өндірілетін мұнай түрлерінің бәрін де гидрокрекинг кө­мегімен «Евро-5» класын­да­ғы мұ­най өнімдері етіп қайта өң­деу­ге болады. Оның сыртында бұл  тә­сіл іс жүзінде кез келген шикі­зат­ты – мұнайды да, сол сияқты бастапқы өңдеу үдерісінде алынатын битум және мазут сияқты мұнайдың түрлі қалдықтарын да пайдалануға жағ­дай жасайды. Бұл тұрғыда біздің еліміздің сібірлік немесе өзге де мұ­най импортына тәуелді болуы шы­ны­м­ен де көзге қисынсыз көрінеді. Бұл – экономиканың энер­гетикалық қауіпсіздігі мәселесі. Менің пайымдауымша, Қазақ­стан мұнай өндіруші ел ретінде тек өз шикізатына ғана бағдар ұстануы тиіс. Әрине, бұл жерде мәселе біздің еліміздің алға қандай міндеттер қойып отырғанында. Қазіргі заман­ғы технологияны енгізуге де бола­ды, сондай-ақ саланы бұрынғы Ке­ңес Одағынан кейінгі жағдайда қал­дыруға да болады. Сол сияқты мұ­най өнім­дері­нің тиісті сапасын, шикізат таң­даудағы икемділікті  қамта­ма­сыз ете алмайтын ескірген техно­ло­гияларды да пайдалануға болады. Мәселе – қоршаған ортаға, автомобиль паркінің сапасына, мотор­лар­дың  ресурсына деген көзқараста. Егер сіз, айталық, төмен сапалы, құ­рамында күкірті көп дизель отынын пайдаланар болсаңыз, қозғалтқыш­тың тозуы жеделдеп, ол ұзақ қызмет ете алмайтын болады. – Сіз жұмыс істейтін «Шеврон» корпорациясы да, кезінде бүгінгі күні Қазақстанның ал­дын­да тұр­ғандай, МӨЗ-дерді модернизациялау сатысынан өтті. Модернизация дегеніміз – ол ау­қымды инвести­циялар. Бірақ ша­руашылық жүр­гізу­ші әр­қашан үнемдеуге құмар тұ­рады. Сіздің пікіріңізше, сапалы отын алу үшін Қазақстанда  зауыт­тар­ды гид­рокрекинг сияқты жаңа технологиялармен жарақ­тан­ды­ра отырып, түбірінен қайта құру қа­жет пе? Әлде, кейбір сала маман­дары айтатындай, үнемдеп, жа­рым-жартылай шарамен-ақ құты­лу­ға бола ма? – Техникалық жақтарына терең­де­мей-ақ, бұл жағдайда негізгі жәйт­тер­дің жақсы мәлім екенін атап өтпекпін. Ескі техникалық базада қазіргі за­манғы мұнай өнім­дері мен майларды жасау тәсілі жоқ. Сонымен бірге сіз ендіретін жаңа қондырғы мен тех­но­ло­­гия­ның талай ондаған жылдар бо­йына қызмет ететінін де түсіну қажет. Сондықтан бұл орайдағы үнем ақыл­­ға сыйымды емес. Егер АҚШ бірнеше онжыл­дық­тар бойы қолданып келе жат­қан және бүгінде Еуропаның, Азия мен ТМД-нің елдері енгізіп жат­қан екі са­ты­­лы гидрокрекинг технология­сы туралы айтар бол­сақ, амери­ка­лық «Шев­рон» корпо­ра­ция­сы­ның осы­дан 60 жылдай уа­қыт бұрын осы үде­рісті ойлап та­бу­шы болға­нын ес­ке түсіру қажет. Бұл корпора­ция­ның тәжірибесі өте құн­ды. «Шев­рон» жа­ғармайлар өндірі­сін­дегі ескі тә­сіл­ден толық бас тарт­қан алғашқы ком­пания. Көп жыл­дар бойы ескі қон­дыр­ғы­ларда жұ­мыс істегендер үшін мұндай шешімге бару оңай болған жоқ. Бірақ ол ры­нок­тың бо­лашақ сұраныс­тары негізінде қабы­л­дан­ды. Қазіргі буын­ның техникасы тек жоғары сапалы жағармай мате­риал­дарына есептелген. «Шевронда» ол ескеріледі, сон­дықтан онда ұзақ мерзімді эко­но­микалық мүдделер бас­шы­лық­қа алынады. Қа­зір Қазақстан да соған ұқ­сас таң­дау­дың алдында тұр. МӨЗ-дерді модернизациялау бары­сын­да озық шешімдерді пайдалана оты­рып, сіздер «Евро-5» стан­дартын­дағы жоға­ры класты мұнай өнім­дерін, ІІ-ІІІ топтағы базалық май­ларды жеткізіп беруші бола­сыз­дар. Ол қазақстан­дық зауыттарға ішкі ры­нок­ты қам­та­масыз етіп қана қой­май, сонымен бірге сұраныс барлық жерде де өсіп келе жатқан аталған өнімді экспорттауға жағ­дай туғызады. – Стратегиялық тұрғыда Қа­зақ­стан да сол бағытта алға басуда. Бүгінде ел өнеркәсібінде үде­мелі модернизация жүруде, өн­дірісшілерді қосылған құны жо­ғары өнім алуға бағдар­лай­тын арнайы бағдарлама жүзеге асы­ры­лу­да. Осындайда І топ­тағы төмен класты майлар мен ІІ-ІІІ топтағы майларды өндіру­дің өзіндік құ­ны­ның айы­р­ма­шы­лығының қандай екенін білу қызғылықты. – Бәлкім, сіз таңқалатын болар­сыз, дегенмен, жоғары класты майлар өндірісі айтарлықтай арзан. Оны өндірісшілер әлдеқашан тексеріп, дәлелдеген. І топтағы май­лар­ды өн­діру­де  фурфуроль, парафинсіздендіру және жеңіл гидротазарту сияқты еріткіш тәсілдер қол­данылады. Егер осы үдерістер құ­нын қазіргі заманғы гидрогенизациялау тәсілімен салыс­ты­рар бол­сақ, соңғы жағдайда ин­вес­ти­ция­лық шығындар 20-25 па­йызға тө­мен. Оның сыртында қазіргі заман­ғы тәсілдерді пайдаланғанда экс­плуа­тациялық шығындар да шамамен 30-35 пайызға төмен. Бұл орай­да тонна мұнайдан гидрокрекинг арқылы соңғы өнім алу да әлденеше есе жоғары. Жағармайға келсек, ескі еріткіш технологиямен жұмыс істей отырып, сіз майға қо­са ештеңеге де жарамайтын экс­тракт аласыз. Сол сияқты өзге де қосалқы өнімдер алуға тура келеді. Әрине, оларды өңдеуге болады, бірақ қалай өңдеу керектігін екінің бірі біле бермейді. Гидрокрекингте мұндай проблемалар мүлде жоқ. Тонна мұнай­дан сіз жоғары сапалы өнімдер – дизель отынын, авиакеросин, бензин және ІІ-ІІІ топтағы майлар аласыз. Жоғарыда атап өткендей, эко­номикалық мағынада гидрокрекинг қондырғысының екі, он, тіпті жиыр­ма жылға да есептеліп са­лын­бай­ты­нын басшылыққа алу қа­жет. Әлемде кейбір бұл сияқты қон­дырғылар 50 және одан да көп уақыттар пай­да­ланылып келеді. Сондықтан бүгінде болашаққа көз тігіп, мұнай өнімдері рыногының 20-30 жылдан кейін қалай бола­ты­нын басшылыққа ала білу керек. – Қай өңірлер мен елдерде екі сатылы гидрокрекинг тех­но­логиясы неғұрлым кең та­раған? – «Шеврон» Солтүстік Америка рыногынан Азия мен Еуропаға қарай қозғалған 1990 жылдан бастап аталған технология әлемде жедел тарала бастады. Бүгінде Азия мен Шығыс Еуропа елдері мұнай өңдеу зауыттарын жаңа гидрокрекинг қондырғыларымен жа­ра­қтан­дыруда. Тек Ресейде ғана қазіргі кезде осы технология бойынша бес гидрокрекинг қондырғысы салыну­да. Рынокта жоғары класты жағар­майларға деген қызығушылық арта түскендіктен, мұндай қондырғы­лар­ға деген жаңа тапсырыстар да көбеюде. – Сөз жоқ, моторларды қыста пайдалану проблемасы болмаса, Қазақстанда да көпшілік дизель отынына  көшер еді. – Бұл жерде мәселе өте қара­пайым – ол қату температурасы. Сіз­дің өңірде бүгінде өндірілетін өнім шынымен де ауа темпера­ту­расы 18-20 градустан төмен болған жағдайда елеулі проблемалар туын­датады. Бі­рақ гидрокрекинг жағ­дайын­да қыс­қы сүзгі блокада­сы­ның темпера­ту­ра­сын қажетіңе қа­рай оп-оңай реттеп отыруға бола­ды. Дизель гидрокрекингіне арнал­ған қондыр­ғы қыста бір нұсқаға, жазда екінші нұсқаға бейімделіп, реттеледі. Бү­гін­де гидрокрекинг жүйесінің дизель отынының қату тем­пе­ра­турасын 40 гра­дус қылу қиын мәселе емес. Ол өндірістің ескі техноло­гия­ларын қолданатын пост­кеңес­тік елдердің автомобильшілері үшін қиын түйін болып оты?. Ал егер минус 45 градус сияқ­ты экст­ре­малды температураға кел­сек, онда дизель отынының кри­с­талдану тем­пера­­тура­сын төмен­дету үшін арнайы құ­ралдарды пай­далануға болады. – Технологиялар шынымен де алға озып кеткен, олқылық­тар­дың орнын толтыруға тура келетін сияқты... – Қазіргі заманғы мұнай өң­­­деу технологияларында жыл сайын дерлік көптеген жаңа­лық­тар пайда болуда. Бүкіл әлем бо­йынша онда­ған қызғылықты ноу-хаулар өмірге енгізілуде. Олар ешқандай құпия емес, салалық конференцияларда олар ту­ра­лы егжей-тегжейлі баяндалуда. Осы сәуір айының басын­да Мәс­кеу­де жағармайлар бойынша халықара­лық семинар өтеді. Бірақ осы семи­нарға Қазақ­станнан тіркелген бір маманды біз әзірге көрген жоқпыз. Сірә, қызы­ғушылық жоқ сияқты. Неге олай? Елде үдемелі индустрия­ландыру ісі жүріп жатқан жоқ па. Ал мұнай өңдеу – ол стратегиялық сала. Әңгімелескен Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ.