Өткен жылы еліміздегі өнер адамдарының өміріне мән, шығармашылығына шабыт сыйлайтын жаңа сыйлық, жаңа салтанат дүниеге келіп еді. Халықаралық театр күніне орай, Алматыда Театр қайраткерлері одағының «Еңлікгүл» сыйлығы кезекті иелерін тапты.
Биыл да «Еңлікгүл» сыйлығын тапсыру салтанаты Қазақ мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында өтті. Алдағы жылдары аталмыш мереке өзге театрларға ауысып, жалғасын табады деген игі үміт бар.
Өткен жылы Театр қайраткерлері одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов «Еңлікгүл» «Оскар» сынды дүрілдемесе де, уақыт өте келе атаулы сыйлықтардың саны да, салмағы да өсетініне сендірген еді. Жаманқұлов сөзінде тұрды. Биыл атаулы сыйлықтардың саны да, сомасы да өскен екен.
– Бұл күн еліміздің театрларында қызмет ететін 3480-нен астам қызметкерлер үшін үлкен мереке. Сондықтан, біз бұл шараны 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орайластырып отырмыз. Біздің ендігі мақсатымыз, бұл шараны халықаралық деңгейге көтеру, – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Сонымен бұл сыйлық сахна өнерінде қол жеткізген кәсіби табыстары үшін беріледі. Халыққа мәдени-рухани қызмет етіп жүрген барлық театрлардағы сахнагерлер арасынан ең үздіктерін таңдап және марапаттау «Еңлікгүл» сыйлығының басты мақсаты. Бұл бастамаға мұрындық болып отырған Театр қайраткерлері одағы осынау марапат арқылы өнерпаздар арасындағы бәсекелестікті арттырып, театр өнерінің дамуына ықпал етуді көздеп жатқан жайы бар.
Өткен, 2010 жылы «Еңлікгүл» сыйлығы 4 аталым бойынша берілсе, биыл сыйлық 7 аталым бойынша берілді.
Қазылар алқасының ортақ шешімі бойынша биыл «Жыл актері» атағына М.Лермонтов атындағы академиялық орыс драма театрының әртісі Виталий Багрянцев ие болды. Ал 30 жыл Жамбыл облыстық драма театры сахнасында өнер көрсетіп жүрген Гүлшат Қыпшақова «Жыл актрисасы» атанса, дәл осы театрдың режиссері Қуандық Қасымов «Жыл режиссері» атағына ие болды. «Жылдың опералық, балеттік партиясы» аталымы бойынша Абай атындағы опера және балет театрының солисі Болат Есімханов марапатталса, «Жыл театр суретшісі» атағын Ақтөбе облыстық «Алақай» театрының бас суретшісі Әсия Құрманалина қанжығасына байлады. «Театр өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін» сыйлығы Қарағанды музыкалық комедия театрында 50 жылдан астам уақыт қызмет жасап жүрген актер Владимир Суховқа берілді. Биыл тұңғыш рет тағайындалған «Қуыршақ театрының жыл өнерпазы» сыйлығы Маңғыстау облыстық қуыршақ театрының актері Ержан Бегашевқа бұйырды.
Басты сыйлықтардан бөлек, «Жылдың озық театртанушылық мақаласы» – М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Зухра Исламбаеваға, «Жылдың озық театр менеджері» – Оңтүстік Қазақстан облыстық орыс драма театрының менеджері Марина Белоусоваға, «Жылдың озық музыкалық көркемдеушісі» – Астана қалалық Қ.Қуанышбаев атындағы музыкалық драма театрының музыкалық көркемдеушісі Амантай Жұмашевқа, «Жылдың озық жарық берушісі» – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрының жарық суретшісі Надежда Ливинаға бұйырды. Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының арнаулы сыйлығы М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актері Асылбек Боранбаевқа берілді.
«Еңлікгүл» сыйлығының барлық иегерлері, тіпті облыстық театрлардан ұсынылған үміткерлер де арнайы дипломдармен, сонымен қатар шараның бас демеушісі «ҚазМұнайГаз» компаниясының ақшалай және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Әзіл-қалжыңмен өрілген кеште «Салтанат» би ансамблі, «Інжу-маржан» вокалдық тобы, «Ақсарай» музыкалық театры өнер көрсетті.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.
______________
Суреттерді түсірген Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ.